Үкімет пен Ұлттық банк келісімге келді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3147

Келісімде негізгі 10 міндет айқындалған.

Үкімет пен Ұлттық банк келісімге келді

Ел үкіметі мен Ұлттық банк 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды. Келісімде 10 негізгі міндет айқындалған.

Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев атап өткендей, қаржылық реттеуші төмен инфляцияны қолдауға басымдық бере отырып, инфляциялық таргеттеу режимін, сондай-ақ елдің экономикалық дамуының орнықтылығын және халықтың өмір сүру деңгейінің өсуін сақтайды.

Ерболат Досаевтың сөзінше, инфляцияны 2021 жылға дейін 4-6 пайыз дәлізін деңгейінде сақтау көзделіп отыр. Ал 2022 жылдан бастап оны 3-5 пайызға дейін төмендету және ұзақ мерзімді перспективада қолдау ұсынылмақ.

"Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің деңгейін ұстап тұруға ұмтылатын болады. Инфляцияның белгіленген нысаналы дәліздің шегінен шығу тәуекелдері күшейген кезде ақша-кредит саясаты қатаңдатылуы мүмкін", – деді Ерболт Досаев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Банк төрағасының пікірінше, қаржылық реттеуші теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр.

"Банк валюталық сауда-саттыққа араласпау саясатын сақтай отырып, икемді өктемділік жасау құқығын өзіне қалдырады", – деп нақтылады Ерболат Досаев.

Ол шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша жоспарланған операциялар туралы ақпараттың жүйелілігі мен айқындылығы валюта нарығына тұрақтылық беретінін атап өтті. Сонымен қатар, экономиканы қорландыру қолжетімділігі міндетін іске асыру шеңберінде институционалдық инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға баса назар аударылатынын айтты.

"Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту міндетін іске асыру үшін Ұлттық банк кірістіліктің қысқа мерзімді тәуекелсіз қисығын құруды қамтамасыз етеді. Қаржы министрлігінен кірістілік қисығының орта және ұзақ мерзімді сегменттерін құру үшін өзінің бағалы қағаздарының шығарылымдарын қысқартуды және ірілеуді қамтамасыз етуді сұраймыз", – Ұлттық банктің төрағасы.

Оның айтуынша, мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу жұмысы жүргізілетін болады. Бұл шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға және өзара қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар банк төрағасы өз сөзінде "Экономиканы дамытуды қаржылық қолдау бағдарламасы" міндетін іске асыруда негізгі рөлдің үкіметке тиесілі екендігін хабарлады. Өз кезегінде Ұлттық банк үш бағдарламаны іске асыруға күш жұмсайды.

"Атап айтқанда, Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасын бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруын жалғастырады. Қарыз алушыларға 20 пайыздан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады", – деді Ерболат Досаев.

Банктердің 600 млрд теңге көлеміндегі ұзақ мерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ағымдағы уақытта 9 банк кредиттеу бағдарламасына қатысады. 112,7 млрд теңгеге үш банктің облигациялары сатып алынды.

Ұлттық банк басшысы отандық автокөлік сатып алушыларын кредиттеу бағдарламасын іске асыруға қаржылық реттеуші 5 жыл ішінде 100 млрд теңгеге дейін жұмсайтынын айтты. Биыл 20 млрд теңге бөлінбек.

"Жоғары сот органдарымен банкроттық саласындағы құқық қолдану тәжірибесін пысықтау жұмысы жалғастырылады. Бұдан бөлек, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету шеңберінде банк жүйесін нығайту жұмысын жалғастырамыз. Ұлттық банктің соңғы саты кредиторының функциясын толық іске асыруы маңызды болмақ. Тәуекелге бағдарланған қадағалауды іске асыру, оның ішінде активтердің сапасына жоспарланып отырған бағалау жүргізуге байланысты болады", – деді банк төрағасы.

Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту бағытына көңіл бөлінбек. Бұл ретте, қолма-қол ақшасыз төлемдер инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру және жетілдіру жұмыстары жалғастырылады. Сондай-ақ ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуларды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару шаралары қабылданбақ.

Ерболат Досаев қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және олардың қаржылық сауаттылығын арттыру міндетіне баса назар аударды.

"Тұтынушылық кредиттеу саласында халық үшін тәуекелдердің күшеюі аясында банктік емес кредиттік ұйымдарды, онлайн-кредиттеу компанияларын, ломбардтарды реттеу бойынша ұсыныстар қарастырылатын болады. Шарт талаптарының айқындылығы, сондай-ақ тұтынушылардың, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау бойынша талаптар күшейтіледі", – деді ол.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу