Украина күтіп шаршады...

5063

Биыл соғыс үшінші жылға аяқ басты.

Украина күтіп шаршады... Фото: news.myseldon.com

Оның тағдыры тек ұрыс даласында ғана емес, сонымен қатар Батыс астаналары мен майдан шебінен алыс жерлерде де анықталады.

Украина күштері оқ-дәрі жетіспегендіктен, кейбір аудандарда шегінуге мәжбүр. Қысқасы, Киевтің Ресейге тойтарыс беру қабілеті негізінен Батыстың әскери, қаржылық және саяси қолдауына байланысты.

Алдағы жылы Батыстың Украинаға жәрдемдесуіне әсер етуі мүмкін кейбір факторларға тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

АМЕРИКАНЫҢ КӨМЕК ПАКЕТІ

АҚШ Конгресінде Украинаға 60 миллиард долларға жуық көмек (басым бөлігі – әскери жәрдем) көрсетуді қарастыратын заң қабылданбай тұрып қалды.

Батыс пен Украина ресмилерінің мәлімдеуінше, оның Киев күштері үшін маңызы өте зор.

"Апта сайын күтеміз деген сөз Украинадағы майдан шебінде қаза тапқандардың көбейетінін білдіреді", – деді НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг апта соңында Мюнхенде өткен қауіпсіздік конференциясында.

АҚШ Сенаты 13 ақпанда Израиль мен Тайваньға да көмек көрсетуді көздейтін бұл жобаны мақұлдады. Бірақ ол құжат Өкілдер палатасында бұрынғы президент Дональд Трампқа жақын республикашылдардың қатты қарсылығына тап болып отыр.

Еуропалық шенеуніктер Мюнхен конференциясында америкалық заң шығарушылармен кездескеннен кейін, бұл заңнаманың келешегі туралы біршама оң көзқараста екенін айтты. Бірақ жоба қабылданғанға дейін біраз уақыт кетуі мүмкін.

ОҚ-ДӘРІМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Соғыстың көп бөлігі артиллериялық шайқастарға айналды. Сондықтан екі жақ күн сайын мыңдаған снаряд шығындайды.

Украина 2023 жылдың көп бөлігінде Ресейге қарағанда көбірек снаряд атқан тәрізді. Бірақ ол жағдай қазір өзгерді. Себебі Мәскеу өндірісті арттырып, Солтүстік Корея мен Ираннан оқ-дәрі импортын күшейтіп жатыр.

Вашингтонда орналасқан Карнеги қорының зерттеушісі Майкл Кофманның есебінше, ресейлік артиллерия Украина артиллериясымен салыстырғанда снарядты бес есе көп атып жатыр.

"Биыл Киев үшін маңызды фактор – оның Батыстағы серіктестері Украинаны қажет снарядтармен, қарумен қамтамасыз етіп, ресейлік артиллерия өндірісін қуып жете ала ма?", – дейді британдық RUSI қорғаныс сараптама орталығының зерттеушісі, профессор Джастин Бронк.

ҚАРУ ТУРАЛЫ

Украина басшылығы батыстық әріптестерін жаңа қару-жарақ жүйелерін, ең алдымен, АҚШ-тың ATACMS және Германияның Taurus сияқты Ресей әскеріне алыстан соққы беретін ұзақ қашықтыққа арналған зымырандарды жеткізуге үгіттеп отыр.

"Біз оқ-дәрілер өндірісін бір күнде көбейте алмаймыз. Бірақ украиндарға шынымен қажет қару-жарақ жеткізу туралы шешім қабылдай аламыз", – дейді Украина үкіметінің жақын одақтасы және НАТО-ның бұрынғы басшысы Андерс Фог Расмуссен.

Осыған дейін АҚШ Украинаға тек ескі, орташа қашықтыққа арналған ATACMS-ті жеткізіп берді. Бірақ бүгінде Байден әкімшілігі Киевке ұзақ қашықтыққа арналған жаңа қару-жарақтарды жеткізуге тырысып жатыр. Дегенмен, мұндай қадам Конгрестің қолдауын қажет етеді.

Германия канцлері Олаф Шольц Киев пен оның НАТО-дағы кейбір одақтастарының жетілдірілген Taurus жүйесін Украинаға жеткізу туралы өтініштеріне қарсылық білдіріп отыр.

Неміс үкіметі өкілдерінің ойынша, бұл ракеталар Ресей аумағында соғысты өршітіп, қарулы қақтығысқа Германияны да тікелей киліктіруі мүмкін.

ТАЯУ ШЫҒЫСТАҒЫ СОҒЫС

Газадағы соғыс Батыс лидерлерінің Украинаға арнайтын уақыты мен саяси күш-қуатының азайғанын білдіреді. Израиль-Хамас шайқасы одан әрі ушығып, аймақтық соғысқа ұласатын болса, Киев үшін жағдай тіпті қиындауы мүмкін.

Жаһандық оңтүстік елдерінің басшылары Батысты Украина мен Газадағы соғыстарға қатысты қос стандарт ұстанды деп айыптап отыр. Бұл да Украинаға көмекті күрделі етуі ықтимал.

"Ресей мұның бәрінен міндетті түрде пайда көріп отыр. Біз жаһандық оңтүстікпен жұмыс істейміз, біз оларды өз әрекеттерімізге барынша тартуға тырысамыз... Бұл жұмысты жалғастырамыз, қиын мәселе", – дейді Украинаның Еуроодақтағы елшісі Всеволод Ченцов.

ВАШИНГТОН, 9-11 ШІЛДЕ, НАТО САММИТІ

Бұл саммит майданға тікелей әсер етпеуі мүмкін, бірақ ол Украинадағы саяси көңіл-күй мен моральға ықпал етуі ғажап емес.

Кейбір елдер Украинаны НАТО-ға шақыруға үндеп келеді. Бірақ НАТО-ның басты державалары – АҚШ пен Германия мұндай қадамға қарсылық білдіріп отыр. Өйткені, олардың ойынша, бұл қадам Солтүстікатлантикалық одақты Ресеймен тікелей қақтығысқа жақындатады.

Дегенмен, осыған қарамастан, НАТО-ның бұрынғы басшысы Расмуссен Украина үкіметімен және бір топ халықаралық қайраткерлермен бірлесіп, Вашингтон саммиті қарсаңында Украинаның НАТО-ға өтуінің нақты жолын белгілейтін ұсыныс әзірлеп жатыр.

ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ

Трамп президент кезінде НАТО-ны қатал сынап, АҚШ-ты одан шығарамын деп бірнеше рет қорқытты. Ол НАТО-ны қаржыландыруды қысқартып, Америка Құрама Штаттарының НАТО-ға өзінің әділ үлесінен артық төлеп жатқанына жиі айтты.

Трамп Ресейдің Украинадағы соғысына қатысты да мәлімдеме жасап, бұл шиеленісті жеңілдетуге шақырды және осы уақытқа дейін жұмсалған миллиардтар үшін шағымданды. Бірақ Трамп Украинаға қатысты қандайда бір саяси ұсыныс жасаған жоқ.

81 жастағы президент Джо Байден болса, екінші мерзімге қалу үшін сайлауға түсу туралы қарама-қайшы шешім қабылдады. Ол 77 жастағы Трамппен кездесіп, оны жеңе алатынына сенімді.

Бірақ сауалнамалар америкалықтар оның Трамппен байланысына, қымбатшылыққа, жасына, экономикалық жоспарлары мен Таяу Шығыстағы саясатына күмән келтіретінін көрсетіп отыр.

Трамп болса, заңмен проблемасы көбейсе де, Республикалық партияның президенттікке кандидатура үшін сайлауларында бәсекелестерінен басым түсіп жатыр. Бірақ, осы айдың басында Reuters/Ipsos сауалнамасы республикашылдардың төрттен бірі және жауап берген тәуелсіздердің жартысына жуығы Трамптың қылмысы дәлелденсе, қарашада оған дауыс бермейтіндерін ескерткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу