Үкімет жұмысшыларды жаппай жабырқататын жаңалығын жария етті

556

Әлеуметтік бағдарланған бұл көрсеткіш тоқырап, үшінші жыл қатарынан өспейтін болды.

Үкімет жұмысшыларды жаппай жабырқататын жаңалығын жария етті Фото: canva

Бірақ бұл жағдай бизнесті тегіс қуантып тастады.

Сонымен, ел Үкіметі ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) келесі жылы да көтермейтін болды. Мемлекет оны 2023 жылғы 70 000 теңгеден 2024 жылы 85 000 теңгеге дейін күрт жоғарылатқан болатын. 2025 жылы бұл көрсеткіш сол қалпында қалды.

Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері "2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңының жобасын әзірледі. Елдің алдағы үш жылдық басты қаржылық құжатында республиканың шешуші әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бекітілген. Оған сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап:

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшерін биылғы 32 360 теңгеден келесі жылы 35 596 теңгеге дейін өсіру,

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең жоғарғы мөлшерін осы жылғы 50 851 теңгеден алдағы жылы 69 049 теңгеге дейін ұлғайту,

Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерін 2025 жылғы 3 932 теңгеден 2026 жылы 4 325 теңгеге дейін көбейту,

Ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) – 85 000 теңге көлемінде қалдыру ұсынылған.

Егер заң жобасының осы көрсеткіштеріне ел Парламенті өзгеріс енгізбесе, олар осы күйде қабылданып, күшіне енеді.

Айта кету керек, 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген дара кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 874 108-ді құрады, соның ішінде 1 782 349 жеке кәсіпкер жұмыс істеп тұр. ЕТЖ 2026 жылы артпаса, осы екі миллиондай кәсіпкердің иығындағы ауыртпалық та артпайды.

Өйткені олардың төлейтін салығы ең төменгі жалақымен тікелей байланысты: ЕТЖ өссе, жеке кәсіпкерлердің төлейтін алым салығы мен жарна-аударымдары да күрт артады. Сондықтан бұл олар үшін қазіргі күйзелісті шақта жақсы жаңалық.

Еңбекминінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің өкілі Шалқар Оразбековтің түсіндіруінше, қазіргі кезде еңбек ведомствосы ең төменгі жалақыны өзгертудің еңбекақы төлеу қорына ықпалына, бизнестің шығындарын ұлғайтуға және басқа параметрлеріне талдау жүргізуде.

Журналистер одан: "Қазіргі қымбатшылық заманында 85 мың теңгелік жалақыға лайықты өмір сүруге бола ма?!", – деп сұрады.

"Ең төменгі жалақы – бұл ешқандай біліктілігі жоқ жұмысшының еңбекақысының мөлшерлемесі. Жұмыс берушілер одан төмен жалақы белгілемеуі үшін бұл ставканы мемлекет бекітеді. Жұмысшының білімі, дағды-машығы, біліктілігі деңгейі неғұрлым жоғары болған сайын, оның жалақысы да соғұрлым жоғары болуға тиіс. Мынаны түсініп алуымыз керек: ең төменгі жалақы – елдегі орташа жалақы емес, ол қарапайым, біліктілікті талап етпейтін жұмыс үшін төлем төлеуге арналған әлеуметтік бағдар ғана", – деді Оразбеков.

Яғни, жұмысшы ЕТЖ-дан жоғары жалақы алғысы келсе, мемлекеттік білім грантын жеңіп алып, университетте ақысыз оқуға, тегін оқу курстарынан өтуге, біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар.

Шенеунік мемлекеттің ең төменгі жалақы көлемін 2021 жылдан бері екі есеге жуық – 42 500 теңгеден қазіргі 85 000 теңгеге дейін өсіргенін еске салды. Әрі қарайғы мөлшері бизнеске түсетін салмақты бағамдау қорытындыларына, экономиканың жай-күйіне және еңбек өнімділігіне байланысты болады.

Бұл ретте қазақстандық еңбеккерлер жұмыс көрігін қыздыруда. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан экономикасы бойынша тұтастай алғанда еңбек өнімділігі әрбір жұмысшыға шаққанда 2023 жылы 11 млн 461,4 мың теңгені құрады. Бұл 2022 жылғыдан 4,6% жоғары. 2023 жылғы орташа бағам бойынша 25,5 мың долларға тең.

2024 жылы еңбек өнімділігі кезекті тарихи рекорд орнатты: әрбір жұмысшы орта есеппен 12,6 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл шамамен 26,9 мың долларға барабар. 2023 жылмен салыстырғанда көрсеткіш бірден 11% өсті.

Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, Үкіметтің ең төменгі жалақыны өсірмеу туралы шешімі – мәжбүрлі шара. Өйткені егер ЕТЖ көтерілсе, онда мемлекет мойнындағы миллиондаған мемлекеттік қызметші мен бюджеттік сала қызметкерлерінің де жалақыларын арттыруға тура келеді.

"Мемлекетті бұл қадамға бюджет тапшылығы, республикалық бюджет шығыстарының кірісінен қатты асып кетуі, салықтың азаюы сияқты факторлар итермелеп отыр", – деп мәлімдеді Бейсембаев.

Экономист ең төменгі жалақыны өсіру басқа салалардағы еңбекақыларды индексациялауды талап етіп, тізбекті реакция туғызатынына назар аудартты. Бұл бюджет тапшылығын одан сайын ушықтырып жібереді.

Бейсембаев бұдан бұрын Еңбек министрлігінің ЕТЖ-ні есептеу әдістемесін өзгертуге талаптанып көргенін еске салды: дамыған елдердің тәжірибесіне сәйкес, ең төменгі жалақы көлемі адамның лайықты өмір сүруіне жетуі үшін оны медианды жалақыға телу қарастырылды.

Бұл әдістеме бойынша ЕТЖ медианды жалақының кем дегенде 50%-ын құрауға тиіс. Ұлттық статбюроның мәліметінше, 2025 жылдың ІІ-тоқсанында Қазақстан бойынша медианды жалақы 316 152 теңгені құрады.

Ендеше бұл әдістеме бойынша елдегі ең төменгі жалақы 158 мың теңгеден жоғары болуы керек. Бұл қазіргі мөлшерлемесінен 2 есеге жуық көп. Дегенмен, экономистің тұжырымдауынша, бюджет мұндай жүктемені көтере алмайтын болғандықтан, Еңбекминінің бұл жобасы доғарылған.

2020 – 2026 жылдар аралығындағы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшері:

2000 жылғы 1 қаңтардан – 2 680 теңге;

2001 жылғы 1 қаңтардан – 3 484 теңге;

2002 жылғы 1 қаңтардан – 4 181 теңге;

2003 жылғы 1 қаңтардан – 5 000 теңге;

2004 жылғы 1 қаңтардан – 6 600 теңге;

2005 жылғы 1 шілдеден – 9 200 теңге;

2005 жылғы 1 қаңтардан – 7 000 теңге;

2006 жылғы 1 қаңтардан – 9 200 теңге;

2007 жылғы 1 қаңтардан – 9 752 теңге;

2008 жылғы 1 шілдеден – 12 025 теңге;

2008 жылғы 1 қаңтардан – 10 515 теңге;

2009 жылғы 1 қаңтардан – 13 470 теңге;

2010 жылғы 1 қаңтардан – 14 952 теңге;

2011 жылғы 1 қаңтардан – 15 999 теңге;

2012 жылғы 1 қаңтардан – 17 439 теңге;

2013 жылғы 1 қаңтардан – 18 660 теңге;

2014 жылғы 1 қаңтардан – 19 966 теңге;

2015 жылғы 1 қаңтардан – 21 364 теңге;

2025 жылғы 1 қаңтардан – 85 000 теңге;

2016 жылғы 1 қаңтардан – 22 859 теңге;

2017 жылғы 1 қаңтардан – 24 459 теңге;

2018 жылғы 1 қаңтардан – 28 284 теңге;

2019 жылғы 1 қаңтардан – 42 500 теңге;

2020 жылғы 1 қаңтардан – 42 500 теңге;

2021 жылғы 1 қаңтардан – 42 500 теңге;

2022 жылғы 1 қаңтардан – 60 000 теңге;

2023 жылғы 1 қаңтардан – 70 000 теңге;

2024 жылғы 1 қаңтардан – 85 000 теңге;

2026 жылғы 1 қаңтардан – 85 000 теңге (жоба).

Экономист Расул Рысмамбетов ең төменгі жалақыны көтеруге абай болу қажеттігін ескертті.

"Егер ЕТЖ-ні 200 мың теңгеге дейін көтеру қажет болса, көтеруге де болар. Бірақ онда адамдарға миллиондаған теңге айыппұл келе бастауы мүмкін екенін де ескеру керек. Себебі, АЕК, ЕТЖ деген көрсеткіштер айыппұлдар және басқа да жақсы емес түрлі есептемелерде қолданылады. Олар да ұлғайып кетеді. Техникалық тұрғыдан ЕТЖ-ні өсіре салуда тұрған қиын ештеңе жоқ. Заң мен әдістемені өзгерте салса, жетеді. Бірақ оның салдарлары қиын болуы мүмкін", – деді Рысмамбетов.

Оның байламынша, Үкімет бірінші кезекте қымбатшылықты құрықтап, инфляцияны азайтуға тиіс. Әйтпесе, бағалар қазіргі қарқынмен құнсыздана берсе, 85 мың түгіл, 200 мың теңгеге де лайықты өмір сүру оңай болмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу