Үкімет нарықтағы "жалған" органикалық өнімдермен күресуге кіріспек

1299

Гидропоникалық тәсілмен жылыжайларда, фермаларда немесе үйде, қышқұмыра-горшокта өсірілген көкөністер мен өзге өсімдіктерді "органикалық өнім" деп атауға тыйым салынуы мүмкін.

Үкімет нарықтағы "жалған" органикалық өнімдермен күресуге кіріспек Фото: canva.com

Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстанда да органикалық өнімдерді тұтыну сәнге айналды. Оларды сататын арнайы дүкендерге немесе гипермаркеттердегі арнайы бөлімдерге "дұрыс тамақтану" өмір салтын ұстанатын қазақстандықтар бас сұғады.

Сарапшылардың айтуынша, отандық бұл нарық әлі де болса шағын, сондықтан елде өндірілген органикалық өнімдердің 90%-ы жаһандық нарықтарға өткізіледі.

"Атамекен" палатасының Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Бауыржан Ахметаевтың мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан 35 миллион доллардың органикалық өнімін шетелге шығарды. Отандық өндірушілер әлемдік нарыққа негізінен органикалық бидайды, зығыр тұқымын, сояны экспорттайды. Қазақстан органикалық өнім экспорты жөнінен FiBL және IFOAM рейтингтерінде 123 елдің ішінде 9-орынға, органикалық бидай экспорттаушы елдер арасында тіпті 4-орынға көтерілді. Ал органикалық майлы зығыр тұқымы экспорты жөнінен 6-орында тұрақтады. Өнімдер негізінен Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады.

Сонымен бірге мемлекет Organic брендімен сатылатын тамақ өнімдеріне қатысты талапты күшейтуде. "Органикалық өнім өндіру мен оның айналымы туралы" басты заң жобасы және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне органикалық өнім өндіру мен оның айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы"  ілеспе заң жобасы ел Парламентінің қарауында жатыр.

"Онда органикалық өнімдер өндірушілеріне қойылатын талаптар кеңейтілді. Оған сәйкес, бұл өндірушілерге ГМО (генетикалық модификацияланған объектілерді), синтетикалық сипаттағы заттарды, химиялық пестицидтерді, гормондарды, антибиотиктерді және тамақ қоспаларын қолдануға тыйым салынады. Бұдан бөлек, органикалық өнімдер үшін топырақты пайдаланусыз көкөніс пен басқасын өсіру тәсілдерін қолдануға да жол берілмейді", – деді Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров.

Депутаттар енгізген осы соңғы тыйымға бола, заң жобасы жыл басынан бері Мәжілісте сүріленіп жатып қалды. Себебі, Үкімет оған келісімін алып, түсіндіру үшін өндірушілермен, бизнес қауымдастықпен, сарапшылармен кеңесуді жалғастырды.

Егер жаңа заң қабылданса, онда "Органикалық өнім өндіру шарттарына" жаңасы қосылады: "Органикалық өнім өндіру кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс: 13) топырақты пайдаланбай өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру әдістерін қолдануды болғызбау".

Бұл талапты қоғамдық талқылау биылғы 20 қарашаға дейін жүреді.

Өйткені ол гидропоника әдісімен отбасылық жылыжайларда өсімдік өсіріп, күнін көріп жүрген азаматтарды табыссыз қалдыруы мүмкін.

"Қазіргі кезде гидропоника әдісі аса танымал. Тіпті қарапайым адамдар да үй жағдайында көкөністерді, өсімдіктерді арнайы қышқұмыра-горшокта – гидропотта өсіруге ден қойды. Оны мамандандырылған дүкендерден сатып алуға болады. Гидропоникада топырақ орнына оның жасанды алмастырғышы – минералды тұздар қоспасымен мезгіл-мезгіл ылғалдандырылатын құм, қиыршық тастар және басқалары пайдаланылады. Ал астындағы тамыры суда қалқып тұрады. Бұл әдіс өте қарапайым әрі гигиеналық таза", – деді мамандығы бойынша агроном, кәсіпкер Галина Тихонова.

Гидропондық тәсілдің артықшылықтары көп көрінеді: біріншіден, соның арқасында көкөністі, жемісті өсімдіктердің өнімділігі бірнеше есе артады. Өсімдіктер топыраққа қарағанда тез өседі.

Екіншіден, өсімдіктерді күтіп баптау жеңілірек, әрі қолайды. Жиі суарудың қажеті жоқ, тек ара-тұра, кейде тіпті айына бір рет қоректендіруші қоспаны ауыстыру керек.

Үшіншіден, топырақтың құрғап қалуы, оттегінің жетіспеуі, топырақта тіршілік ететін зиянкестердің қаптап кетуі, топырақтан жұғуы мүмкін түрлі өсімдік дерттері сияқты проблемалар болмайды.

Енді осылай өсіріліп келген экологиялық таза, органикалық өнімдерді "органикалық өнім" деп атауға Парламент депутаттары тыйым салмақ.

Бұл жаңа заңнамалық талаптың мәнін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы өнімдерін сертификаттау басқармасының бас сарапшысы Айнұр Нұрлан түсіндірді.

"Органикалық тамақ өнімдерін өндіру, өңдеу, таңбалау және өткізу жөніндегі нұсқаулықтарының Codex Alimentarius халықаралық стандартының нормаларына сәйкес, органикалық егіншілік жүйесі – топырақтың биологиялық белсенділігін арттыру, топырақтың ұзақ мерзімді құнарлылығын жоғарылату үшін әзірленген. Сондай-ақ IFOAM, яғни "Органикалық ауыл шаруашылығы қозғалысы халықаралық федерациясының" нормативтік талаптарында көрсетілген органикалық ауыл шаруашылығы қағидаттары бойынша органикалық өсімдік шаруашылығы топырақтың күйін сақтауға және жақсартуға тиіс. Ал гидропоникалық өндіріс егінді топырақсыз өсіру әдісіне негізделген, тиісінше ол органикалық стандарттарға сәйкес келе алмайды. Сонымен бірге органикалық стандарттар бойынша тамырлары даладағы тірі топыраққа тимейтіндіктен, өсімдіктерді контейнерлерде, қаптарда немесе клумбаларда өсіруге жол берілмейді", – деді сарапшы.  

Ендеше заң қабылданса, осы тәсілдермен өсірілген көкөністер мен жемістер және басқа өнімдер "органикалық" деп есептелмейтін болады. Оларға сәйкестік сертификаты да берілмейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл талаптың даулы екенін жасырмады.   

"Органикалық ауыл шаруашылығын реттеу әлемде 74 елде енгізілген. Барлық дерлік елдер ұқсас нормаларды қолданады. Олардан тек АҚШ ерекшеленеді. Америкалық стандарт органикалық егіншілік деп, гидропоникалық өндірісті де таниды. Бірақ бұл үнемі тұрақты пікірталас пен соттағы дауласуларға тамыздық болып тұрады", – деп түсіндірді ведомство.

Мысалы, 2020 жылы америкалық Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі орталық (CFS) фермерлермен бірлесіп, гидропониканы "органикалық егіншілік" деп таныған АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігін сотқа берді. Олар органикалық гидропондық өндірісті сертификаттауды тоқтатуға қол жеткізбек болды. Олардың басты дәйектемесі біреу ғана. Гидропондық операциялар саламатты, құнарлы топырақты жасауға қатыспайды, себебі, топырақты қажет етпейді.

Тыйымға бейім қазақстандық депутаттар да осы лоббистік дәйектемені көшіріп алса керек. Экологтар бүгінде адамзаттың, өндірістердің ластауы, антропогендік факторлар кесірінен ғаламшарымызда топырақ жаппай уланып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Олай болса, егер өндірушілер топырақсыз, экологиялық таза өнім өндіруге үйренсе, оны неге қолдамасқа?

Батыстағыдай, мегакәсіпорындар болмағанымен, Қазақстанда да жылыжайларда гидропондық егіншілік өркен жайып келеді. Егер оларға өз өнімін "экологиялық таза", "дұрыс тамақтануға арналған өнім" дегенді білдіретін Organic брендімен қымбатырақ сатуға тыйым салынса, онда бұл егін түрі тоқырауы мүмкін. Өйткені оның даладағы көкөніс дүңгіршектері мен базарларда жаппай сатылатын бұқаралық ауыл шаруашылығы өнімдерімен тең бәсекелесе алуы неғайбыл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу