Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру керек – Тоқаев

805

Қазақстан Үкіметін Олжас Бектенов басқаратын болды.  

Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру керек – Тоқаев  Фото: Inbusiness.kz

Елімізге жаңа экономикалық модель керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жаңа экономикалық даму жағдайына бейім болып, кез келген қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін Үкіметтің өзі де толық қайта жандануға дайын болуы тиіс. Соның арқасында өзекті мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, барлық реформаторлық шешімдер қабылдау мүмкін болмақ. Жалпы Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет деп ойлаймын. Бүкіл қоғамның күтіп отырғаны осы. Сол себепті кеше мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтың отставкасы туралы өтінішін қабылдадым. Министр Әлихан Асханұлының басшылығымен Үкімет ел экономикасында және әлеуметтік салада тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қарқынды дамуға қажетті маңызды қадамдар жасады", - деді Президент Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, өткен жылы елдің экономикалық дамуында жақсы көрсеткіштер тіркеліп, өсім 5 пайыздан асқан.

"Қазір алдымызда өте ауқымды биік мақсаттар тұр. Сондықтан дереу жұмыстарға кірісу қажет. Егер біз бес жылдан кейін экономикамызды 2 есе ұлғайтамыз десек, жаңа экономикалық модель керек. Әлеуметтік-экономикалық дамуда жаңа көзқараспен қарау қажет. Соған байланысты Үкіметтің қаржы-экономикалық тобы өзгереді, жаңа тұлғалар тағайындалады. Мен бүгін Конституцияның 44-бабының 3 тармақшасына сәйкес ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Абайұлы Бектеновтің кандидатурасын Мәжілістің қарауына ұсынамын. Бұл кандидатураны әуелі Amanat партиясы ұсынды, мен бұл ұсыныспен келістім. Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын. Сіздер келісім берген жағдайда Үкіметтің жаңарған құрамы табыстарымызды сақтай отырып, Қазақстанды сапалы даму жолына шығару үшін бар күш-жігерлерін салады деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 7 ақпан күні өтетін Үкіметтің кеңейтілген жиынында жаңа құрамның алдында тұрған маңызды міндеттерге толық тоқталатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу