Украина Қырымға жақындап келеді

3431

Украина оккупацияланған бұл түбектегі қарсыласының әскери нысандарына шабуылын күрт үдетті.

Украина Қырымға жақындап келеді Фото: ria.ru

Дрондардың шабуылы нәтижесінде аннексияланған Қырым автономиялы республикасында ресейлік оқ-дәрі қоймалары өртеніп кетті. Жергілікті тұрғындар жарылыстың ұзаққа созылғанына назар аудартады. Соған қарағанда ол қоймада снарядтар, миналар, зымырандар үлкен көлемде сақталса керек.

Қырымның оккупациялық билігіне тіпті Қырымдағы теміржолдарда пойыздардың қозғалысын тоқтатуға тура келді. Сақтаулы снарядтардың, зымырандардың жарылысының зұлмат болғаны сонша, төтенше жағдайға жақын жерлерден, 5 шақырымдық радиуста орналасқан елді мекендерден тұрғындар эвакуацияланды. Негізі, басқыншылардың бейбіт халыққа осынша жақын жерде жарылғыштардың алып қоймаларын жасақтағаны шошынтады.

Өңірдің оккупациялық басшысы Сергей Аксенов Қырымның Красногвардейск ауданындағы "инфрақұрылымдық объектілерге" Украина Қарулы күштері (УҚК) соққы жасағанын бірден мәлімдеді.

"ТЖМ қызметкерлері ықтимал салдарларды жою мақсатында оқиға орнында әрекет етуде. Барлық бейінді қызметтер жұмылдырылды. Тыныштық сақтауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймын", – деді ол.

Ізінше Аксенов украиналық дрондардың дегеніне жеткенін, оқ-дәрілер қоймасында жарылыс болғанын мәлімдеді.

"Дұшпанның беспилотнигінің шабуылы салдарынан Красногвардейск ауданында оқ-дәрілердің қоймасында детонация басталды. Алдын ала дерек бойынша зардап шеккендер жоқ. ТЖ орнынан 5 шақырым радиуста халықты тегіс уақытша орналастыру пункттеріне эвакуациялауға шешім қабылданды. Қауіп-қатерлерді азайту мақсатында сонымен қатар Қырым теміржолдарындағы қозғалысты тоқтатуға ұйғарылды", – деді С.Аксенов.

Украина армиясы да түбектегі ресейлік әскерилерге әуеден шабуыл жасағандарын растады. 

"Осы арқылы Украина қорғаныс күштері уақытша оккупацияланған Октябрьскідегі РФ армиясының қоймаларын және мұнай базасын жойып жіберді", – делінген УҚК стратегиялық қолбасшылығының (стратком) хабарламасында.

"Стратком ВСУ" телеграм-арнасы сонымен бірге жау қолындағы Қырым автономиясының Красногвардейский ауданының Октябрьск елді мекеніндегі дұшпанның қоймалары мен мұнай базасына шабуылының салдарлары бейнеленген тиісті видеоларды да жариялады.

Айтпақшы, Қырымның тұрғындарының үлкен бөлігі, әсіресе Қырым татарлары оның Украинаға қайтқанын қалайтынын сондағы ресейлік журналистер жиі жазып жүр. Октябрьскідегі мұқият жасырылған қару қоймаларын да Украинаны қолдайтын жергілікті ұяшықтардың, партизандардың өкілдері хабарлап, нысананы дәлдегенге ұқсайды. Мұның дәлелі: соққы жасала салысымен, оқиға орнынан түсірілген қаптаған оперативті видеолар Украина Қарулы күштерінің стратегиялық қолбасшылығына түскен. Оларды сол таратты.

Бұдан бөлек, өзге де жергілікті тұрғындар аспанға дейін туу биікке көтерілген, үлкен аумаққа кең тараған қою түтін бейнеленген, жарылыс дыбыстары естілген видеоларды интернет пен әлеуметтік желіге белсенді жүктеді.

Бұл жайт оккупациялық билікті бәрінен көп тіксінтті. Қырымның РФ тағайындаған әкімшілігі басшысының кеңесшісі Олег Крючков федералдық қауіпсіздік қызметінен (ФСБ) украиналық шабуыл салдарларын видеоға түсірген адамдарға назар аударуды сұрады.  

"Қарсылас шабуылдаған инфрақұрылым объектілерінен видеолар тағы да желіде пайда болды. Бұл видеолар авторларының кім екенін білетін барлық адамдардан олар туралы ФСБ немесе ішкі істер министрлігіне хабарлауды сұраймыз. Тек ресми ақпараттарға ғана сенеміз. Сондай-ақ әскери немесе сындарлы объектілердің видеосын желіге салғандар – жауға жұмыс істейді!", – деп күйіп-пісті Крючков.

Жалпы Октябрьскідегі әскери аэродром бұрын қаңырап бос қалған болатын. Бірақ биылғы маусымда "Атеш" қырымдық партизандар қозғалысы ресейлік әскерилердің сол жерге әскери техникаларын – БМП-ларын, "КамАз"-дарын, "Тигр" броневиктерін жеткізіп жатқанын хабарлады. Қозғалыстың дерегінше, ол аэродромда 40-50 бірлік техника жинақталған.

"Атеш" агенті хабарлайды: бүгін таңертеңнен бері техникалардың, соның ішінде БМП-лардың, "КамАз"-дардың, "Тигр" броневиктерінің қозғалысын бақыладым. Олар Симферополь ауданы жақтан әкелінді. Бір бөлігі алқаптармен жасырын жеткізілді. Қырық-елу шамалы техника жинақталып қалды. Сондағы бар техникаларға жаңалары қосылды. Жаңа Чернобаевка күтіледі", – деп мәлім еткен еді 25 маусымда, төл телеграм-арнасында қырымдық партизандар.

Бұған кеше ресейлік "Важные истории" интернет басылымы да назар аудартты.

"УҚК Қырым ортасындағы бос тұрған кеңестік аэродромға соққы берді. Ресей бір ай бұрын онда техникасын шоғырландыра бастапты. Қырымның РФ тағайындаған басшысы Сергей Аксенов соққыны украиналық пилотсыз ұшатын аппараттар жасағанын жеткізді. Аксеновтың дерегінше, соққы оқ-дәрілер қоймасына дөп тиген. Салдарынан, олар тұтанып, жарыла жөнелген. Әлеуметтік желідегі "ЧП/Севастополь" қоғамдастығы Октябрьск ауылындағы аэродромның және мұнай базасының өртенгенін жазды. "Cуспiльне" басылымына сұхбатында жергілікті тұрғын Элеваторная теміржол станциясының жанында да өрт болғанын хабарлады. Дәл осы станциядан бір шақырым жерде КСРО Қара теңіз флотының бос тұрған әлгі аэродромы орналасқан. "Атеш" қырымдық партизандар қозғалысы онда РФ армиясы әскери техниканы шоғырландырып жатқанын өткен айда баяндады", – деп мәлім етті "Важные истории".

Биылғы туризм маусымы басталғалы Украина тарапы Қырымға тиіспеді. Тіпті ондағы жаудың әскери нысандарына да шабуыл жасауын доғарған. Бұл украиналық және шетелдік сарапшылардың түсінбестігін туғызды, аң-таң етті. Өйткені дұшпан Қырымды Ресеймен жалғастыратын Керчь көпірімен әскери техниканы еркін әрі үздіксіз тасып, осы түбек арқылы Херсон, Запорожье майданындағы төл армиясын соғыс үшін барлық қажеттімен еш қиындықсыз қамтамасыз етіп жатыр.

Таяуда УҚК запастағы полковнигі, әскери шолушы Роман Свитан Батыстық серіктестер Киевке РФ территориясын ғана емес, Қырымды да шабуылдауға тыйым салғанына қатысты болжамын айтты. Оның байламынша, Батыс державалары Қырымды майдан даласы емес, Мәскеумен келіссөздердің нысаны ретінде қарастырады-мыс.

Содан биылғы шілде айының басында Washington Post америкалық басылымына сұхбат берген Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный Батыстың пікірімен енді санаспайтынын, тиісті ресурс, мүмкіндік пайда бола салысымен оккупацияланған Қырымды азат ету үшін шабуылды бастайтынын мәлімдеді. Ол бұл ретте Путиннің қатал реакциясынан қорқатын батыстық шенеуніктер енді өзін тоқтата алмайтыны меңзеді.

"Менде қажетті құралдар пайда бола салысымен, қимылға кірісемін. Түкіргенім бар, мені ешкім тоқтата алмайды", – деп қаһарланды В.Залужный.

Inbusiness.kz жазғандай, содан 17 шілдеде Украина Қырымды Ресеймен байланыстыратын маңызды артерия – Қырым көпіріне шабуыл жасады. Соққыдан көпірдегі автокөлік жолының бір бағыты, секциясы толығымен қирап, істен шықты. Автокөпірдің сол бөлігі әлі күнге іске қосылған жоқ. Екі жақты қозғалыс аман қалған жолақтары арқылы ұйымдастырылуда. Салдарынан кептеліс туындады. РФ вице-премьері Марат Хуснуллиннің айтуынша, Қырым көпірін қалпына келтіру ресейлік бюджетке 1-1,3 миллиард рублге түседі. Бұл – алдын ала сан, толық шығыны одан асып түсуі мүмкін екен.

Ал содан бір күн бұрын, яғни, жексенбіде Севастополь портындағы ресейлік күштерге әуе және теңіз дрондары шабуыл жасады.

19 шілдеде, таңғы төртте Украина Қырымның Киров ауданындағы әскери полигонға жойқын соққы берді. Содан оккупациялық билікке әскери жүк көліктері де ерсілі-қарсылы ағындайтын "Таврида" трассасын жауып тастауға, Феодосия жанындағы селолардан мыңдаған адамды эвакуациялауға тура келген. Ресейлік басылымдар әскери полигонда Запорожье, Херсон бағыттарындағы майданға жолдау үшін қордаланған оқ-дәрілер қорының бір тәуліктен астам уақыт бойы жарылғанын хабарлады.

"Крымский ветер" жергілікті телеграм-арнасы түбектің шығысындағы Старый Крым қаласының жанында, полигон аумағында орын тепкен ірі қойма отқа оранғанын жазды.

Бұрын Киев Батыс серіктестерінің көңіліне қарайлап, Қырым аумағында болған төтенше оқиғаларға қатысы барын мойындамайтын. Енді бұл стратегиядан бойын аулақ салғандай. Сол 19 шілдеде, таңазанда Украина Бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов Қырымдағы жаудың әскери полигонындағы жарылысқа түсініктеме берді. 

"Оккупацияланған Қырымда табысты операция жүзеге асырылды. Дұшпан келтірілген шығынның ауқымын және тірі күшіндегі шығындарының саны жасырып отыр. Қырымдағы украиналық патриоттарға алғыс айтамыз. Олар бізге қосымша әрі егжей-тегжейлі мәліметтер мен видеоларды ұсынды. Олар Бас барлау басқармасы мен Украина Қарулы күштерінің бірлескен жұмысының нәтижелерін растады", – деп жазды К.Буданов төл телеграм-арнасында.

Бірақ артынша неге екені белгісіз, Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасының баспасөз қызметінің өкілі Андрей Юсов бұл комментарийді жоққа шығарды.

Ал бұл жолғы Қырымдағы жарылыстарға Украинаның Оңтүстік қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк түсініктеме берді. Оның айтуынша, УҚК Қырымдағы жаудың әскери нысандарында "жарылыстар маусымы" басталғанын алдын ала ескертті.

"Біз сөзімізде тұрамыз. Украиналық әскерилер тек майдан шебінде ғана емес, сонымен бірге ресейлік басқыншылардың терең тылында да ілгерілеп жатыр. Сондықтан дұшпанның барған сайын мазасы кете бастады", – деді Н.Гуменюк.

Ол ресейліктерді шошынтпау үшін Мәскеудің "взрывы" деген сөзді "хлопки" (орысшада оның "қол шапалақтау" деген ұғымы да бар) деген сөзбен ауыстырғанын еске салып, енді "бурные овации" заманы туып келе жатқанын айтты. Өйткені оның сендіруінше, "Украина Қарулы күштері оккупацияланған Қырым түбегіне жақындап келеді".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу