АҚШ Қаржы министрлігі Киев пен Вашингтон пайдалы қазбаларды бірлесіп өндіру және Украинаны қалпына келтіруге арналған инвестициялық қор құру туралы келісімге қол қойғанын мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, тиісті министрліктің ресми сайтында осы мәселеге қатысты баспасөз хабарламасы жарияланды.
"Бұл экономикалық ынтымақтастық екі елге ортақ ресурстарды, мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Украинаның экономикалық тұрғыдан қалпына келуін жеделдетуге үлес қосады", – деп хабарлады АҚШ Қаржы министрлігі.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің сөзінше, Вашингтон бұл сұрапыл соғысты тоқтатуға көмектесуге ниетті.
"Бұл келісім Ресейге АҚШ-тың бейбіт процесті қолдайтынын айқын көрсетеді. Бейбіт келісімнің ортасында еркін, егемен және өркендеген Украина тұр", – деді Скотт Бессент.
Украина экономика министрі Юлия Свириденко да құжатқа қол қойылғанын растап отыр.
"АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессентпен бірге қалпына келтіру инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қойдық. Келісімді мазмұнды ету жолында еңбек еткендердің бәріне алғыс. Бұл құжат екі елге де нақты пайда әкелетіндей мазмұнға ие", – деп жазды ол Facebook парақшасында.
Енді бұл келісімді Украинаның Жоғарғы Радасы ратификациялауы қажет.
Айта кету керек, осыған дейін Украина мен АҚШ пайдалы қазбалар туралы келісім бойынша меморандумға қол қойғанын жазғанбыз.