Украина армиясы Ресеймен соғысқа қаншалықты әзір?

3094

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, РФ әскері көрші елде табанды әрі ұзақ қарсылыққа тап болуы мүмкін.   

Украина армиясы Ресеймен соғысқа қаншалықты әзір?

Президент Владимир Зеленский бірер күн бұрын Украина қарулы күштерінің санын алдағы үш жылда 100 мың адамға арттырып, жауынгерлер мен офицерлердің жалақысын көтеру туралы жарлыққа қол қойды.

Украина армиясы адам саны мен қару-жарақ тұрғысынан Ресейге айтарлықтай есе жіберіп отыр. Дегенмен кейбір сарапшылардың пікірінше, Донбасс маңына сан мың сарбазын шоғырланғандырған Ресей Украинаға басып кіретін болса, украин жауынгерлері орыс әскеріне үлкен қарсылық көрсетіп, оны мол шығынға ұшыратуы ғажап емес.

Сонымен қатар 2014 жылы Ресей Қырым түбегін соғыссыз басып алған кездегі жағдаймен салыстырғанда, Украина армиясының дайындығы мен жабдықталуы әлдеқайда жоғары және көптеген бақылаушылар украин әскері елдің орталығын қорғауға мейлінше мүдделі деп есептейді.

Украина қарулы күштері жайлы негізгі деректеге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.  

ӘСКЕР САНЫ ҚАНША?

Адам күші мен қару-жарақ тұрғысынан Украина үшін арифметика сүреңсіздеу көрінеді.

Әскери сарапшылардың көпшілігі Ресейдің Украина шекарасы маңына орналастырған жауынгерлерінің саны шамамен 100 мыңға жуық дейді.  Дегенмен Мәскеу басып кіруді жоспарлап отырмағанын мәлімдеп келеді. Ресей, сонымен қатар өз әскерінің бір бөлігін жаттығулар өткізу үшін Украинаның солтүстігіндегі Беларуське көшірді.

Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының (IISS) мәліметтері бойынша, Ресей армиясының 280 мыңға жуық персоналы (жалдамалы әскері) бар және оның қарулы күштерінің жалпы саны 900 мыңдай болса, 2 840 жауынгерлік танкісі Украина танкілерінен үш есеге көп екен.

Украина премьер-министрі Зеленский қол қойған мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру және кәсіби армияға кезең-кезеңімен көшу жөніндегі жарлық ақыр аяғында Украина қарулы күштерінің санын 361 000 адамға жеткізуі керек.

2010 жылдан 2020 жылға дейін Украина қорғаныс бюджетін нақты түрде үш есеге арттырса, 2020 жылы оның жалпы қорғаныс шығындары небәрі 4,3 миллиард долларды немесе Ресей әскерге бөлетін қаржының оннан бір бөлігін ғана құраған.

Бірқатар сарапшыларға сенсек, Украинаның зениттік және зымыранға қарсы қорғанысы әлсіз болғандықтан, Ресей үшін көрші елдің маңызды инфрақұрылымдарына соққы беру қиын емес. Олардың пікірінше, Ресей өзінің радиоэлектрондық соғыстағы үстемдігін пайдаланып, майдан даласында қарсыласының әскерлері мен қолбасшылары арасындағы байланысты үзуге де тырысады.

УКРАИНА ӘСКЕРІ ҚАНШАЛЫҚТЫ ТӘЖІРИБЕЛІ?

Украина күштері 2014 жылдан бері Ресейге арқа сүйеген сепаратистермен соғысып келе жатыр. Олар елдің шығысындағы Донбасс аймағында жауынгерлік тәжірибе жинақтады және де оларды бүгінде соғысуға ынтасыз деп айту қиын.

Сонымен қатар Украина армиясында қысқа қашықтыққа ұшатын әуе қорғанысы құралы мен АҚШ-тан жеткізілген "Джавелин" атты танкіге қарсы қару бар. Бұның бәрі майданда Ресейдің алға жылжуын бәсеңдетуге көмектеседі.

Тұрақты армиядан бөлек, Украинада еріктілердің аумақтық қорғаныс бөлімшелері мен 900 000-ға жуық резервист бар және де жергілікті ер азаматтардың көпшілігі кем дегенде бастапқы әскери дайындықтан өткен. Сондықтан Ресей көршісінің территориясын басып алуға және оны ұстап тұруға әрекет етемін деп, табанды әрі ұзақ қарсылыққа тап болуы ғажап емес.

Бұл – Ресей үшін Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, соның ішінде 1990-жылдары Шешенстанда және 2008 жылы Грузияда жүргізген соғыстарымен салыстыруға келмейтін үлкен әскери сынақ.

БАТЫС УКРАИНА ӘСКЕРІНЕ ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСІП ЖАТЫР?

Батыс елдері Украинаға қару-жарақ жеткізуді күшейтті. Бірақ Киев жәрдем көбірек қажет дейді. АҚШ болса, Украинаға контингент жіберуден бас тартып отыр.

Америка Құрама Штаттары 2014 жылдан бері Киевке 2,5 миллиард доллардан астам әскери көмек көрсетті, соның ішінде Javelin танкке қарсы зымырандары, жағалаудағы патрульдік катерлер, Humvee әскери машиналары, снайперлік мылтықтар, барлаушы дрондар, радиолокациялық жүйелер, түнгі көру құралдары мен радиотехника бар. Сонымен қатар АҚШ сенаторларының екі тобы да Украинаға "Стингер" зениттік зымырандарын, атыс қарулары мен қайықтар жеткізуге уәде беріп отыр.

Түркия Bayraktar TB2 пилотсыз ұшақтарының бірнеше партиясын Киевке сатты. Олар Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистерге қарсы қолданылып үлгерген.

Ұлыбритания қаңтар айында Украинаға танкке қарсы 2000 зымыран (қысқа қашықтыққа арналған) жеткізіп, оларды қолдануға үйрететін мамандарын да Киевке аттандырған. Бұған қоса, Лондон Украинаға "Саксон" атты оқ өтпейтін машиналарын да жөнелтті.

Эстония Украинаға Javelin зымырандарын, Латвия мен Литва "Стингер" ракеталарын жіберіп жатса, Чехия 152 мм артиллериялық оқ-дәрі беретінін мәлімдеді.

Германия Украинаға қару-жарақ бермесе де, 6 миллион долларлық далалық аурухананы қаржыландыруға көмектесуге және жауынгерлерді жаттықтыру жұмыстарына қатысуға дайын.

РЕСЕЙ КЕҢ АУҚЫМДЫ БАСҚЫНШЫЛЫҚТЫ БАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

Әскери сарапшылардың көпшілігі бұны екіталай деп есептейді. Өйткені мұндай шабуыл сөзсіз ауыр шығындарға және ұзақ әрі бей-берекетсіз соғысқа ұласып кетуі әбден мүмкін. Өзге бір бақылаушылардың пікірінше, Ресей кең ауқымды соғысты, соның ішінде ірі қалалар үшін шайқастарды емес, әуе соққыларын немесе кейбір жерлерді аздап қана басып алу тәсілін таңдауы ықтимал.

Өзге бір вариант сол – Ресей армиясы аннексияланған Қырым мен Қара теңізді сепаратистер бақылауындағы Донбасспен байланыстыру үшін, батысқа және оңтүстікке қарай жорық жасайды деген болжам бар. Сонымен қатар Беларусьтегі әскери жаттығуларға қатысып жатқан ресейлік әскерилер кез келген шабуыл аясында Украинаның солтүстік шекарасын кесіп өтуі мүмкін.

Дегенмен Путин бауырлас славян халқына соғыс ашқаны үшін өз жұртшылығының алдында абыройын жоғалтып, Украинада антиресейлік көңіл-күйді тіпті өршітпек. Бұған қоса, Батыс Ресей Украинаға шабуыл жасаса, оған бұрын-соңды болмаған санкциялар жариялайтынын қайта-қайта ескертіп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу