ҰҚК басшысы босатылды, ІІМ министрі ескерту алды: Президент бәрінен хабардар болған

1096

Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті.

ҰҚК басшысы босатылды, ІІМ министрі ескерту алды: Президент бәрінен хабардар болған Фото: ЖИ негізінде жасалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды. 

Жалпы, "Самұрық-Қазына" қоры мен "Қазақстан темір жолы" компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. 

Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді.

Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. 

Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, "Заң мен Тәртіп" қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. 

Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу