Үкімет неге Президент резервіне триллионға жуық теңге бөлмек?

3652

Билік президенттік бастамалар резервін бірден 2,5 есеге күрт ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Үкімет неге Президент резервіне триллионға жуық теңге бөлмек?

Қазақстанда Парламент жыл сайын республикалық бюджетті бекітеді. Ол газеттерде және интернетте ресми жарияланады. Сондықтан сарапшылар, қоғам өкілдері, қалаған адам нақты қандай салаға, бағдарламаға, жобаға нақты қанша ақша бөлінгенін біле алады.

Алайда бюджеттің "көлеңкелі" бөлігі де бар. Ол "Үкiметтiң резервi" деп аталады. Онда жыл сайын жүздеген миллиард теңге "броньдалады". Бірақ ол ақшаның қайда жұмсалатынын Үкімет таратып айтпайды, жай-жапсары, бүге-шігесі тіпті депутаттарға да белгісіз. Мысалы, Мамин Үкiметiнiң 2021 жылға арналған резервi 231,7 миллиард теңге сомасында бекiтiлді. Бұған қоса, әр облыс әкімдігінің өз резерві бар.

Сондай-ақ алдағы жылы Президент резерві де пайда болмақ.

Президент резервінде қанша ақша қордаланады?

Ұлттық экономика министрлігі "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша" түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын жазып шықты.

Әсет Ерғалиев командасы әзірлеген бұл құжаттың басты бір жаңалығы – резервтегі ақшаны еселеп көбейту. 

"Жоба бюджеттің тұрақтылығын арттыруды көздейді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда жеделдікті қамтамасыз ету және күтпеген жерден туындаған міндеттерді шешу үшін Президент резервінің мөлшерін республикалық бюджет шығыстарының жоспарланған көлемінің 2%-нан 5%-на дейін ұлғайту ұсынылады. Осы тәсілдерді іске асыру үшін Бюджет кодексінің 70-1-бабына өзгерістер енгізу талап етіледі", – деп түсініктеме берді Экономика министрлігі жоба тұжырымдамасында.

Нақтылай кетсек, келесі 2022 жылғы республикалық бюджет шығыстарының көлемі – 15 трлн 645,4 млрд теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның 5 пайызы – 782 млрд 271 млн теңге болады.

Пандемиялы 2020 жылы Бюджет кодексінде "ҚР Президентінің бастамаларына арналған резерв" атты 70-1 жаңа бабы пайда болды. Тиісті түзетуді енгізу барысында Үкімет мүшелері бұл жаңа резерв "Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларын және жедел шығыстарды қажет ететін басқа да бастамаларын қаржыландыру үшін қажет" екенін, осы мақсатта республикалық бюджет құрамында жеке резерв пайда болатынын түсіндірді. Оның көлемі жыл сайынғы бюджеттің 2%-ы көлемінде бекітілді.

Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, жыл сайын жолдау жариялана салысымен, Үкіметке жаңа шығын сомаларын талап ететін жаңа міндеттер мен тапсырмалар жүктеледі. Оларды қаржыландырудың жаңа көздерін, резервтерді табуға, бұрын бөлінген қаражаттарды қайта бөліске салуға тура келіп жатады. Салдарынан, басталып қойған кейбір бағдарлама мен жобаларды тоқтата мәжбүр болады екен. Ал Президент резерві бұл проблеманы шешуге мүмкіндік бермек.

Дегенмен 2021 жылға арналған республикалық бюджетте Президент резерві қарастырылған жоқ. Тек онда "Қазақстанның Ұлттық қорынан нысаналы трансферт түрінде Қазақстан Президенті айқындаған мақсаттарға 1 трлн 850 млрд теңге сомасында қаражат көзделді".

Ал келесі 2022 жылдың республикалық бюджетінде Ұлттық қордан Президент айқындайтын мақсаттарға тағы 550 миллиард теңге бөлінгелі тұр. Бұған қоса, "Президент бастамаларына арналған резервке" алғаш рет 71 млрд 603 млн теңге жеке қарастырылып отыр.

Бұған дейін Қаржы министрлігі "Ашық бюджеттер" порталында "Қазақстан Президентінің бастамаларына арналған резерв" атты 206 бюджеттік бағдарлама аясында 2022 жылы 245 миллиард теңге бағыттауды ұсынып, жоба жариялаған еді. Ұлттық Экономика министрлігі одан да жомарттау болып шықты. Оны бюджеттің 5 пайызына жеткізбек.

Әрине, биылғы жылы Президенттік резервтен бірде бір жоба, не бастама қаржыландырылмаған, сондықтан келесі жылы ол миллиардтардың нендей шараларға шығындалатыны беймәлім.

Қаржы министрлігі "оны Президент айқындайтынын" және "әзірге алдағы жылдарға міндеттер қарастырылмағанын" ғана мәлім етті: "шығыстар Қазақстан Президентінің бастамаларына бағытталады". Оның қандай бастама болатынын Қ. Тоқаев біледі. Мемлекет басшысы ірі бастамаларын әдетте әр жылдың қыркүйегінің басында, Парламенттің жаңа сессиясының ашылуында жария етілетін Жолдауында, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен салалық мәселелер бойынша кеңейтілген кеңестерде жариялайды. Демек интрига сақталуда. Қ. Тоқаев келесі жылы жүздеген миллиард тұратын тағы бір тосын бастамасымен елді елең еткізуі мүмкін.

Президенттің 2021 жылғы Жолдауындағы бастамаларды жүзеге асыруға 1,8 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылды. 

Бұдан бөлек, қаржы вице-министрі Татьяна Савельева хабарлағандай, Үкімет резервінен 215 млрд теңге бөлініпті.

"Дайындығы барынша жоғары бастамалар бар. Оның қатарына мысалы, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 42,5 мыңнан 60 мыңға дейін көтеру кіреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге тиісті жұмысты жүргізудеміз. Оған Үкімет резервінен қаражат бөлінеді", – деді бас қаржыгердің орынбасары.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке негізгі 4 бастаманы жүзеге асыруды міндеттеді. Оның көбі келесі жылға бағдарланған. Атап айтқанда, біріншіден, елдегі ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңге дейін көтерілуі керек. Екіншіден, алдағы жылы Үкімет бизнесті өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге ынталандыратын ұтымды шаралар қабылдауға тиіс. Үшіншіден, мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтарының жалақысы 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсірілетін болады.

Төртіншіден, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді. Президент министрліктер алдына әр салада басқа да нақты міндеттер қойды. Олар Қазақстанның постпандемиялық кезеңдегі әрі қарайғы дамуын қамтамасыз етеді, денсаулық сақтау және білім беру салаларын өркендетеді, еңбек нарығын жетілдіреді. 10 бағыттан тұратын Жолдауды іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды. Онда әр іс-шараны орындаудың нақты мерзімі бекітілген.

Үкімет резерв миллиардтарын қайда жұмсап жүр?

Осылайша, Президенттік бастамалар резервінің жұмсалуы мейлінше түсінікті, әрі айқынырақ.

Ал Үкімет пен әкімдердің резервтерінде түсініксіз, жария емес жайт көп. Негізі, осы резервтеріндегі жүздеген миллиард қаражатты министрлер мен әкімдер тіпті Парламентпен де ақылдаспай, өз бетінше жұмсайтынға ұқсайды. Мысалы, депутаттар Құрманғазы атындағы консерваторияның ғимаратына ағымдағы жөндеу Үкімет резервінің қаражатына жүргізілгенін тек Есеп комитетінің есебінен ғана білді. Шенеуніктер мен әкімқаралар сондай-ақ әртүрлі мерейтойлық республикалық іс-шараларға да резерв қаражатын жұмсап келген. Мұны да Есеп комитеті анықтады.

Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы Үкімет резервінен "Тәжікстанға ресми ізгілік көмек көрсету", яғни 100 өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға шығыс қарастырған.

Тәжікстанға, Қырғызстанға, Ауғанстанға ұн, бидай, жанар-жағар май, патрон түріндегі гуманитарлық көмектер де Үкімет резервінен жүзеге асырылады.

Жүздеген миллиард қаражат пандемиямен күреске бағытталған. Бірақ шенеуніктер аста-төк ақшаға нақты не сатып алынғанын түбегейлі жариялаған жоқ.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Түркістан қаласында түркітілдес мемлекеттер басшыларының қатысуымен өтетін саммитке дайындықты қамтамасыз ету, пандемия өршіп, шекаралар жабық тұрған шақта Маңғыстау облысы бойынша туристік кластерді дамыту үшін Үкіметтің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен 2021 жылы – 68 млрд 737 млн, 2022 жылы 17 миллиард теңгенің бөлінуіне бастамашы болған. Жамбылдағы "Коммерциялық нысандарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына" 170 млн теңге бөлу ұсынылған.

Сауда және интеграция министрлігі Мәскеу қаласында Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) аумағында "Қазақстан" сауда-көрме орталығын салуды және қайта жаңартуды аяқтау үшін Үкімет резервінен 9 миллиард теңгедей бағыттаған көрінеді.

2020 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ХVІІ өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу үшін ғимарат сатып алуға Үкімет резервінен 681 млн теңге шығыс көзделген көрінеді.

Бұдан басқа да "төтенше" деп танылған, бірақ шынында ондай сипаттағы емес шаралар жетерлік. Сарапшылар мұндай шығындарды Үкімет резервінен қаржыландыру арқылы шенеуніктер оны жария етуден жасыруы мүмкін деген болжам айтып жүр.

Жанат Ардақ 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу