Үкіметтік бағдарлама стартаптарға серпін берді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2520

Қазақстанда тіркелген бизнестің тек 33 %-ы ғана нақты жұмыс істеп жатыр.

Үкіметтік бағдарлама стартаптарға серпін берді

2016 жылы агроөнеркәсіптік кешен, туризм мен телекоммуникация салаларында стартаптар көптеп ашылған. 

Ал оны қаржыландыру жағына келер болсақ, жекелеген бизнес те, банктер де жаңадан ашылып жатқан компанияларға инвестиция салуға құлықты емес. Мамандар оның себебін тәуекелдің көптігімен және бизнес-жоспарлардың әлсіздігімен түсіндіреді.

Үкіметтік бағдарлама халықтың көбін фермер қылып жіберді

Ауыл шаруашылығы саласында жаңадан ашылған шағын компаниялар саны 14,5%, тамақтандыру және қонақүй қызметіндегілер 12% және телекоммуникациядағы шағын компаниялар саны 10% ұлғайды.

Жалпы, бір жылда шағын кәсіпорындардың тіркелу көрсеткіші 7 пайызға көбейді.

Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстанда бизнестің жаңа түріне айналып келеді. 2016 жылдың ақпан айына қарай тіркелген шағын бизнестің саны 1814-ке артты. Ал секторда жалпы 14,4 мың шағын кәсіпорын бар. Солардың ішінде 37 пайызы қалыпты жұмыс істеп тұр.

Айта кетейік, Қазақстанда тіркелген бизнестердің тек 33 пайызы ғана белсенді. Ауыл шаруашылығы бойынша белсенді бизнестің өсімі 13 пайыз болса, республика бойынша барлық салалар бойынша 7,1 пайыз.

Ауыл шарушалығындағы бизнестің белсенділігінің күрт артуы мемлекеттік қаржыландырудың қарқын алуымен байланысты. Соның ішінде кооперация қызметтері бизнеске қан жүгіртуде.

Ал банктерге келер болсақ, 2016 жылы екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығын қаржыландыру көрсеткіші 28,1 млрд теңгеге көбейіп, 681,8 млрд теңге болған еді. Шілде айына дейін несие беру көлемі көбейгенімен, сол айдан бастап жыл соңына дейін керісінше азая бастады.

Қалай дегенде де банктер ауыл шаруашылығын несиелеудің тәуекелі көп екенін алға тартып, несиелеуде тартыншақтауда.

Қазіргі таңда банктердің ауыл шаруашылығын тікелей қаржыландыруы сирек. Негізінен шаруалар несиені "Даму" қоры арқылы рәсімдеп жатыр.

Туризммен айналысқысы келетіндер де көбейді

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қазақстанда осы сала үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындау мәселесі сөз болған еді. Бірер апта бұрын өткен Қазақстан-Қытай бизнес форумында "Атамекен" КҰП-тың басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай мәлімдеген.

"Осы жылдың тамыз айында бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтың алдында осы салаға қатысты сұрақтарды көтерген болатынбыз. Кеше жаңа үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осы мәселеге қатысы ведомствоаралық үкіметтік жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Жұмыс тобына Асқар Мамин жетекшілік ететін болады. Келесі аптада біз туризм саласын дамыту бағдарламасын талқылайтын шығармыз. Бұл мәселеде барлық жағын қарастыру керек. Мысалы, виза, кеден, миграциялық қызмет және автомобиль жолдары, қандай жеңілдіктер болуы қажет деген сұрақтарға жауап табылуы шарт. Туризм мемлекет тарапынан барлық қолдауға ие болуы керек", – деген еді төраға.

Былтырдан бері қонақүй және тамақтандыру қызметтерінде стартаптар саны айтарлықтай ұлғайған. Саладағы бизнестің тіркелуі бір жылда 503-ке артып, жалпы саны 5,3 мың компанияға жетті. Туризм индустриясында бизнестің әрі қарай жұмыс істеп кету мүмкіндігі 1/3-ге тең. Тіркелген бизнестің бұл салада да тек 33,4 пайызы ғана жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, аталған салада да соңғы жылдары бизнестің белсендігі артып келеді. 2016 жылдың ақпан айымен салыстырғанда туризм саласындағы белсенді компаниялар саны 16,1 пайызға артты. Бұған "2020 жылға дейінгі туризмді дамытудың тұжырымдамасы" түрткі болған сыңайлы.

Ал кей сарапшылар саладағы компаниялардың саны көбейе бастағанын және белсенділіктерінің артуын алдағы ЭКСПО көрмесі мен өтіп кеткен қысқы Универсиадамен байланыстырады.

Қалай дегенде де, 2017 жыл туризм саласы үшін тиімді болғалы тұр. Бір қызығы халықтың төлем қабілетінің төмендеуі де ішкі туризмге оң әсер еткен. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы туризм бизнесінің табысы 40% өсті. Ішкі туризм сыртқы туризмді біртіндеп ығыстыруда. 

2016 жылы шетелге демалысқа аттанғандар саны 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 млн-ға кем.

Естеріңізге сала кетейік, 2014-2015 жылдары туристік нарық табысы азайған еді. 2014 жылы табыс 21 пайызға қысқарса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 4 пайызды құраған.

Ал Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 79 мыңға ұлғайып, 6,5 млн адамға жетті.

Тиісінше, бір жыл ішінде елдің ішінде демалатын қазақтардың саны 441 мыңға көбейіп, 4,6 млн адамға жетті.

Қазақстанның ішкі туризмінің үлесінің артуына себеп болған фактор әуе билеттерінің, қонақүйлер мен туристік пакеттердің, сонымен қатар виза құнының қымбаттауы.

Телекоммуникация – шағын бизнестің кенже өкілі

Телекоммуникация саласындағы шағын компаниялар базасы бір жылда 827-ге көбейіп, 10 пайыз артты. Бәсекелестіктің жоғарылығы компанияларды белсенді жұмыс істеуге итермелеуде. Бұл саланың да дамуына “Сандық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының көмегі көп болады деген болжам бар.

Стартаптар нарығына сараптама жасап көретін болсақ, Қазақстандағы дамушы бизнес секторларының барлығы осы саладағы мемлекеттік бағдарламаның қуатына тікелей тәуелді болып отыр. Осыған дейін айтарлықтай деңгейде нарықты жаулай алмаған отандық телекоммуникация биылдан бастап жаңа деңгейге көтерілетін сыңайлы.

Естеріңізде болса, биылғы жолдауда президент үкіметке "Сандық Қазақстан" бағдарламасын құруды тапсырған еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында атқарушы билік осы саладағы кәсіпкерлерге қолдауды көбейте бастады.

Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Астанада IT стартаптар хабы құрылып, көрмеден кейін де ол орталық жұмыс істей беретіні туралы айтылуда. 

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу