Украина азаматтарды соғысқа алу саласында кең ауқымды реформа бастады

3028

Ол военкоматтардың барлық басшыларын жұмыстан жаппай қуудан бастау алды.

Украина азаматтарды соғысқа алу саласында кең ауқымды реформа бастады Фото: vesti.dp.ua

Ресейлік "Baza" басылымының хабарлауынша, Ресейде ақылы түрде мобилизациядан да, дәстүрлі, мерзімді әскери қызметті өткеруден де алып қалу кең жолға қойылған. Мәскеу Украинаға кең ауқымды шапқыншылық жасағанға дейін армияға барғысы келмейтін жігіттерден делдалдар 200-250 рубльден алып келді. Бұл "сенімді дәрігерлердің" тексеруінен өтіп, қажетті диагноз алып, жарамсыздығы туралы анықтамаға қол жеткізуден тұратын тұтас қызметтер пакеті көрінеді. Соның негізінде В санатындағы әскери билет рәсімделетін болған.

Соғыс басталғалы және былтырғы 2022 жылғы 21 қыркүйекте Путиннің жарлығымен мобилизация жарияланғалы бұл коррупциялық қызмет те дәуірлеген. "База" анықтағанындай, ресейлік әскери комиссариаттарды жағалаған делдалдардың көмегі былтыр жарты миллионға – 400-550 мың рубльге (шамамен 2,5 миллион теңгедей) дейін шарықтап шыға келген.

Биыл бұл қызмет құны миллионнан асып кетіпті, өңірлерде одан арзандау. Бұл қымбатшылыққа әскерге шақырудың цифрландырылуы ықпал етсе керек. Енді шақырулар "Госуслуги" электронды үкімет порталында жарияланса болды, азамат әскерге шақырылған болып есептеледі. Оның әскерге жарамсыздығы да назарға алынбайтын көрінеді. Сондықтан азаматтар үшін ең бастысы, әскерге шақырудың порталда жарияланбағаны болады. Жүйеге бір кірсе, ол дерек Федералдық қауіпсіздік қызметінің базасына түсіп, азаматтың шетелге шығуына автоматты түрде тыйым салынады.

Ақысын төлеген азаматтарды майданнан алып қалу Украинада да жолға қойылыпты. Тамыз айының басында Украина Бас прокурорының кеңсесі "әскерге шақырудан жалтарудың кең ауқымды схемасы" әшкереленгенін жариялады.

Шұғыл қимылдаған күш құрылымдары елдегі военкоматтарда шамамен 100 тінту жүргізді. Жаппай тінтулер 11 өңірді – Одесса, Закарпаты, Киев, Полтава, Винница, Черкассы, Чернигов, Львов, Житомир, Ивано-Франков облыстарын және ел астанасы Киевті қамтыды.

Әскери комиссариаттарда сау жігіттерді "ауру" қылған бума-бума медициналық құжаттар табылды. Осы қызметке жүгінген және армиядан жалтарып кеткен азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына тергеушілер сау ете қалды. Үйлерде жүргізілген тінтулер барысында күдіктілердің денсаулық жағдайлары бойынша әскери қызметке жарамсыздығы туралы анықтамалары, әскери борыштылардың уақытша куәліктері табылды.

"Тергеу деректері бойынша облыстардың аумақтық жабдықтау және әлеуметтік қолдау орталықтарының лауазымды тұлғалары әскери-дәрігерлік комиссияның мүшелерімен сыбайласып, бірге қимылдаған. Олар үшінші тұлғалардың делдал болуымен, ер адамдарды денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп тану туралы анықтама беру схемасын жолға қойып алған. Осыдан кейін әскери борышты азаматтарды әскери есептен шығарып тастап отырған", – деп түсіндірді Украина Бас прокурорының кеңсесі.

Бұл қызмет орта есеппен 6 мың доллар тұрды.

Ақырында Украина Президенті Владимир Зеленский облыстық военкоматтардың барлық басшысын жұмысынан шығару туралы шешім қабылдады. Осы шешімін ол өзінің телеграм-арнасында жариялады.

Іс мұнымен бітпейді: салада жаңа саясат енгізіледі. Әскери комиссариатта отырып, параға семірген, халық арасында "әскери семіз мысық" аталатын генералдар тегіс қуылып, орнына соғыстан жаралы, мүгедек болып оралған майдангерлер қызметке алынатын болады.

Оның үстіне майдан даласында бірінші кезекте кімдер, қандай мамандар керек екенін де от пен оқтың ортасынан оралған Отан қорғаушылар жақсы біледі. Сарапшылардың айтуынша, сұрапыл соғыс жүріп жатқанымен Украина барлық ер-азаматты майданға ала алмайды. Экономикасы тоқыраған мемлекеттің мобилизациялық ресурсы шектеулі.

Бірден миллион ер адамды қабылдаса, оларды толық жабдықтай алмас еді. Сондықтан ең керекті мамандық иелерін таңдап, соларды алдымен шақырады. Олардың бір бөлігі басының амандығын отаншылдықтан жоғары қойып, әскерден қашудың жолын іздейді.

В.Зеленский Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің арнайы отырысын өткізгенін мәлімдеді. Күн тәртібіне басты бір мәселе шығарылған: военкоматтарға тексерулердің қорытындысы талқыға салынды. Барлық құзырлы орган басшыларының есептері тыңдалды.

"Жалпы алғанда, военкоматтарды басқаратын лауазымды тұлғаларға қатысты 112 қылмыстық іс өндіріске алынды. Тағы 33 тұлғаға күдік келтірілді. Біздің шешіміміз мынадай: барлық облыстық военкомдарды жұмысынан босатамыз. Бұл жүйені соғыстың не екенін нақты білетін адамдар басқаруға тиіс. Олар соғыс кезіндегі цинизм мен парақорлық – сатқындық пен мемлекетке опасыздық екенін жақсы біледі. Майданнан өткен немесе денсаулығын жоғалтуына, аяқ-қолынан айрылуына байланысты ары қарай окоптарда бола алмайтын жауынгерлер ар-намысы мен абыройын сақтады, олар арсыздықтан алыс. Дәл осы тұлғаларға біз әскерді жабдықтау жүйесін сеніп тапсыра аламыз", – деді Украина Президенті.

Владимир Зеленский бұл шешімді жүзеге асыруды Қарулы күштердің бас қолбасшысы Валерий Залужныйға жүктегенін жеткізді.

"Сенсең де сына" деген қағидат бар. Сол себепті Залужный барлық военком лауазымына өзі қалаған адамдарды қойып шыға алмайды. Президенттің айтуынша, аумақтық жабдықтау орталықтарының жаңа басшылары тағайындалмас бұрын Украинаның Қауіпсіздік қызметінің тексеруіне өтуге тиіс болады.

Зеленский екі аптадан соң осы мәселеге арналған Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің отырысын өткізуге тапсырма берді. 

Соған дейін кандидаттарға қатысты тексерістер жүргізіледі, саладағы реформа бойынша ұсыныстар әзірленеді. Президент соның негізінде жаңа шешімдер қабылдайды.

Пара алған военкомдар туралы жаңалықтар украиналық телеарналардан күн құрғатпай дерлік көрсетіледі. Бұған Одессаның военкомы Евгений Борисовқа қатысты оқиға түрткі болды. Биылғы сәуірде ақпарат құралдарында оның "ақ билеттерді" 5 мың еуродан сататыны және Испанияда миллиондаған еуроға сарай сатып алғаны туралы ақпарат жарияланды.

Мамырда оның үстінен қылмыстық іс қозғалды және жұмысынан шеттетілді. Маусым айында оның Испаниядағы курорттық Марбельеде 4 миллион еуроға сатып алған қымбат вилласы, әйелінің атына жазылған жеке кеңсесі және құны 500 мың еуро тұратын элиталы автокөліктері туралы егжей-тегжейлі журналистік зерттеу шықты.

Сонда Президент Владимир Зеленский Борисовты шеттетумен шектелмей, оны лауазымынан қууды талап етті. Ол қамауға алынды. Борисовқа он жыл бас бостандығынан айрылу қаупі төнді.

Халық мұндай тәжірибе барлық облыста кең таралғанын айта бастады. Бас қолбасшы ставкасының отырысы қорытындысында бүкіл аумақтық жабдықтау орталықтарында тексерістер жүргізілетіні жария етілді. Оны құқық қорғау органдары Коррупцияның алдын алу мәселелері жөніндегі ұлттық агенттікпен (НАПК) бірлесіп, жүргізуде.

Сонымен бірге қауырт желі қосылып, барлық тұрғындардан соған немесе электронды пошта мен чат-ботқа военкоматтардағы бұзушылықтар туралы хабарлау сұралды.

Бүгінде Антикор тізіміне аумақтық жабдықтау орталықтарының 1 800 бастығы мен олардың орынбасарлары енгізілді.

"Барлығы талданады: олардың қызмет тәжірибесі, репутациясы, ашық дереккөздердегі оларға қатысты түрлі ақпарат, қауырт желі және басқа арналар арқылы түскен азаматтардың шағымдары, бәрі-бәрі тексеріледі", – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Павлюк.

Құқық қорғау органдарының сайттары әшкереленген мобилизациядан жалтару схемалары туралы баспасөз релиздеріне толы. Днепропетров облысында военкоматтың шенеунігі мобилизациялауды мейлінше ұзаққа созып, шегеру үшін 1 000 доллар мен 12 000 гривен алу үстінде ұсталды.

Донецк облысында тұтас топ схеманы жолға қойған. Военкомның танысы шетелге кедергісіз шығып кетуді қалайтын клиенттерді іздеумен айналысқан. Оларға құжаттар беріліп, соның негізінде әскери-дәрігерлік комиссияның жалған анықтамалары рәсімделген. Бірақ бұл қызметіне 20 мың гривен алыпты.

Полтава облысында Миргород жабдықтау және әлеуметтік қолдау орталығының қызметкері Украинадан кедергісіз кетіп қалуға мүмкіндік беретін құжаттарды 6 мың долларға сатып келген. Тергеу оның басқа военкоматтардың өкілдерімен сыбайласқанын анықтады.

Днепропетров облыстық жабдықтау орталығының басшысы Анатолий Пикало соғыс басталғалы әкесінің атына бірнеше автокөлік және Днепрдегі екі пәтерді тіркетіпті. Бұдан бөлек туысқанының атына кәсіпорынды тіркеткен. Сөйтіп, күдікке ілікті.

Ең жоғары бағалар Киевте көрінеді. Заңсыз қызметін 10 мың долларға сатқан Киев қалалық әскери әкімшілігі шенеунігінің қолына кісен салынды. Ол бір күнде үш еркектен 30 мың доллар алып үлгеріпті.

Мұндай деректер көп. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамалуы ықтимал.  

Украина басшылығы енді военкоматтардың барлық қызметкерлерінің мінез-құлқын бақылауға алды. Өйткені олардың кейбірі асыра сілтеп, құзырын теріс пайдаланып, ер адамдарды қорқытады, доқ көрсетеді. Хмельницкий облысында военкомат қызметкері ер кісінің үйіне баса-көктей кіріп, аяғын сындырып тастауға оқталыпты. Соғыс уақытында кез келген үйге басып кіруге құзыры барын мәлімдеген.

Ужгородта мекеме офицері мас күйде бөгде әйелді соққыға жыққан.

Ровенск облыстық военкоматының бастығы Сергей Луцюк заң бұзушылықтар туралы біліп қойып, жоғарыға хабарламақ болған жүргізушіні ұрып-соққан. Ол жәбірленушіні битамен төмпештеп жатқанда, аудандық военком араша түсу орнына, зомбылықты видеоға түсіріп, мәз болған. Тінту жүргізу кезінде олардан болжам бойынша есірткі салынған 8 пакет табылыпты.

Ужгородтағы аудандық военкомдардың бірі солдаттарды өз үйінің құрылысына жеккен. Тінту кезінде оның үйінен Ресей атрибутикасы бейнеленген құжаттар, РФ және КСРО эмблемалары жапсырылған киімдер, Георгий лентасы табылған.

Киев ондайлардан да жүйені тазалауға кірісті.

Жалпы, мұндай тәжірибені Қазақстан да зерделесе артық болмас еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу