banner

Үкіметте алда кең ауқымды қысқартулар басталмақ

3611

Қазақстанда жоспарланып отырған "саяси салмақтың ауысуын" ғаламат қарқынмен, өте тез өткізудің үлгісі бар: Венгрияға бұл процеске он ай, Шығыс Германияға – он апта, Чехословакияға – он күн жеткілікті болды.

Үкіметте алда кең ауқымды қысқартулар басталмақ

"Орталықсыздандыру", децентрализация сөзі бұрынғы билік тұсында да сәнге айналған. Алайда ол кезде билік мұны тиімді жүзеге асыра алмады. Барлығын қадағалайтын "супермықты" президенттік институт сақталды, Парламенттің пәрмені артпай, ол негізінен Президент пен Үкіметтің қабылдаған шешімін рәсімдейтін канцеляриялық орган сипатында қалды, саяси салмақты мәселелерде депутаттарға өз бетінше шешім қабылдауға тосқауыл қойылды. Мысалы, өз депутаттарының қалай дауыс беретінін фракциялар анықтайды. Мәжіліс тек партиялық тізіммен қалыптасқандықтан, ал Сенатта басым көпшілігінде бұрынғы облыс басшылары отырғандықтан, Парламент Президент әкімшілігінен тәуелсіз, биліктің бөлек тармағы ретінде қызмет ете алмады.

Өз кезегінде барлық әкімдердің Үкіметке бодандығы сақталуда. Кез келген ірі, ілкімді жобасын қаржыландыру үшін әкімқаралар Астанаға қарайлап, осындағы министрлердің келісімін алуға мәжбүр. Экс-Президент белгілеп бергендей, әкімдер "орталықтың саясатын өңірлерде жүзеге асырушы өкіл" мәртебесінде ғана қалды. Федеративтік емес, унитарлы мемлекет үшін бір жағынан бұл қажет те шығар. Алайда PhD доктор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Шахназ Халықованың түсіндіруінше, әкімдер бірінші кезекте өзіне сеніп тапсырылған өңірдегі тұрғындардың әл-ауқатын көтеріп, экономиканы қарыштап дамыту үшін бар күш-жігерін салуға, соған қарым-қабілеті мен әлеуетін барынша жұмсауға, жергілікті ресурстарды осы мақсатқа жете жұмылдыруға тиіс. Әр өңірдің жағдайын соның әкімі жақсы білуі шарт. Яғни, облыстың қалай дамуы, неге мамандануы керектігін министрліктер емес, әкім шешуі қажет. Ал орталық тек ортақ бағыт-бағдарды белгілейді. Әзірге бәрі керісінше болып тұр.

"Биліктің көзбояу емес, шынайы трансформациясы, биліктер арасының нақты ажыратылуы және бір-бірінен тәуелсіздігі, атқарушы биліктің өзгелеріне ықпалын доғару, азаматтардың іс жүзінде саяси құқықтар мен бостандыққа қол жеткізуі, жеке меншік институтының қорғалуы және құрметтелуі – осының бәрі демократияланудың көрінісі болмақ. Алайда билік органдарының децентарлизациясын жүргізбей, демократияландыру процесі шын мәнінде ілгері баспайды. Бұл үдеріс қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік, тіпті мәдени өміріне қатты әсер етеді. Себебі, орталық емес, дәл жергілікті басқару органдары тұрғындардың күнделікті, мейлінше маңызды қоғамдық мәселелерін шешеді. Бұл азаматтардың жергілікті билік органдарының қызметіне белсенді араласуына, оны басқаруға ынта-ықылас танытуына түрткі болады. Халық жергілікті деңгейде де ештеңе шешпейтінін түсінген соң, мемлекет ісіне араласпай, селсоқтық танытады. Ондай ел алысқа ұзамайды, адымы ашылмайды", – деді ғалым.

Яғни, орталықсыздандырудың еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына серпін беретін ғаламат энергиясы бар. Бұған дейін билік орталықсыздандыру дегенде негізінен, бюджеттің төртінші деңгейін – ауыл бюджетін енгізумен және ауыл әкімін сайлаумен шектеліп келді. 

Енді не өзгермек?

Біріншіден, Үкімет әрбір әкімнің әр басқан қадамын бақылап, рұқсат беріп отырмайды. Бақылау, қадағалау фунцияларының көбінен айырылса, Астанадағы 20 қабаттық "Үкімет үйінде" Премьердің үлкен командасын ұстап отырудың қажеті болмай қалады.

Сондықтан Президенттің тапсырмасымен, Үкімет басшысының командасын оңтайландыру басталады. Премьер-министр Кеңсесіндегі көптеген лауазым қысқартуға ілігеді деп күтілуде.

Мәселен, қазір Премьер-министр Кеңсесі басшысының 6 бірдей орынбасары бар. Елордадағы "Мәңгілік ел даңғылы, 6" мекенжайындағы зәулім ғимаратта Премьер-министрдің хатшылығы, Жобалық басқару орталығы, Үкіметтің Парламенттегі өкілдігі институты, Өңірлік даму бөлімі, Экономикалық бөлім, Индустриялық-инновациялық даму бөлімі, Әлеуметтік-мәдени даму бөлімі, Сыртқы экономикалық ынтымақтастық және протокол бөлімі, Қорғаныс және құқықтық тәртіп бөлімі, Мемлекеттік құпияларды қорғау және арнайы байланыс түрлері бөлімі, Жиынтық-талдау бөлімі, Заң бөлімі, Қаржы-шаруашылық бөлімі, Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі, Кадр жұмысы бөлімі және басқасы орналасқан. Олардың әрқайсысы өз алдына бюрократия толқынын тудыруға әлеуетті. Реформа қорытындысында ондағы қанша бөлім-мекеменің қалатыны келесі жылы анықталады. Тіпті әлдебір бөлім сақталғанның өзінде оның штаты қазіргідей болмасы даусыз.

Екіншіден, Президенттің тапсырмасына сәйкес, Премьер-министр Кеңсесі деген ұғым да жойылады. Бұл жаңалық Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатқан "ҚР кейбір конституциялық заңдарына әкімшілік реформасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" конституциялық заңының жобасында қарастырылған.

Министрлік сарапшылары "Үкіметтің ықшам аппаратын құру", яғни оны қысқарту – жоғары деңгейде шешімі қабылданып қойылған мәселе екенін білдірді. Бірақ оның мерзімі пысықталуда. 

"Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан төрт рет ауқымды әкімшілік реформа жүргізді. Соған қарамастан, еліміздің мемлекеттік аппаратында сол бойы жедел және тиімді шешім қабылдау деген жоқ. Бұған мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы жауапкершілік аймағының анық болмауы да кесірін тигізіп тұр. Бұған қоса, орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының нақты салада іс жүргізу кезіндегі дербес жауапкершілігі жоқ. Тіпті нақты салалық саясат үшін де жауапкершілік Үкіметке жүктелген. Бірақ Үкімет "Ұжымдық кабинет" ретінде жауапкершілік арқалайды. Салдарынан дербес жауапкершілік ешкімге жүктелмейді", – деген түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі.

Келесі 2023 жылдың бірінші жартысында Парламент сайлауы өтпек. Ал жаңарған Конституциямыздың 70-бабына сай, Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Сондықтан келесі жылы жаңа Үкіметті де әкімшілік реформа аясындағы жаңа талаптарға сәйкес қалыптастыруға болар еді. 

Бірақ бұл істе енді әкімшілік реформаға жауапты Ұлттық экономика министрлігі батылдық пен әбжілдік таныта алмай отыр. 

Ведомствоның ұстанымынша, әкімшілік жаңғыру аясында алдымен орталық меморгандардың бірінші басшыларының нақты салада істерді жүргізудегі дербес жауапкершілігін арттыру қажет. Алдағы жыл бойы терең әкімшілік реформаға қажетті заңдар қабылданады. 

Содан соң екінші кезеңде, яғни 2024 жылы мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді орталықсыздандыру науқаны жүргізіледі. 

Үшінші кезеңде, 2025 жылы Премьер-Министр Кеңсесі жойылып, ол мемлекеттік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін Үкіметтің ықшам аппаратына трансформацияланады. Осы жылы сондай-ақ Үкіметті біраз функциясынан айыру, орнына орталық мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін кеңейту үрдісі іске асырылмақ.

Реформа 2026 жылы – азаматтардың мемлекетпен өзара іс-қимылын жақсартуға, 2027 жылы – клиентке бағдарланған және ашық мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталады. 2028 жылы бұған дейін жүргізілген реформаны пысықтап, мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту пайымын қалыптастыру жоспарланған.

Осылайша, жауапты орган әкімшілік реформаны бірнеше жылға созып жіберуді ұсынып отыр. Оның өз орындылығы да бар, сонымен бірге ол шенеуніктердің шабандығын да паш етеді.

Мысалы, шетелдік тәжірибеге жүгінсек, тіпті дамушы елдердің өзі билікті орталықсыздандыруды шапшаң, бірақ тыңғылықты жүргізген. Оның ізгі үлгісі жетерлік. Қызыл империя – Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Орталық-Шығыс Еуропа елдері бұл істі көз ілеспес жылдамдықпен, жан-жақты жүргізе алды. Саяси салмақтың орталықтан өңірлерге ауысуы өте тез болды: тек Польшада бұл процеске он жылға жуық уақыт кетті, ал Венгрияға – он ай, Шығыс Германияға – он апта, Чехословакияға – он күн жеткілікті болды.

Индонезия және Пәкістан сияқты Азия елдері "жедел орталықсыздандыруды" жүзеге асыруды мақсат етіп отыр. Тек Батыс Африка елдері реформаны біртіндеп, асықпай жүргізу жолын таңдады. Соған қарағанда, осы салада Смайылов Үкіметі Африкаға бағдарланып отырғандай. Бірақ бұл жоспарға Мемлекет басшысы түзету енгізуі мүмкін. Бір реттік 7 жылға ғана сайланған оның найқалып-жайқалып жүруге мұршасы жоқ. Егер үлгермесе, жинақы, ықшам емес, бюрократияландырылған Үкіметті және еріксіз, ырықсыз, батыл бастамаға жоқ әкімдерді "мұраға" қалдырса, Қазақстанның келесі Президентіне азат ел тарихындағы алтыншы әкімшілік реформаны бастауға тура келмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу