Украина, Қытай, Латын Америкасы, газ және кибершабуыл: Ресейдің Батысқа қарсы тұру тәсілдері қаншалықты тиімді?

4844

Мәскеуде Америка мен оның одақтастарына қарсы тұрудың Украинаға басып кіруден бөлек өзге де тәсілдері бар. Бірақ олар РФ-ның өзі үшін де зиянды болып шығуы мүмкін.

Украина, Қытай, Латын Америкасы, газ және кибершабуыл: Ресейдің Батысқа қарсы тұру тәсілдері қаншалықты тиімді?

Ресей Президенті Владимир Путин Украина маңына 100 мыңнан астам әскер орналастырды. Бұл шараны оның америкалық әріптесі Джо Байден басқыншылыққа әзірлік деп жариялап, Владимир Зеленскийге ақпан айында шабуыл басталуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Бірақ Ресей басып кіруге дайындалып жатқанын жоққа шығарып келеді, ал Путиннің шын мәнінде не ойластырып жатқаны көпке жұмбақ.

НАТО Украина есебінен шығысқа қарай кеңеймеуі керек деген позицияны ұстанған Ресейде көрші мемлекетке әскер кіргізуден бөлек, АҚШ пен оның одақтастарын бас салудың басқа да жолдары бар. Солардың бәрі Ресейге және әлемге түрлі дәрежеде қауіпті.

Шектеулі басқыншылық

2014 жылы Ресей Қырым түбегін Украинадан тартып алды. Сол жылы РФ Донбасстағы көтерілісшілерді қаруландыруға кірісіп, бұның соңы 14 мыңнан астам адамның өмірін қиған созылмалы соғысқа ұласты. Көптеген бақылаушылардың ойынша, бүгінде Ресей әскерлері мен теңіз күштерінің Шығыс Украина төңірегіне қайта шоғырлануы - АҚШ пен оның Еуропадағы одақтастарының COVID-19 тәрізді мәселелерге алаңдап отырғанын пайдаланып, Украинаға қарсы әрекет етудің келесі тарауы болуы мүмкін. Ықтимал сценарийлерге ресейшіл көтерілісшілерге қосымша қолдау көрсету, Украинаға аз уақытқа басып кіріп (шектеулі басқыншылық жасап), Зеленскийді тұрақсыздандырып, Киевтегі билікке Кремльге жақтас лидерді әкелу кіреді.

"Толыққанды басқыншылыққа бармау Ресейге көбірек күш орналастыруға және АҚШ пен оның одақтастарының Байден уәде еткен жазалаушы санкцияларға адалдығын тексеруге уақыт береді. Кремль қазір не істеп жатыр, сол ісін әрі қарай жалғастырып, Украинаға барынша қысым көрсетіп, оның халқын мейлінше үрейлендіріп, үкіметін тұрақсыздандыруға тырысады", – дейді Америка Құрама Штаттарының Еуропадағы күштерінің бұрынғы қолбасшысы, отставкадағы генерал-лейтенант Бен Ходжес "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Бұның бәрі Ресей экономикасын теңселтіп, өз үйінде Путинге зиян тигізетін жаңа санкцияларға жол ашуы мүмкін.

Жексенбі күні АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы, сенатор Боб Менендес Украинаға шабуыл жасалған жағдайда, америкалық заң шығарушылар Ресейге қарсы "барлық санкциялардың анасын" жариялайтынын ескертті. Оған ресейлік банктерге қарсы әрекеттер, Ресей экономикасына қатты нұқсан келтіру және Украина армиясын ажал қаруымен қаруландыруды күшейту кіреді.

Дегенмен Мәскеу шектеулі басқыншылықпен НАТО-ның кеңеюін тоқтату және еуропалық қауіпсіздікке нұқсан келтіру мақсатына жете алмауы да ғажап емес.  

"Менің ойымша, ол қалағанына қол жеткізе алмайды. Бұрын мұны түсінбеді. Ендеше, қазір неге түсінуі керек", – дейді Вирджиния штатының Арлингтон қаласындағы CNA зерттеу ұйымының сарапшысы Дмитрий Горенбург.

Экономикалық соғыс

Ресей – жаһандық энергетикадағы негізгі ойыншы және АҚШ пен Сауд Арабиясынан кейінгі үшінші ірі мұнай өндіруші. Сонымен қатар ол Еуропа тұтынатын табиғи газдың шамамен 4 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұған қоса, Ресей, әсіресе, дамушы елдерге бидайдың негізгі бөлігін экспорттап келеді. Энергия ағынының шектелуі газ бен мұнайдың қымбаттауынан қыс ішінде жапа шегіп отырған Еуропаға тіпті ауыр тиюі мүмкін. Осы күні азық-түлік бағасының көтерілуі әлем үшін үлкен проблемаға айналып отыр.

Путинде кейбір экономикалық рычагтар бар. Бірақ Кремль басшысы соларды қолдануға сыңай танытпай отыр. Өйткені ұзақмерзімдік перспективада мұндай әрекет Ресейдің өзіне зиян болып қайтуы мүмкін. Яғни Ресейдің газ тасымалын тоқтатуға бағытталған кез келген қадамы Еуропа елдерін энергияның балама көздерін табуға итермелемек.

"Бұл бопса – бір рет қана қолдануға болатын қару. Содан кейін оны мәңгілікке жоғалтасыз", – дейді АҚШ Мемлекеттік департаменттің бұрынғы қызметкері, Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының аға ғылыми қызметкері Эдвард Фишман.

Кибершабуыл

Ресейдің Украина мен бүкіл әлемде маңызды кибершабуылдар жасау мүмкіндігі бар.

Ресей 2015 жылы Украинаның электр желісін бұзды деген күдік туындады. Ал хакерлер осы айда Украинадағы үкіметтік веб-сайттарды уақытша жауып тастады.

Әлем үшін қауіп сол – Украинаға қарсы дұшпандық әрекеттер жер-жаһанға жайылуы мүмкін. Бұған бір мысал – 2017 жылы notPetya атты кибершабуылдар мыңдаған компьютерді істен шығарып, жүздеген компанияның жұмысын тоқтатты. Дегенмен маусым айында Байден Путинге ескерткендей, АҚШ-та бұндай қастандыққа жауап қайтаратын мүмкіндік бар. "Кибершабуылдардың салдарын Путин біледі", – дейді Ақ үй басшысы.

Қытай факторы

Қытай Украина төңірегіндегі тайталаста тікелей ойыншысы болмаса да, бұл мәселеде оның өз рөлі бар. Бірқатар бақылаушылардың пікірінше, Мәскеу өзінің қауіпсіздік жөніндегі талаптарын Вашингтонның қабылдамауына Бейжіңмен әскери байланыстарды нығайту арқылы жауап бере алады. Ресей мен Қытай Жапон теңізі мен Шығыс Қытай теңізінің үстінде ұзақ қашықтыққа арналған бомбалаушы ұшақтармен патруль жүргізіп, суда әскери-теңіз жаттығулары мен бірлескен соғыс ойындарын өткізді.

АҚШ шенеуніктерінің сөзінше, Қытай Президенті Си Цзиньпин Бейжің Қысқы Олимпиадасының ашылуына төрағалық ететіндіктен, Ресей Украинаға әзірге басып кіре алмайды. Себебі сол соғыстан Олимпиаданың шырқы бұзылса, қытайлықтар Ресейге риза болуы мүмкін емес.

Айта кету керек, Путин ойындардың ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге баруды жоспарлап отыр. Ал АҚШ пен Еуропа лидерлері адам құқықтарының бұзылуына наразылық білдіріп, Қытай астанасына сапарлаудан бас тартқаны аян.

Тағы бір теорияға жүгінсек, Қытай Тайваньға қарсы әскери қимылға барса не болатынын анықтау үшін, бүгінде Украинаға қатысты АҚШ пен Еуропаның жауабын мұқият қадағалап отыр.

Латын Америкасына әскер

Жақында Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері Мәскеудің Куба мен Венесуэлаға әскер немесе әскери техника орналастыру мүмкіндігін ескертті. Ресей осы екі елмен ғана емес, Никарагуамен де тығыз байланыста. АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан бұл идеяның өміршеңдігін жоққа шығарып отыр. Ал аймақтағы және бүкіл әлемдегі кейбір сарапшылар Латын Америкасына контингент жіберуді ресейлік күштерді басқа жаққа бұрудан басқа нәтиже бермейтін стратегия деп атап, оның жүзеге асатынына күмән келтіріп отыр.

Дегенмен Ресей Латын Америкасы мен басқа жерлерде, соның ішінде Құрама Штаттарда, алауыздықты өршіту үшін онсыз да ауқымды үгіт-насихат және жалған ақпарат тарату әрекеттерін күшейтуі ықтимал.

Дипломатиялық шешім

Тайталастың сөзсіз басқыншылықпен аяқталатынына дәлел жоқ. Байден әкімшілігі Ресейдің қауіпсіздік талаптарын орындамайтынын айтқанымен, дипломатияға әлі де орын бар сияқты. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бейсенбі күні АҚШ-тың жауабы "екінші дәрежедегі сұрақтар бойынша маңызды әңгіменің басталуына үміттендіріп отыр" деп мәлімдеді.

Франция, Германия, Украина және Ресей екі апта ішінде Украинаның шығысындағы жанжалды жеңілдету туралы 2015 жылғы келісімді қалпына келтіруге бағытталған келіссөздер өткізуге келісті. Бірақ кейбіреулер бұл кездесу АҚШ пен НАТО-ның Ресейге бірігіп қарсы тұру әрекеттерін қиындатады деп алаңдап отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу