Украина Қырымды қайтаруға әрекеттеніп жатыр ма?

646

Кейінгі кездері Киев күштері Қара теңіздік түбектегі ресейлік кемелер мен зымырандарды жиі шабуылдайтын болды.

Украина Қырымды қайтаруға әрекеттеніп жатыр ма? Фото: reuters.com

Өткен аптада украиналықтар Қырым түбегіне таңғажайып шабуылдар жасады. Оның нәтижесінде ресейлік әскери кемелер мен зымырандар қирады.

Келтірілген шығын - миллиардтаған доллар. Осы тұста "Украина 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырымды қайтарып алуға дайындалып жатыр ма?" деген сұрақ туындайды.

"Бұл стратегияның екі негізгі мақсаты бар: Қара теңіздің солтүстік-батысында үстемдік орнату және оңтүстікте, Тоқмақ пен Мелитополь маңында Ресейдің қорғаныс желілерінің логистикалық мүмкіндіктерін әлсірету. Басқаша айтқанда, Қырымдағы операциялар - Украинаның оңтүстіктегі контршабуылдарының бір бөлігі. Олар бір-біріне тәуелді",- дейді Киевтің әскери-құқықтық зерттеулер орталығының қызметкері Александр Мусиенко "Би-би-си" телерадиокорпорациясына берген сұхбатында.

Украинаның Қырымдағы соңғы жетістіктерін қарастырсақ, Ұлыбритания мен Франция жеткізген ұзақ қашықтыққа арналған қанатты зымырандар сәрсенбі күні Севастопольда Ресейдің әйгілі Қара теңіз флотына ауыр соққы берді.

Содан кейін спутниктен түсірілген суреттерде "Севморзавод" жанындағы қарайып кеткен екі кеме көрінді. Ал жұмада Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі РФ-ның "Минск" атты үлкен амфибиялық десанттық кемесі жойылғанын мәлімдеді. Кейбір хабарларға қарағанда, бұл зауыт енді бірнеше ай бойы жұмыс істемек емес.

Оның қасында тұрған  "Ростов-на-Дону" дизельді-электрлік сүңгуір қайығына да қатты зақым келген. Бұл қару Украина аумағындағы нысандарға соққы беру үшін "Калибр" ракеталарын ұшыруға пайдаланылды.

Сенбіде Украина қызықты жаңа мәліметтерді жариялады.

Оларға жүгінсек, Украина арнайы күштері кемелерді анықтауға және оларды нысанаға алуға "арнайы техникалық құралдарды" пайдаланбас бұрын, жағлауға баратын қайықтар мен белгісіз "су асты жеткізу құралдарын" қолданған.

Севастопольдегі өрт әрең дегенде сөндірілгеннен кейін, Украина Евпаториядан солтүстікке қарай 64 шақырым жердегі Ресейдің ең заманауи әуе қорғаныс жүйелерінің бірі - С-400-ді жарып жібергендіктен, түнгі жарылыстар мейлінше қатты болды.

Маңызды ескертпе: Ресейдің дәл осы техниканы Киевке соққы беруге қолдану әрекеті негізінен америкалық Patriot зымыран ұстағышын пайдалану нәтижесінде сәтсіздікке ұшырады.

Айта кетсек, Украина бір айдан аз уақыт ішінде Қырым түбегінде осымен екінші рет С-400 жер-әуе зымырандық жүйесін жойып отыр.

23 тамызда Тарханкут түбегінің батыс шетіндегі Оленовкада Украина тағы бір ракета ұшырғыш қондырғы мен оған жақын орналасқан радиолокациялық станцияны қиратты.

Жалпы, Ресей  Қырымға орнатқан С-400 жүйелерінің саны алтаудан аспайды. Солардың екеуі істен шыққан тәрізді.

Бірақ бұның бәрі - Украинаның соңғы операцияларының бір бөлігі ғана.

Қырымдағы әуе базалары, сан мың әскер, оқу-жаттығу полигондары, Қара теңіз флоты өткен жылы Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен бері басты межеге айналып отыр.

"Қырымда олардың артиллериялық снарядтары мен басқа да қару-жарақ түрлері сақталған көптеген қоймалары бар. Және де Қырым Мәскеу үшін негізгі логистикалық жеткізу желісі саналады", - дейді Мусиенко.

Киевтің операциялары нәтижесіде 2022 жылдың тамызында Сақы әуе базасында шамамен тоғыз ресейлік ұшақ жойылды.

Мусиенконың сөзінше, қазіргіден де жетілдірілген қаруға ие болғаннан кейін Украина бұрынғыдан да күрделі операцияларды жүзеге асырмақ.

"Біз Америка Құрама Штаттарынан ATACMS (тактикалық баллистикалық зымырандар) ракетасын алғаннан кейін бір рет шабуылда баллистикалық зымырандарды, қанатты зымырандар мен ұшқышсыз ұшақтарды қолдануға тырысамыз деп ойлаймын. Бұл - Ресейдің әуе қорғанысы жүйесі үшін күрделі мәселе болады", - дейді ол.

Вашингтоннан түскен соңғы мәліметтерге қарағанда, Байден әкімшілігі Украина үшін ATACMS ұзақ қашықтыққа арналған зымыран жүйесін мақұлдауға жақын.

Мұның бәрі Киевтің Қырымды азат ету мақсатына жақындап бара жатқанын білдіре ме?

"Жақындап барады, бірақ әлі көп шаруа істелуі керек. Біз Азов теңізінің жағалауын азат етіп, ресейліктердің құрлықтық дәлізін кесуіміз қажет", - дейді Украина теңіз флотының отставкадағы капитаны Андрей Рыженко.

Содан кейін Керчь көпірі бар.

Украина бір жылға жуық уақыттан бері Мәскеудің Қырымға дейінгі өмірлік маңызы зор желісіне соққы беріп келеді. Алайда, ресейлік ауыр техника әлі де сол көпірдің теміржолымен тасымалданып жатыр.

Қазір әлдеқайда жақсы қорғалғанына қарамастан, Керчь - бәрібір Киевтің назарында.

"Біз Қырым көпірін жапқанда, олар үшін логистикалық проблема туындайды", - дейді Рыженко.

Қырымға жолды жабу Ресей үшін апатты жағдай болады және оның нәтижесінде Украинаның оңтүстіктегі ауыр контршабуылдарына оң серпіліс берілер еді.

Сонда мұның бәрі Украинаның Қырым түбегін қайтарып алу әрекетінің алғышарттары ма?

"Менің ойымша, бұл Қырымды азат етуге дайындық тәрізді. Біз қазір Қырымға баратын жолды тазартуға тиіспіз", - дейді Мусиенко.

Сенбі күні Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов Украина Ресейді Қырымнан бас тартуға мәжбүрлеу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатқанын атап өтті.

"Егер ресейліктер Қырымды өз бетімен тастап кетпесе, біз оларды қашуға мәжбүр етеміз",- дейді ол жергілікті радиоға берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу