Үкіметке отставкаға кету ұсынылды

4327

Елбасы үкіметтің үрейлене беретініне кейіді.

Үкіметке отставкаға кету ұсынылды

Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев банктерден қаптатып кредит алып алып, оны қайтармай жүрген дәрменсіз бизнесмендерді жазалауды тапсырды. Ал олардың қарызға белшеден батқан кіріссіз кәсіпорындары жабылуға тиіс.

Өткен жылдың қорытындыларына және жаңа жылда қойылар жаңа міндеттерге арналған үкімет жиынында ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктердің ұзақ жылдар бойы оңды-солды несие үлестіріп келгеніне, енді ол борыштарын бизнесмендердің қайтармай отырғанына шағымданып, соның салдарынан банктерді сауықтыру оңайға түспей отырғанын алға тартты.

"Соңғы он жыл ішінде банктердің экономикаға құйған кредиттері 5,5 триллион теңгеге дейін ұлғайды, яғни 70 пайызға өсті. Осы кезең ішінде жеті банкті жою және тағы екі банкті сауықтыру үшін олардың бес триллион теңгедей борышы есептен шығарылды. Яғни, кредит алушылар осы жылдар бойы сонша несие алып, қайтармай қойған. Кредиттер бірте-бірте "проблемалы" сипатқа ие болып, олар бойынша қызмет көрсету тоқтатылған. Біз статистиканы қарадық, несиелерін қайтармаған кәсіпорындардың көбі ары қарай да жұмыс жасауын жалғастыруда. Әсіресе, бұл шағын бизнеске қатысты. Олардың көбісі дәрменсіз күйде. Олардың төл капиталы жоқ және жаңа арзан кредиттерді талап етеді. Барлығы әлденеше рет қайта несиелендіруден өткен, борыштары тоқтаусыз өсуде", – деді қаржылық реттеушінің басшысы.

Мұны естіген елбасы кредитін қайтармайтындарды қатаң жазалауды жүктеді.

"Бұған біздің өзіміз кінәліміз: дұрыс басқару болмады, дұрыс бақыланбады. Құрып бара жатқан компанияларға неге несие берілген? Кесірінен, қаражат құмға сіңді. Үкімет те бұл іске назар аудармаған. Кім көрінгенге берген. Компания несие алып, уақытында қайтара алмаса, онысын жабу үшін банк несие береді, одан кейін тағы да ұсынады. Бұларға ары қарай да кредит бере береміз бе, әлде тәртіп орнатамыз ба? Қазір дәрменсіз екен, одан әрі де сол күйде жалғастыра бере ме? Бұларға қылмыстық істер қозғалып, барлық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы қаржының қайтарымы қамтамасыз етілуге тиіс", – деп баса айтты президент.

Ол осы іске ұлттық банктің өзі тежегіш болғанын да еске салды:

"Мен осы мақсатта жеке қадағалаушы комитет құру туралы айтқанда, сен оны өзің-ақ жасай алатыныңды айтқансын! Енді қадағала. Тиісті заң қабылданды. Әйтпесе, әрбір акционері банктің қазынасына қол салып, ұрлайды, біз болсақ, ол қашып кеткен соң, соңынан қуып жүреміз. Одан бұрын сендер қайда болдыңдар? Бұл жаман жұмыс!" - деп кейіді Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевке.

Айтқандай, мемлекет басшысының тапсырмасымен, экономиканы, бизнес саласын несиелендіруге және теңгедегі "ұзын кредиттерді" қамтамасыз етуге ұлттық банк 600 миллиард теңге бөлуде. Бұл қаражат та банктерде орналастырылып, солар арқылы таратылады.

Бұл ретте Данияр Ақышев "Атамекен" ұлттық палатасымен бірге, сол қаражаттарды алатын компаниялардың және салалардың тізімі жасалғанын жеткізді.

"Егер сіздер осы қаражатты тағы да бірнеше қайтара несиелендірілген нашар компанияларға берсеңіздер, әлгі жайт қайталанады. Ақша құриды, банктер тағы да нашар күйге түседі. Бұл миллиардтар тек жұмысының тиімділігі мен табыстылығын, берілген несиені қайтара алатынын өз тәжірибесімен паш еткен компанияларға ғана берілсін!" – деп нықтады ел президенті.

Айта кету керек, осы отырыста үкімет мүшелері елбасыдан көп сын естіді.

"Сендер үкімет те, министр де емессіңдер, сендер – қорқақсыңдар!" - деді премьер Бақытжан Сағынтаев пен ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің бірлескен жұмысына көңілі толмаған президент.

"Қаржылық жүйеге келсек, әлдекім банк құрады. Оның жұмысына рұқсат етілген соң, халық сеніп, ақшасын әкеледі. Оған квазимемлекеттік сектор да қаржысын орналастырады. Артынша ол ақшаларды акционерлер суыртпақтап, ұрлай бастайды. Қашып кеткен соң, біз қуа жөнелеміз. Бұл – қолдан түк келмейтінін білдіреді. Данияр (Ақышев), енді бұған басыңмен жауап бересің! Акционерлер ел қаржысын жымқырмауын қадағалауға жауаптысың. Экономиканы банкроттардан тазартпай, біз орнықты дами алмаймыз. Үкімет те, банктер де сүріне беретін болады. Банкроттау институты нарықтық елдерде кең таралған құбылыс. Ал сендер одан қорқасыңдар. Сендер үкімет те, министр де емессіңдер, сендер – қорқақсыңдар! Шешім қабылдауға келгенде, аяқ-қолдарың дірілдейді. Не үшін мына жерде отырсыңдар? Барлық банктерді тазартып беріңдер, содан кейін бұл үкімет өз борышын орындады деп санаймыз. Содан кейін отставкаға кете беріңдер! Сендердің жұмыстарың осы болады", – деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл шаруашылығы саласының дамуына да көңілі толмады. Үкімет басшысының орынбасары-ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев 2018 жылы ет экспортының көлемі 19 мың тоннаға жеткенін, ал келесі жылы одан да үлкен меже бағынатынын мақтана айтқан.

"2017 жылы сиыр етінің экспорты 5 мың тоннадай ғана болған. Былтыр осындай кеңесте мен 15 мың тонна межеге қол жеткізуге уәде еткенмін. Ал жыл соңында-ақ біз 19,9 мың тонна ет экспорттадық. Келесі жылға 25 мың тонна деген меже белгілеп отырмыз", – деді вице-премьер.

Бірақ оның желпінген көңілін елбасы су сепкендей басты: осыдан көп жыл бұрын ауыл шаруашылығы министрі болып тұрғанда, Асылжан Мамытбековтың ет экспортын қазірден-ақ 60 мың тоннаға жеткізуге уәде бергенін еске салды. А.Мамытбеков саладан ешқайда кеткен жоқ, қазір "ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы" жоғары лауазымын атқарады. Мемлекет басшысы оны орнынан тұрғызды:

"Сенің айтуыңмен, кезінде біз асыл тұқымды қымбат сиырлар мен бұқаларды шетелден лек-лекпен алып келдік. Айтшы, солар арқасында ет экспортын қаншаға жеткізбекші болдық? 60 мың тоннаға! Асылжан, қайда сенің айтқаның! Министр қызметінен кеттің, бәрін ұмыттың ба? Қаншама мал әкелдің, қаншама қаржыны шығындадың", – деп қынжылды Нұрсұлтан Назарбаев.

АШМ жауапты хатшысы 60 мың тонна деген жоспар ұсынғанда, фермерлердің қосып жазған деректеріне сеніп, солар жаңылыстырғанына сілтеді.

"Ол кезде қағаз жүзінде 6 миллион сиыр болған. Бірақ олардың бәріне арнайы сырға ілген кезде, 1,5 миллионы болмай шықты. Содан көрсеткішіміз құлдырады, орындалуға тиіс межелер де кейінге ысырылды. Қазір ол жоба іске асырылуда. 2018 жылы 20 мың тоннаға жетті. Келесі жылға 30 мың тонна көрсеткіш белгіленді. Екі-үш жылда алпыс мыңға да жетеміз!" - деп сөз берді Асылжан Мамытбеков.

Мемлекет басшысы егін шаруашылығына да көңілтолмастық білдірді.

"Дамыған елдердегідей технологиялары цифрландырылған әр гектардан екі гектарға барабар өнім жинауға болады. Әр гектарынан өнім кем дегенде 25 центнерден айналады. Әйтпесе, қаншама гектарды босқа өңдеп, тұқым сеуіп, қаншама жанар-жағармайды босқа жағудасыңдар. Дамыған елдер біздегіден 7 есе көп өнім алады. Ең құрығанда, үш есе болса ғой. Ахметжаннан (Есімов) бастап, бұл салада кілең корифейлер жұмыс істейсіңдер. Ешқайсың жақсы көрсеткіш көрсеткен жоқсыңдар!" – деді президент.

Әйткенмен, отырыс соңында елбасы суық райынан қайтты.

"Нақты жұмыс жоқ, тек сөзге қойғанда, алдасыздар. Премьер-министр жеке өзі барлық айтылғанның байыбына баруы, мәселелерді шешуі керек. Аттан түспеу қажет. Мен "отставкаға кетіңдер" деп жай айттым. Кетудің керегі жоқ, қайта жұмыс жасаңдар, нәтижесін баяндаңдар. Әрбір министр өз лауазымдарына мұқият іріктеуден кейін тағайындалған. Әрқайсыңызды білемін, кімнің қандай әлеуеті, білімі барлығын білемін. Қазіргі үкімет кез келген міндетті орындауға қабілетті деп санаймын. Тек күн-түн демей, жұмыс туралы ойлауы керек", – деп түйді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиында елбасы отандық жеңіл өнеркәсіпті қолдау үшін барлық министрлер мен әкімдерге Қазақстанда тігілген костюм-шалбар киіп жүру туралы тапсырма берді.

Сондай-ақ "7-20-25" үлгісінде азаматтардың отандық көліктерді сатып алуын ынталандыратын жаңа бағдарлама пайда болатыны мәлімделді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу