Үкімет Pfizer вакцинасы салынатын адамдар санатын кеңейтпек

1608

Әзірге "Болашақтықтарға", шетелге емделуге баратындарға Pfizer вакцинасымен егілуге мүмкіндік берілді. Алда жаңа санаттарды енгізу қарастырылуда. Әйтпесе, қазақстандықтар әлем таныған вакциналарды Өзбекстан мен Қырғызстаннан іздеуге мәжбүр.

Үкімет Pfizer вакцинасы салынатын адамдар санатын кеңейтпек Фото: Максим Морозов

Петропавл тұрғыны, "Болашақ" аясында Ұлыбританияда оқитын Әсел біраздан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған антиковидтік вакцинаны іздеп сабылып жүр. Ізденіс елордаға дейін келтірді. Алайда бүгінде бас қаланың егу пункттерінен жаһандық ұйым мойындаған қытайлық "CoronaVac"-ты да, "Vero Cell"-ді де табу қиын. Ақ халаттылар "QazVac" пен "Спутник V"-ді ғана ұсынады.

Шәкірт білім қуып, әлемді шарлаған жастарға Pfizer-дің "Комирнати" вакцинасын егу тезірек басталады деп үміттенеді. Коронавирустың таралуына қарсы ведомствоаралық комиссия (ВАК) тиісті шешім қабылдағаны мәлім. Шетелдік университеттердегі оқу басталып жатыр.

Бұл мәселе ата-аналарды да сергелдеңге салды. АҚШ-та оқитын қос студент баланың анасы Назгүл Арыстанқызы өткен жылдың қарашасынан бері егу пунктері мен емханаларды адақтауға мәжбүр.

"2021 жылғы 8 қарашада АҚШ-та келудің жаңа ережелері күшіне енді. Енді Құрама Штаттарға тек ДДСҰ мақұлдаған Pfizer/BioNTech, Moderna, Johnson&Johnson, AstraZeneca, Sinopharm және Sinovac екпелерімен толық егілген жолаушыларды ғана жібереді. Шенеуніктер әртүрлі ақпарат береді, алайда бұл вакциналардың ешқайсысы елде қолжетімді емес. Бар болғанның өзінде екінші компоненті ғана қалған. Былтыр Pfizer-ді ақылы алғысы келетін адамдардың тізімі жасалды, біз соған да жазылып қойдық, бірақ "Комирнати" коммерциялық айналымда сол бойы пайда болмады. Әлгі тізімнің жойылғаны хабарланды. Оны тек кәмелетке толмаған балалар мен жүкті және босанған аналарға ғана салуда. Біз бұл санатқа жатпаймыз", – деп алаңдайды ол.

Халық денсаулық сақтау саласына жауапты қазақстандық шенділердің жайбасарлығына қапалы.

"Біз өз еліміздің адал азаматтарымыз, экономиканы дамытуға үлес қосудамыз. Барлық салықтарды уақытылы төлейміз, МӘМС жарналарын аударамыз. Алайда толыққанды медқызмет ала алмаймыз. Тұйыққа тірелген жағдайымыз бар. Балалары АҚШ-та оқитын басқа адамдар да ұқсас қиындыққа тап болды. Салыстыру үшін айтсақ, көрші Өзбекстанда бұл вакциналар тіпті шетелдіктерге де қолжетімді", – дейді ана.

Ержан Айсаев "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты, Австралиядағы оқуы 28 ақпанда басталмақ.

"Мен Қазақстанда "Спутника V"-дің қос дозасын алдым. 2022 жылғы 17 қаңтарда Австралияның реттеушісі ресейлік осы вакцинамен елге кіруге рұқсат етті. Тиісінше, осы вакцинамен егілген жастар да енді оқу басталғанда Австралияға кедергісіз кіре алады. Алайда "Спутник V" екпесі рұқсат етілген вакциналар тізіміне "Gamaleya Research Institute Sputnik V" деген атаумен енгізілді. Ал Қазақстанда жасалған "Спутник V"-мен егілгендердің вакцинация паспортында Гамалея институты көрсетілмеген. Онда "Қарағанды фармацевтикалық кешені" деп көрсетілген. Бұл шекарада проблема тудыруы мүмкін. Сондықтан Үкімет Қазақстанда шығарылған "Гам-Ковид-Вак" (Спутник V) вакцинасының компоненті Ресейде шығарылғаннан еш ерекшеленбейтінін растайтын анықтама берсе деймін", – деп ұсынды Ержан.

Билік не дейді?

Ондай анықтаманың бекітілген формасы да жоқ көрінеді. Демек берілмейді.

Дегенмен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды фармкешені өндірген "Спутник V" Ресейдегіге егіз тамшыдай ұқсас екенін растады. Себебі зауыт вакцинаны өзі жасамайды, тек құйып, қаптайды.

"Негізі, Гам-Ковид-Вак (Спутник V) вакцинасының негізгі компоненті Ресейден келеді. Қарағанды фармкешенінде жүзеге асырылатын кезеңдер – құю, қаптау сияқтылар ғана. Бұл процестер вакцинаның сапасына ықпал етпейді", – деді министр.

Оның түсіндіруінше, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 2022 жылғы 13 қаңтардағы "ҚР коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу туралы" №2 қаулысына сәйкес, "жекелеген жағдайларда" өзге адамдар да ДДСҰ мақұлдаған вакциналармен КВИ-ге қарсы вакцинацияның "толық қайта курсын" ала алады. Мысалы, "Спутник В" не "ҚазВакпен" егілсе, "Файзермен" қайта егілуіне мүмкіндік берілмек.

Аталған "жекелеген жағдайларға" "Болашақ" халықаралық стипендиясының иегерлері, сондай-ақ Қазақстанның мүдделерін халықаралық деңгейде білдіру мақсатында шетелге шығатын тұлғалар, үкіметаралық келісімдер, оның ішінде академиялық мобильділік шеңберінде шетелге оқуға жіберілетін адамдар, өз бетімен шетелдік ЖОО-ға түскендер, олардың отбасы мүшелері де жататын көрінеді.

Тиісінше, "Файзер" екпесімен егілу үшін "Болашақтықтар" Білім және ғылым министрлігі ұсынған тізім бойынша растайтын құжаттарын – студенттік визасын, оқу орнынан шақыртуды БҒМ-ға ұсынуы шарт.

"Шетелдік оқу орындарын өз бетінше түскен студенттер, үкіметаралық келісімдер немесе академиялық мобильділік шеңберінде шетелге оқуға жіберілетін адамдар, Work and travel бағдарламасы бойынша шетелге сапарлауды жоспарлаған адамдар және олардың отбасы мүшелері де студенттік визаны, оқу орнынан шақыртуды ұсынуы қажет. Бұдан бөлек, шетелге емделуге баратын пациенттер және оларға ере жүретін тұлғалар Қазақстаннан сырт жерде емделудің қажеттігін растайтын құжаттарын ДСМ-ге ұсынуы міндет", – деді министр.

Оның айтуынша, студент жастар өзін "КВИ-ге қарсы қайта вакцинациялануға жататын тұлғалар тізіміне" қосу үшін Білім және ғылым министрлігіне жүгінулері қажет. Әрі қарай бұл тізімді ДСМ өңірлердегі денсаулық сақтау басқармаларына бағыттайды. Жергілікті жерлерде "тізімге енген тұлғаларды қайта вакцинациялау жүргізіледі".

"Вакцинация" модулі жетілдірілуде

Бас санитардың аталған қаулысының шыққанына бір айдан астам уақыт өтті. Одан бері еліміздің бас санитарлық дәрігері де ауысып кетті.

"Нұр-Сұлтандағы вакцинациялау пункттерінде дәрігерлер ол қаулы жайында білмейтін болып шықты. Оның үстіне толық қайта вакцинациялау туралы ақпаратты қосу үшін ақпараттық жүйеге тиісті өзгерістер әлі күнге енгізілмеген. Бас дәрігердің жаңа қаулысы бізге осындай құқық бергенімен, осы себептен де дәрігерлер бізге екпе егуден бас тартуда. "Вакцинация" модулі, ақпараттық жүйелер қашан жаңарады және осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр ма өзі, оны біз білмейміз", – дейді осы мәселені көтерген Айдар Кемелбай.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, "бүгінде "Вакцинация" модулін пысықтау жұмыстары жүргізілуде".

"Соның нәтижесінде модульге "коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсын қайта өткізуге" қатысты деректерді енгізу функциясы қосылады. Бұл функция жақын күндері қолжетімді болады", – деп хабарлады ведомство.

Министрліктің мәліметінше, БҒМ тізіміндегі азаматтарға егілетін вакцина түрі ол сапарлайтын елдің талабына қарай анықталады. 

"Егер баратын елі ДДСҰ мойындаған вакциналардың кез келгенін таңдауға рұқсат етсе, онда Қытайдың "Синофарм" вакцинасы салынады. Ал егер ол мемлекет өзіне кіру үшін вакцинация паспортында тек "Файзердің" көрсетілуін талап етсе, онда коронавирусқа қарсы вакцинацияның толық курсы үшін "Комирнати" ("Файзер") вакцинасы пайдаланылады", – деп түсіндірді ДСМ. 

Министрлік қазіргі кезде "Комирнати" вакцинасын халықтың өзге де осал топтары үшін қолжетімді ету мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу