Үкімет сыраға "соғыс" ашты

Келесі жылдан бастап сыраның бағасы шарықтауы мүмкін.

Үкімет сыраға "соғыс" ашты Фото: canva

Жақында ғана Қазақстан Үкіметі бірқатар тауар түріне міндетті таңбалау мерзімін белгіледі, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Аталған тізімге сәйкес, 2026 жылдың ақпанынан бастап сыра өнімдерін таңбалау міндетті саналады. Бұл шешімнің басты уәжі – көлеңкелі экономиканы ауыздықтау. Себебі, ол шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп, бәсекелестікті әлсіретіп, бюджет кірісін азайтып жатқан көрінеді.

Десе де, сарапшылардың, соның арасында "Атамекен" ҰКП-ның пікірінше, бұл асығыс қабылданған шешім болуы ықтимал. Бұл бастама сала өкілдері үшін неліктен алаңдаушылық тудырып отыр?

Осы туралы Қазақстан сыра қайнатушылар одағының төрағасы Ғалым Тұмабаев inbusiness.kz тілшісіне айтып берді.

– Ғалым Есентайұлы, ең алдымен еліміздегі сыра өндірісіне тоқталып өтсек. Қанша зауыт бар және олардың нарықтағы үлесі қандай?

– Қазіргі уақытта Қазақстанда 44 сыра қайнату зауыты бар. Оның 5-еуі – ірі, 3-еуі – орта, 36-сы – шағын кәсіпорын. Сыра өндірісі еліміздегі басқа салалармен салыстырғанда анағұрлым тиімді саналады. Қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың 85-90% сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Бұл – азық-түлік саласындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2021-2022 жылдарға дейін біздің екі ірі зауытымыз елдегі 50 ең ірі салық төлеуші қатарына кіріп келді.

– 2021 жылдан бері жағдай өзгерген шығар...

– Иә, 2021 жылдан бастап теріс динамика байқалды. Өндіріс көлемі шамамен 16,6%-ға, яғни 120 миллион литрге азайды. Сол жылы өндіріс көлемі 723 миллион литр болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 603 миллион литрге дейін төмендеді. Бұл құлдыраудың әзірге тоқтайтын түрі жоқ. Осы аралықта салық жүктемесі де айтарлықтай артты. 2021 жылы акциздерден 52 миллиард теңге жиналса, 2024 жылы 79 миллиард теңгеге жетті. Акциз мөлшерлемесі де кезең-кезеңмен артты. (2021 жылы – 57 теңге/литр, 2022 – 79 тг/л, 2023 – 79 тг/л, 2024 – 79 тг/л және 2025 жылы – 90 тг/л).

Мұндай әкімшілік және салық қысымының артуы, енді таңбалау талаптары шағын және орта өндірушілердің жабылуына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл нарықтың монополизациялануына және импорттың шектен тыс артуына жол ашуы ықтимал.

Мысалы, Ресейден келетін сыра импорты күрт өсті. Қазақстан – бүгінде Беларусь пен Қытаймен қатар, Ресей сырасын көп импорттайтын үш елдің бірі. Статистика бюросының мәліметінше, импорттың 80-81%-ы Ресейге тиесілі болып тұр.

– Болашақта нақты қандай қауіпті көріп тұрсыз?

– 2025-2026 жылдарға қатысты болжамымыз оптимистік емес. Жаңа Салық кодексінде акциз мөлшерлемесін және ҚҚС-ты арттыру көзделіп отыр. Әрі Үкімет таңбалауды негізсіз жеделдетіп жатыр. Егер 2026 жылдан бастап барлық өнімге бірден таңбалау енгізілсе, бұл салаға елеулі қаржылық салмақ түседі.

Яғни, акциз – 99 теңге (+10%), ҚҚС – 16 теңге (+25%), таңбалау жабдықтары – 2,8 млрд теңге және контрольді идентификатор белгісі – 2,7 млрд теңге.

Таңбалауды Ресей ұсынғанымен, ЕАЭО келісіміне сәйкес, әр ел таңбалауды қашан және қандай тауарға енгізуді өзі шешеді. Бізбен бір одақта отырған Беларусь, Қырғызстан, Армения секілді елдер бұл үдерісті жеделдетіп жатқан жоқ.

– Сонда бизнес қандай уәж келтіреді?

– Біріншіден, сыра өндірісі – технологиялық жағынан күрделі, сондықтан жасырын өндіріс үшін тиімсіз. Бұл араққа ұқсамайды.

Екіншіден, мемлекет тарапынан бақылау жүйелері бұрыннан бар. Өндіріс желілерінде бақылау-өлшеу құрылғылары орнатылған, олар нақты уақыт режимінде салық органдарына мәлімет жібереді. Электрондық шот-фактуралар, электрондық жүкқұжаттар, екі жыл бұрын орнатылған алколайзерлер өнімнің құрамында алкоголь бар-жоғын анықтайды.

– Таңбалау саланың экономикасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Бұл ең алдымен өнімнің өзіндік құнының артуына алып келеді. Біздің есеп бойынша, өнім 15%-ға қымбаттайды. Кейбір өндірушілер бағаның 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін екенін ашық айтып отыр.

Жалпы шығын:

– жабдықтарға – 2,8 млрд теңге;

– контрольді идентификатор белгісіне – 2,7 млрд теңге.

Таңбалау өндіріс көлемі азайып жатқанда, салық жүктемесі артқан сәтте енгізілмек. Бұл – орта және шағын зауыттар үшін ауыр соққы.

Пилоттық жобалар көрсеткендей, таңбалау жүйесі өндіріс қуатын 20-25%-ға азайтады. Конвейерлер жиі тоқтап қалады, бұл – қосымша шығын, электр, су, жұмыс күші.

Сондай-ақ, коммерциялық деректердің үшінші тараптың қолына өтіп кету қаупі бар. Себебі, бүкіл дерек базасы таңбалау операторының иелігінде болады.

– Бұл жағдай тұтынушыға қалай әсер етеді?

– Бағаның өсетіні даусыз. Сөрелердегі өнім 10-15%-ға қымбаттайды. Шағын өндірушілердің жабылуына алып келеді. Өйткені, шағын зауыттар көбіне ерекше, дәстүрлі емес сорттарды өндіреді.

Нәтижесінде, нарықта тек ірі ойыншылар қалады, бұл бәсекені азайтып, бағаның өсуіне және таңдаудың шектелуіне себеп болады.

– Импорт көлемі арта түссе, халықтың күшті алкогольге жаппай көшуі мүмкін бе?

– Бұл – өте маңызды сұрақ. Сыра қымбаттап, қолжетімсіз бола бастаса, тұтынушы күшті, бірақ арзан ішімдікке ауысуы мүмкін. Бұл өз кезегінде ішімдікке тәуелділік пен әлеуметтік мәселелерді күшейтеді.

– Таңбалау тек ішкі нарыққа жұмыс істейтін шағын кәсіпорындарға қажет пе?

– Біздіңше, қажет емес. Ішкі нарыққа ғана өнім шығаратын кәсіпорындар үшін бұл – артық талап. Керісінше, экспортқа жұмыс істейтін зауыттар өз бастамасымен таңбалау жүйесін енгізіп үлгерді.

Мысалы, бұған дейін Шымкент сыра зауыты – 40 млн доллар, Heineken брендімен танымал сыра – 50 млн доллар, Carlsberg 250 млн доллар көлемінде инвестиция салған. Ал таңбалауды бір мезетте енгізу бұл жоспарларды қайта қарауға мәжбүр етуі мүмкін. Инвесторлар мұндай сценарийді пессимистік нұсқа ретінде қарастыруда.

– Үкіметке қандай ұсыныстарыңыз бар?

– Біз таңбалауды кезең-кезеңмен енгізуді ұсынамыз. Бизнес пен мемлекеттік органдар түсіністікпен, бірлесіп шешім қабылдауы керек. Қандай тиімділік болады, Қандай тәуекел бар? Осының бәрін нақтылап, көрсеткіштерді бағалау әдістемесін дайындау қажет.

"Қазақтелеком" бізге "алдымен іске асырып көрейік, кемшілікті кейін реттейміз" дейді. Бұл – жауапсыз тәсіл. Ал шығынды кім өтейді?

Егер таңбалау тиісті дайындықсыз енгізілсе, "мемлекет – тұтынушы – өндіруші" арасындағы тепе-теңдік бұзылады.

Біз Үкімет экономикалық жағдай мен инвестициялық ахуалды ескере отырып, салмақты шешім қабылдайтынына сенеміз және үміттенеміз.

Inbusiness.kz сайты бір ай бұрын сыра ішетіндерді жылататын жаңалық жарияланғанын жазған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу