Украина биыл жеңіске жетуден үмітті

1408

Қарулы қақтығыстың басталғанына – 1 жыл.   

Украина биыл жеңіске жетуден үмітті Фото: АР агенттігі

Құрбандарға тағзым

Украиналықтар бүгін қаза тапқан жақындарына тағзым етіп, жеңіске жету үшін күресуге ант етті.

"Біз бір отбасына айналдық. Арамызда бөтен адам жоқ. Бүгінде украиндар - бауырластар. Олар бір-бірін паналады, соғыстан қашуға мәжбүр болғандарға үйлерінің есіктері мен жүректерін де ашты. Біз барлық қауіп-қатерге, атысқа, кассеталық бомбаларға, қанатты зымырандарға, камикадзе-дрондарға, жарықсыздыққа, суыққа төтеп береміз. Одан сайын күшті боламыз. Күйреген жоқпыз. Биыл жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз!", – деді президент Владимир Зеленский теледидардан сөйлеген сөзінде.

Содан кейін ол Киевтің Әулие София алаңында дипломаттар мен сарбаздардың алдында сөз сөйлеп, қайтыс болған жауынгердің анасына медаль берді.

Украина армиясы Батыстан лек-легімен келіп жатқан қару-жарақпен ресейлік күштерді кері қайтару үшін үлкен бір әскери әрекетке дайындалып жатыр.

"Украина өзге бір кезеңге қадам басты, алда жаңа міндет тұр. Ол  — жеңіске жету. Бұл оңай болмайды. Бірақ шамамыз жетеді. Өйткені құрбандар үшін кек алуға құлшыныс бар", – дейді елдің қорғаныс министрі Алексей Резников Facebook парақшасында.

Екінші жылға ұласты

Украинадағы соғыс бүгін екінші жылға аяқ басты. Елдің шығысы мен оңтүстігінде ұрыс әлі жүріп жатыр.

Соғыстың басталғанына бір жыл болғанына орай Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасын Украинаның көк-сары туы жарықтандырса, Лондонда осы жалауды жамылған талай адам қолдарын жүректеріне қойып, "Егер  бостандық керек болса, Украина үшін күрес!" деп ұрандатты.

Париж мэрі Анн Идальго айтқандай, "Бұл соғыстан кейін өмір жалғасады, өйткені Украина жеңеді".

Бейсенбі күні БҰҰ Бас ассамблеясы басым дауыспен Ресейден соғысты тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Оны 141 ел қолдаса, 32-сі қалыс қалды. Соның бірі – Қытай. Қарсы дауыс бергендер қатарында Беларусь, Солтүстік Корея, Эритрея, Мали, Никарагуа және Сирия бар.

Әрине, Зеленский резолюцияны сөзсіз құптады.

"Бұл қарар - Украинаға жаһандық қолдаудың үлкен айғағы", – дейді ол Twitter-дегі жазбасында.

Осындай шақта Украина шығыс пен оңтүстікте ресейліктер белсенділікті арттырғанын және Ресей шекарасының бойында үш ауданда кемінде 25 қала мен ауыл атқылағанын хабарлады.

Президент Владимир Путин Киевті басып алып, еуропашыл үкіметті құлату үшін өткен жылы ақпанның 24-інде Украинаға жаппай басып кіруге бұйрық берді. Бірақ Кремль басшысының үміті ақталмады, Украина өз қорғанысының мықтылығын байқатып, орыс әскерінің қателіктерін әшкерелеп, Мәскеуді дүние жұртының алдында ұятқа қалдырды.

Былтыр күзде Украина жоғалтқан территорияларының көп бөлігін қайтарып алу үшін қарсы шабуылдарды сәтті жасады. Дегенмен, Ресей соның өзінде қазір көрші елдің бестен бір бөлігін бақылап отыр.

Соңы көрінбейді

Ресей өз егемендігін қорғаймын деп бастаған "арнайы операция" кезінде екі жақ та көп жауынгер жоғалтып жатыр. Әсіресе, биыл шығыстағы Бахмут қаласы мен оның айналасындағы шайқастарда сан мың адам жер жастанды.

Кейбір америкалық және батыстық ресми өкілдердің дерегінше, Ресей шамамен 200 000-ға жуық адамынан айрылған. Алайда, қарашада АҚШ-тың жоғары дәрежелі генералы екі жақтан да 100 000-нан астам сарбаздың қаза тапқанын немесе жараланғанын атап өтті.

Бұл – Еуропадағы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауыр қарулы қақтығыс. Ол бүгінде Бахмут қаласына жақын жерде және Донбасстың өзге жерлерінде окоптық немесе ордағы соғыс ретінде жалғасып жатыр.

Миллиондаған украиналық елін тастап, ондаған мың бейбіт тұрғын қаза тапты. Киев пен Батыс Ресейді әскери қылмыс жасады деп айыптап отыр. Бірақ Мәскеу қарусыз халықты нысанаға алғанын үнемі жоққа шығарып келеді.

Бұл шайқас әлемдік экономикаға да орасан нұқсан келтіріп, "қырғи-қабақ соғыстың" салқыны халықаралық қатынастарға қайта оралып, Путин ядролық қауіпті қайта күн тәртібіне шығарды. Сонымен қатар, Кремль басшысы майдандағы ірі жеңілістерге қарамастан, ұрысты тіпті өршкіткісі келетінін білдіріп отыр.

Зеленский Мәскеуден әскерін әкетуді талап етіп отыр. Ал, бейбітшіліктің болашағы бұлыңғыр көрінеді.

"Соғыстың қашан аяқталатынын білмейміз. Бір анығы – ол тәмамдалса, енді қайталануына жол берілмеуі керек және де Ресейдің еуропалық қауіпсіздікке қол сұғуына тосқауыл қойылуға тиіс", – дейді НАТО-ның  Бас хатшысы Йенс Столтенберг бейсенбі күні Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу