Украина армиясы контршабуылдардың негізгі фазасына кіріскен тәрізді

1838

Америка әкімшілігінің дерегінше, оған Батыс дайындықтан өткізген және қаруландырған мыңдаған жауынгер жұмылдырылып жатыр. 

Украина армиясы контршабуылдардың негізгі фазасына кіріскен тәрізді Фото: BBC

Украина  контршабуылдардың негізгі фазасына кірісіп, шайқасқа резервтен мыңдаған жауынгер қосып жатыр. Олардың көбі Батыста дайындықтан өткен. Мұны "Нью-Йорк Таймс" газеті Пентагонның екі өкілінің сөзіне сілтеме жасап хабарлады. Бұның алдында бірнеше сағат бұрын Ресей жағы Запорожье облысының оңтүстігінде украин әскерінің ірі шабуылдар жасағанын мәлімдеген еді.

РФ қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Игорь Конашенков ТАСС агенттігіне айтқандай, Украина армиясы Орехово, Работино ауылдарының маңында ресейліктердің позицияларын үш батальонмен, танктермен  алуға әрекеттенген және оларға тойтарыс берілген.

Өзге бір америкалық өкілдердің ескертуінше, украиналықтардың соңғы шабуылдары мен қатарын толықтыруы негізгі соққыға әзірлік немесе соғыстан шаршаған сарбаздарға көмекке күш жіберу әрекеті болуы мүмкін.

Украина қарулы күштері контршабуылдарды маусымның алғашқы күндері бастады. Бірақ содан бері олар үшін ресейліктердің ауыр қорғаныс шебінің осал тұстарын тауып, оларды бұзып өтіп, дұшпанды көп күшпен ығыстыру үлкен проблемаға айналып отыр.

Аталған америкалық газетке анонимді түрде берген түсініктемесінде Ақ үй мен Пентагон өкілдері Запорожье аймағында күшейген белсенділікті жіті бақылап отырғандарын айтты. Ал украиналықтардың сөзінше, сәтті өрбіген жағдайда жаңа операциялар үш аптаға созылуы мүмкін.

"Бұл – үлкен сынақ" , - дейді америкалық шенеуніктердің бірі.

АҚШ әкімшілігі мен сарапшылардың болжамынша, бұл шабуылдардың сәттілігі немесе сәтсіздігі бірнеше күнде белгілі болады.

"Жаңа соққылар Украинаға соғыстың қазіргі қарқынын өзгертуге мүмкіндік бере ме? Бұл сауалдың жауабы таяуда анықталады", - дейді "Карнеги" халықаралық бейбітшілік үшін қорының аға ғылыми қызметкері Майкл Кофман "Нью-Йорк Таймс" газетіне берген сұқбатында.

Украина билігі болса, жаңа операцияларды растаудан бас тартып отыр.

Кремль тілге тиек еткен үш батальон немесе 3000 жауынгер сондай үлкен күш емес.

Пентагонның дерегінше, Америка Құрама Штаттары мен оның батыстық одақтастары 63 мың украин жауынгерін дайындықтан өткізіп, Киевке 150-ден астам заманауи танк жіберген. Сонымен қатар, майданда бұдан әлдеқайда көп ескі танктер мен мыңдаған брондалған машина қолданылып жатыр. Олардың саны күн өткен сайын өсіп келеді. Америкалық барлаушылардың сөзінше, Украина резервтегі күштерінің көбін шайқасқа жұмылдыра бастады. Сол жауынгерлер оңтүстіктегі жерлерді дереу болмаса да, біртіндеп қайтарып жатыр.

Ресей былтыр ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін, оңтүстіктегі Запорожье аймағынан шығыстағы Донецк, Луганск облыстарына дейін созылып жатқан жүздеген шақырымдық майдан шебі бойын миналап тастаған. Және де Ресей траншеялар қазып, танкіге қарсы бөгеттер орнатып, Украинаның контршабуылдарын баяулатты. Бұл жағдай украиналықтарды ғана емес, олардың Батыстағы одақтастарын да түңілдіріп отыр.  

Орехово айналасындағы аудандар – осы контршабуылдардың негізгі үш бағытының бірі. Украина армиясы бұл өңірде қазір Токмак және Азов теңізі маңындағы Мелитополь қалаларын алып, Ресей жаулаған территорияларды екіге бөлуден үмітті. Айта кетсек, екі қала да теміржол және автотранспорт торабы саналады. Олардан айрылса, Ресейге әскерін толықтыру мен соғыстағы әрекеттерін үйлестіру қиындай соқпақ.

Аймақтағы ресейлік оккупациялық биліктің өкілі Владимир Рогов өзінің Telegram қосымшасында хабарлағандай, сәрсенбіде Ореховоның оңтүстігінде батыста дайындалған украин жауынгерлерінің, "100-ден астам" брондалған машиналардың, "Леопард" танктерінің мен америкалық Bradleу машиналарының қатысуымен үлкен ұрыс болған.

Украина Бас штабы күнделікті есебінде Ресей әскерлері Запорожье облысында тек қорғаныс операцияларын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Бірақ өзге контексттерде — теңіз бен әуеде ресейліктер шабуыл жасап жатыр. Сәрсенбі күні кешке Ресей көрші елге қанатты және баллистикалық зымырандармен соққы берді. Украина күштері 36 ракетаның 33-ін құлатқанын хабарлап отыр.

17 шілдеде Ресей кемелерге Украинадан экспорттық бидай мен басқа да азық-түлік өнімдерін тасымалдауға мүмкіндік беретін Астық келісімінен шығып, Украина порттарын бірнеше рет бомбалады. Сонымен қатар, әскери-теңіз күштерімен үстемдік ие Ресей Украинаға баратын немесе одан шығатын кез-келген кемені дұшпандікі деп қарастырылатынын мәлімдеп отыр.

Киев болса, теңіздегі шабуылдарды күшейтіп, ресейлік кемелер мен инфрақұрылымды жою үшін жарылғыш заттар толтырылған су дрондарын қолдана бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу