АҚШ жақын арада Patriot әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандарды Украина жерінде өндіруге лицензия беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Дональд Трамп Анкарада өткен НАТО саммиті барысында айтқан. Оның сөзінше, Вашингтон Киевке қажетті технологияларды ұсынып, өндірісті жолға қоюға мүмкіндік жасайды.
Бұл шешім Украина үшін саммиттің ең маңызды нәтижелерінің біріне айналуы ықтимал. Өйткені, Patriot жүйелері – бүгінде Ресейдің баллистикалық зымырандарына қарсы тұра алатын ең тиімді қорғаныс құралдарының бірі.
Трамптың сөзінше, АҚШ Украинаға қаруды өз бетінше өндіруге жағдай жасамақ. Бұл қадам Украинаға ұзақ мерзімде әуе қорғанысы саласында тәуелсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Десе де, сарапшылар өндірістік желіні іске қосу, мамандарды даярлау және технологиялық тізбекті қалыптастыру бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін жасырмайды.
Жаза кеткен жөн, Patriot жүйесі қанатты және баллистикалық зымырандарды, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын жоюға арналған әлемдегі ең заманауи әуе қорғаныс кешендерінің бірі саналады. Украина бұл қаруды 2023 жылдан бері пайдаланып келеді және олар Киев пен басқа да ірі қалаларды қорғауда маңызды рөл атқарып отыр.