Үкімет үйі, пәтері бар адамдарға 35 млрд теңге таратады

12553

Бірақ бұл сома қазақстандықтарға ақша күйінде емес, басқалай қайтарылуы мүмкін. Ақырғы шешім әзірге қабылданған жоқ. 

Үкімет үйі, пәтері бар адамдарға 35 млрд теңге таратады Фото: life09.kz

Электр қуатын жеткізетін кәсіпорындар 2024 жылы қазақстандықтардан тоқ үшін 35 миллиард теңгеге жуық қаражатты артық алып қойған. Сондықтан мемлекет ол қаржыны кері қайтартқызатын болады. Бірақ ол бәрібір ақша күйінде қайтпайды.

Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов хабарлады. Оның мәліметінше, электр энергиясы үшін артық төленген қаражатты тұтынушыларға қолма-қол және қолма-қолсыз ақша түрінде емес, тарифті бір айға төмендету жолымен оралту жоспарланып отыр.

Бірақ одан да бас тартылуы мүмкін. Өйткені сонымен бірге бұл қаржыны бұқара мен бизнеске қайтармай, саланы дамытуға кері инвестициялау туралы ұсыныс та қарастырылуда.

Айта кететін жайт, кәсіпорындардың мемлекет пен халықты алдағанын салаға жауапты Энергетика министрлігі немесе бассыз кеткен алпауыттарды басуға тиіс антимонополиялық қос орган емес, Жоғары аудиторлық палата анықтады.

ЖАП ревизорлары электр энергетикасы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімділігіне аудит жүргізді. Сол арқылы кәсіпорындардың заңсыз баю үшін тұтынушыларға арналған тарифтерді шектен тыс асыруының және қаржылық бұзушылықтарға баруының деректерін әшкереледі.

Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясатын іске асыруда. Аудиторлардың байламынша, бұл ретте теңгерім нарығындағы тарифтер айқын емес формулаларға негізделіп бекітілген.

Салдарынан, бұл табиғи монополия нысандарының қандай тариф қоятынын өзі таңдауына және бұл бағытта субъективті тәсілдемелерді қолдануына жағдай жасайды екен. Соның кесірінен, 2024 жылы сала алпауыттары электр энергиясы үшін тарифтерін 34,7 миллиард теңгеге шектен тыс асырып жіберген.

Осы соманың бәрін тұтынушылардан өндіріп үлгерген. Принципке басып, соттасып, әділдік іздеп, төлеуден бас тартқан баспана иелерін және бизнес субъектілерін тоқтан ажыратып тастады. Оларды қуатқа қайта қосылу үшін де қосымша ақы төлеуге мәжбүрлеген.

Өкінішке қарай, бұл үшін бірде бір монополист салмақты жазаланбады, мемлекет одан электр желілері мен қуат жүйелерін тартып алмады. 

Энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов журналистердің осыған қатысты сұрағына тура жауап бере алмай, жалтарды. Оның айтуынша, қазіргі кезде саладағы тексерістер жалғасуда.

Сондай-ақ кәсіпорындардың тарифтерін қалыптастыруға Энергетика министрлігі емес, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті жауап беретінін айтып, соған нұсқады.

Вице-министрдің пікірінше, артық төлеуден алынған қаржыны елге қайтармай, саланың өзінде пайдаланған жөн. Энергетика министрлігі артық төлемді тарифті қайта есептеу арқылы тұтынушыларға оралтуды құптаймайтынын байқатты.

"Қалай болғанда, артық төлем ешқайда кетпейді. Не тарифті төмендету жолымен тұтынушыларға өтемақы жасалады, немесе ол қаржы салаға реинвестицияланады. Сонда тарифтерді әрі қарай көтермеу үшін жағдай жасалады. 35 миллиардқа жуық теңге болашақта тарифтерді қайта қарау кезінде ескерілетін болады", – деді Сұңғат Есімханов.

Энергетика министрінің орынбасары өз ведомствосы тарапынан келесі жылдың 1 қаңтарына дейін тариф көтеру күтіліп отырмағанын жеткізді. Алайда бұл ведомство тек электр энергиясының генерация деңгейіндегі тарифтерін ғана бекітеді.

Сонымен бірге, кәсіпорындар төл тарифтерін Табиғи монополияларды реттеу комитеті арқылы жылына бірнеше рет көтерткізе алатын көрінеді. Тариф қалыптастыру бойынша ақырғы шешімді сол комитет қабылдайды.

Мысалы, Алматыда бүгіннен, 2025 жылғы 1 маусымнан бастап, электр құны тағы көтерілмек. Қосылған құн салығын қоспағанда, 1 киловатт-сағаттың тарифі 38,66 теңгеге дейін жоғарылайды деп жоспарланған. Дегенмен, шекті тарифтің бұл көлемі – ақырғы емес, ақыр соңында қымбаттау одан да көп болуы ғажап емес.

Осы және басқа "суық" хабарлар қоғамда теріс резонанс тудырды.

"Егер бізден артық алып қойғанын ақша күйінде қайтарса, оны қайда жұмсауды өзіміз шешетін едік. Мысалы, келесі айдың коммуналдық қызметінің төлеміне төлеуге болар еді. Әйтпесе, тарифті уақытша төмендетіп, қайтару дегенде ешқандай "мөлдірлік" жоқ. Электр энергиясын беруші компаниялар әлдебір айдың электр қуаты үшін төлемін азайтқанымен, есесіне, дәл сол айда, сол түбіртекте "ОДН" деген ешкімге түсініксіз графадағы соманы көбейтіп, сол арқылы бәрібір қаржыны кері алып қояды. Сондықтан халыққа қайтарды дегені бір көзбояушылық", – дейді қоғам белсендісі Ғабит Нұрлыбек.

Дәл осы кезде Үкімет Қызылорда қаласындағы ЖЭО-ні жөндеу жұмыстарына 2,5 миллиард теңгеден астам ел қаржысын бөлгенін хабарлады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Осы астатөк ел қаражатын Қызылорда тұрғындарын орталықтандырылған жылумен, қуатпен жабдықтайтын жалғыз кәсіпорын "Қызылорда жылу электр орталығы" компаниясы алады.

Үкімет осы ұшан-теңіз ақшаға қаладағы Оңтүстік қазандығының үш бу қазандығы реконструкцияланады деп күтеді. Өйткені кәсіпорынның жете мән бермеуі салдарынан, Үкіметтің дерегінше, "қазіргі таңда Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары апатты жағдайға жеткен және резервтік қуатсыз жұмыс істеп тұр".

Салдарынан бүкіл Қызылорда тоқсыз қалып, қою қараңғылық құшағына енуі, ұзаққа "орта ғасырға" оралуы және қыста қатып қалуы мүмкін. Қазақстанның алғашқы астанасында (Қызылордада) 197 көп пәтерлі тұрғын үй кешеніне, 73 әлеуметтік және 69 шаруашылық нысанына қауіп төнген. Оған жеткізбеу үшін мемлекет бюджетті шығындауға мәжбүр болуда.

Бұл жобаға бұдан бұрын да миллиардтаған ел қаржысы шығындалған. Аталған қазандықты реконструкциялау жобасын жүзеге асыру 2024 жылы басталды, сонда Үкімет резервінен шұғыл түрде 2,04 миллиард теңге, сондай-ақ облыстық бюджеттен 655 миллион теңге бөлінген.

Алпауыттың мәліметінше, ол ақша тек суды химиялық тазарту қондырғыларын ауыстыруға, ескі қазандықтарды бөлшектеп күресінге жіберуге, сондай-ақ жаңа жабдықтар жасау үшін зауытқа тапсырыс беруге ғана жетіпті. 

Бұл тек бір өңірдегі мысал ғана. Екі жылдан бері Үкімет бюджеттен көптеген өзге өңірдегі ЖЭО-ларды жөндеу үшін кәсіпорындарға бюджеттің миллиардтарын тоқтаусыз шығындауда. Оның қасында алпауыттардың халықтан алдап алған 35 миллиард теңгедей қаражат "түпсіз құрдымға" айналған бұл саланың жұмырығына жұқ болуы неғайбыл. 

Айтпақшы, Энергетика министрлігінің ресми хабарлауынша, іске асырылып жатқан "Тарифті инвестицияға айырбастау" жаңартылған бағдарламасы аясында 2025 жылы инвестиция көлемі 428 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды деп күтілуде. Осы жүздеген миллиард та тариф аясында бұқара мен бизнестен алынады.

"Бұл сома 2024 жылмен салыстырғанда бірден 13,24%-ға жоғары. Жаңартылған тәсілдің басты жаңалығы – инвестицияларды тариф арқылы қайтарудың жылдық лимиті бұрынғы 32 миллиардтан енді 428 миллиард теңгеге дейін көтерілді және электр қуатын қолдауға арналған қызметтің шекті тарифі арттырылды. Бұл электр энергетикасына жеке капиталды тартуды және ауқымды техникалық қайта жарақтандыруды ынталандырады", – деп мәлім етті министрлік.

Егер салған инвестицияны жүз пайыз қайтарып берсе және елдегі салалық инфрақұрылымды емін-еркін пайдаланудан ары қарай таза табыс табуға жол ашса, шекті тарифті арттырып берсе, бұл кез келген бизнесті қызықтырары даусыз. Өйткені ондай мол табыс өзге салаларда кездесе бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу