Үкімет неге солтүстік өңірлерді қазақыландыру бағдарламасын жарға жықты?

11088

"Бағдарламадағы ұрлықты мен аштым!" деп шенділер өзара таласып жатқанда, солтүстіктен ел үдере көшуде.

Үкімет неге солтүстік өңірлерді қазақыландыру бағдарламасын жарға жықты? Фото: TVK TV

Түскейде тығыз қонған халықты теріскейдегі тұрғындары босып, босай бастаған облыстарға көшіруге Үкімет тұңғыш Президенттің тапсырмасымен 2017 жылы кірісті. 

Алайда бүгінде депутаттар да, сарапшылар да бұл бағдарламаның жарға жығылғанын ашық айтуда. Оған орасан зор бюджет қаражаты шығындалды, нәтиже тым мардымсыз. Жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден солтүстік Қазақстанға көшіп келіп, бағдарлама игілігін көргендердің үлкен бір бөлігі кейін кері көшіп кетті.

Биылғы ақпан айында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл жобаның тиімділігі төмен екенін ашық мәлімдеді. Ол бағдарлама қолға алынғалы солтүстіктегі халық саны қысқарып бара жатқанын, оңтүстікте керісінше, ұлғая түскенін қаперге салды. Алайда Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарында екі қолға бір күрек таба алмай сенделген жұмыссыздар армиясы солтүстіктегі өңірлерімізге "десантталып", оны иесіз қалудан қорғауға асығар емес.

Проблема бағдарламаның өзегіне негіз болып қаланған. Оған дербес жауап беретін, барлық ісін тек өзі үйлестіретін бір орган жоқ, 17 министрлік, оннан астам облыс жауапты.

Оны қаржыландыру да әр қайнардан төгіледі. Республикалық бюджет сыртында шығысының бір бөлігі жергілікті бюджеттерге жүктелген және солардың мүмкіндігіне тәуелді. Сенат басшысы "оңтүстіктен солтүстікке миграцияны ынталандырудың басқа, жаңа құралын табу қажеттігін" нықтады. Себебі, "демографиялық саясат әлеуметтік және денсаулық сақтау сияқты өзге саясаттармен қатар, тығыз өрбуге" тиіс. Сондықтан спикер де бұл бағдарламаны қайта қарауды ұсынды.

Ресми мәлімет бойынша бағдарлама аясында осы жылдары жалпы саны 45 мыңдай қазақстандық жаңа орынға қоныстаныпты. Бұдан не шықты?

Мысалы, бағдарлама басталған 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысында 560,4 мың адам тұрыпты.

Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша СҚО-да 526,2 мың адам ғана қалды. Бүкіл облыс жұртшылығының саны 1 мегаполис тұрғындарының санына да жетпейді.

Жаңа қоныстанушылардың біразы жаңа орында жұмыс таба алмады, тұрғын үй, тұрмыс жағдайы көңілінен шықпады. Оларға берілген үйлерді көк басып кеткені, қыста ішкі қабырғаларын аяз қарып тұратыны талай сюжет пен мақалаларға тақырып болды. Салдарынан, қоныс аударушылардың қаншасының кері қайтқанын – статистикасын Үкімет жарияламайды.

Енді Бас прокуратура солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша үлкен былықты әшкерелеп отыр. Оны анықтау үшін прокуратура органдары "Азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасын" іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жүргізді. Білгеніне шошынып, жаға ұстаған. Оңтүстіктен ешқайда шықпаған адамдарға "қоныс аударушы" мәртебесі беріліп, ақша аударылған. Көшіп келушілер үшін ит байласа тұрғысыз лашықтар "жаңа баспана" ретінде сатып алынған.

"Жалған құжаттарды пайдалана отырып азаматтарды "жалған" қоныс аударту жолымен 1 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқыру және оны теріс пайдалану фактілері әшкереленді. Бағдарлама аясында қоныс аударушылар ретінде жалған адамдар есепке алынған. Бұған қоса, төмен бағамен сатып алынған, көрінеу тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға құжаттар рәсімделген. Кейбір жағдайларда азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын білмеген де", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай, Ұлытау және басқа облыстарда анықталды.

Мысалы, Павлодар облысының Успен ауданында "Еңбек мобильділігі орталығы" (бұрынғы Жұмыспен қамту орталығы) КММ-нің қызметкері арзан үйлерді тауып, қоныс аударушыларға жоғары бағамен сатқан. Сол "риэлторлық" қызметі есебінен, мемлекеттік бюджеттен алынған қаражаттың бір бөлігін өз қалтасына салып отырған. Бүгінде оның үстінен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, орталықтың қызметкері үйқамаққа алынды.

ШҚО-да қоныс аударушылар мен үй сатушылардың өзара сөз байласу жағдайлары анықталды. Олар мемлекеттік көмекті алу үшін жалған шарттар жасап, түскен қаражатты өзара бөліскен. "Қоныстанушылар" осыдан кейін бұрынғы мекенжайларында тұра берген.

Солтүстік Қазақстан облысының Мәмлүт ауданында қоныс аударушы адам үйдің нақты бағасы мен мемлекеттен төленген қаражаттың арасындағы айырмашылықты иемденіп алған. Күдікті алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығын шектеуге сотталды.

Жалпы алғанда, тек осы тексерістер аясында прокурорлар 20 сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады.

"Тергеу барысында қатысы бар барлық адамдарды анықтау, оларды жауапкершілікке тарту, сондай-ақ келтірілген залалды өтеу шаралары қабылдануда. Нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және бағдарламаны іске асыруды бақылау жүйесін күшейту мақсатында Үкіметке қадағалау актісі енгізілді", – деп хабарлады Бас прокуратура.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны жоққа шығарып жатпады. Ақталудың басқа тактикасын таңдапты. Бас прокуратураның "Солтүстік өңірлерге қоныс аудару бағдарламасынан анықтадық" деген ұрлық фактілерін өзіміз анықтап қойғанбыз дейді. Бірақ жұртшылыққа неге хабарламай, жасырғаны белгісіз.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Азаматтарды оңтүстіктен солтүстік өңірлерге өз еркімен қоныс аудару бағдарламасына" бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуын талдау кезінде Бас прокуратура әшкерелеген оны теріс пайдалану және ұрлау фактілері бойынша келесіні хабарлайды. Бұл бұзушылық фактілерін алғаш рет Еңбекмині қызметкерлері 2023 жылдың қыркүйегінде өздері анықтап қойған болатын! Ол жөнінде жергілікті атқарушы және қадағалау органдарының өкілдері дер кезінде хабардар етілді", – деп түсініктеме берді Светлана Жақыпованың министрлігі.

Оның командасы қадағалау органының: "Прокурорлар нормативтік актілердегі олқылықтарды жою және бағдарламаның іске асырылу барысын бақылау жүйесін күшейту үшін Үкіметке қадағалау актісін енгізді", – деген мәлімдемесіне жеке шүйлікті. Оны өзекті емес деп санайды. Өйткені "алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында Еңбекмині 2023 жылы-ақ қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге қажетті түзетулер енгізді".

"Еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды өз еркімен қоныс аудару бағдарламасын іске асырудағы бұзушылықтарды Еңбекминінің Көші-қон комитетінің қызметкерлері алғаш болып анықтағанын хабарлаймыз! Мәселен, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлерінің тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа орындағы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша ақшалай төлемдер жүзеге асырыла бастады. Сол жылдың қыркүйегінде Еңбекмині берілген 486 сертификатқа кешенді талдау жүргізді. 2023 жылғы 15 қыркүйекте әкімдіктердің тиісті шаралар қабылдауы үшін қымбат бағамен тұрғын үй сатып алудың анықталған фактілері бойынша ескертулер жіберілді", – деп мәлімдеді министрлік.

Былыққа әкімдер де кінәлі көрінеді. Себебі, былтырғы 19 қазанда Еңбекмині оларға "сертификаттарды іске асыруға тұрақты талдау жүргізу, сондай-ақ сатып алынатын тұрғын үй құнының нарықтық бағаға сәйкестігіне тексеру жүргізу қажеттілігі туралы" қайтадан хат жолдапты.

"2023 жылдың қазан айынан бастап Еңбекмині қоныс аударушылар сатып алатын тұрғын үйді міндетті бағалау туралы талаптарды көздейтін НҚА-ға түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізді. Бұл өзгерістер 2023 жылғы 29 желтоқсанда күшіне енді. 2024 жылғы 30 мамырда Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдарды ерікті түрде қоныс аудару қағидаларының тұрғын үй сатып алу және сату бөлігінде қосымша күшейтілді", – деп нақтылады министрлік.

Бүгінде Еңбекмині экономикалық мобильділік сертификаттары бойынша төлем тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған түзетулердің үшінші пакетін әзірлеп отыр. 2023 жылдың қараша айынан бастап бейімдеу және интеграциялау жөніндегі қызметтер процестерін техникалық жақсарту бойынша жұмыс жүргізілді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 2023 жылғы қарашадан 2024 жылғы наурызға дейін келген қоныс аударушылар мен қандастардың отбасыларын бейімдеу және интеграциялау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды.

"Келген отбасыларды сапалы бейімдеу және интеграциялау мақсатында көрсетілетін қажетті қызметтердің 25 түрі анықталды. "FSM Expert" мобильді қосымшасы арқылы қандастар мен қоныс аударушылар отбасыларын сүйемелдеу бойынша мониторинг енгізілді. Еңбекмині пилоттың қорытындысында оның нәтижелерін масштабтау мақсатында қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша жаңа алгоритм қабылданды", – деп түсіндірді ведомство.

Еңбек министрлігі атқарылған жұмыстар тұрғын үй сатып алуға қатысты жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталғанына сенімді. Бірақ тағы да "әп-әдемі әнді" әкімдер бұзып жатқан көрінеді.

"Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан проблема сақталуда. Бұған қоса, 2024 жылдың 22 ақпанында министр Светлана Жақыпованың Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңір әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен, облыс активінің, прокуратура өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Сонда Көші-қон комитетінің төрағасы Павлодар облысында қоныс аудару бағдарламасын іске асыруда проблемалар туындағанын атап өтті. Соның ішінде үйлерді құнын асыра бағалау, қымбатқа сатып алу, туыстар арасында мәмілелер жасау және басқа жайттар туралы егжей-тегжейлі айтылды. Осыдан кейін Павлодар облыстық прокуратурасы қоныс аудару бағдарламасы бойынша тексеруді бастады", – деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу