Украина соғысындағы жеңіс кілті

Әнуар Жұмашбаев Әнуар Жұмашбаев
2844

Америкалық "Форен аффаирс" журналының осы сәрсенбі күнгі жарияланымында Украинадағы шынайы жеңістің кілті туралы сараптама жасалды. Ол соңғы күш қалғанша екі тараптың да соғыса алу қабылетіне байланысты болып тұр. Ресей мұнда бүгінге дейін соғыстың ауыр зардабын көбірек тартып келеді.

Украина соғысындағы жеңіс кілті

Мичиган университеті Джеймс Мэдисон кафедрасының ұстазы Кристин Брасуит пен әріптесі Американың жаңа қауіпсіздігін зерттеу орталығының өкілі Маргарита Кунайфтың сараптауынша, масқаралықпен жеңіліс тапқан алдыңғы айлардағы соғыстан кейін Ресейдің әскери қуатын күшейте бастауы шын мәнінде алаңдаушылық туындатады.

Олардың пайымынша, соғыс созылып кетсе, Украина қарулы күштері әскери техника және басқа да көмектердің арқасында белгілі жетістікке жетуі мүмкін, бірақ Ресей әскерін толық күйрете алмайды. Дегенмен соның өзінде соғысуға деген ынта-ықыласынан, адами-материалдық күш-қайратынан біраз айырылып қалғалы тұр.

Сараптама көрсеткендей, жеңіс болу үшін бірнеше себептер орындалуы керек. Соның ең басында тұрғаны Батыстың әскери көмегі, соның ішінде ұрыс құралдары мен украиндық әскерлерді жаттықтыру үздіксіз жүріп отыруы керек.

Соғыстың басында Ресей әскери қуатын логистикамен қамтамасыз етуді сірә, көп ойламады. Сөйтті де бар екпінмен, жойқын күшпен алға ұмтыла берді. Ешқандай қамтамасыз ету мәселесіне, әуені толық бақылауға алуға мән бермейді, дейді сарапшылар.

Ал бұл кезде украиндықтар Ресейдің алға жылжуына тойтарыс берді. Бір жағынан арадағы ұзақ жол мен табиғаттың қолайсыздығы логистикалық проблемаларға әкеп ұрындырды және Ресей әскерінің оңбай жеңіліс табуына әкеп соқтырды.

Дей тұрғанмен, соғыс майданының Укранина шығысына ауысуы Мәскеу үшін логистикалық қиындықтарды жеңілдете түсті. Өйткені соғыс алаңы қазір Ресейге жақын жерде жатыр. Ресейдің басып алған жері мен өз аумағын теміржол мен автожол байланыстырып отыр.

Бірақ Ресейдің әуелгі қатесі – Киевті бірден басып алуға ұмтылуы. Сөйтіп күшін әлсіретіп алды. Сарапшылардың пікірінше, тіпті сол әлсіреудің әсерінен Украина шығысындағы майданда әскерін әліге дейін толық қамтамасыз ете алмай жатыр.

Ресейдің қарулы күшін жарақтандыруда материалдық жағдайының төмендігі, әскер сапын қосымша ұрыс құралдарымен толықтыра алмауы Батыстың салған санкцияларының кесірі. Сондықтан қаруын жасақтау үшін кеңес дәуірінен бері қоймада тұрған мина, танкі секілді ескі техникаларды іске жаратуға мәжбүр. Бұған қосымша қазір Ресей үшін алдыңғы сойқан жеңілістерден кейін қарулы күштерін адам санымен толықтыру үлкен проблемаға айналып барады. Сондықтан қолына қару алуға жарамды азаматтарды барынша майданға аттандырып жатыр.

Өз кезегінде Укранинадағы соғыстың соңғы күш сарқылғанша жалғасатын шайқасқа айналғандықтан сарапшылар Батыстың украиндықтарға созар көмек қолының қаншалықты маңызды екенін көріп отыр.

Қалай болған күнде де дәл қазір Украина үшін орыс әскерін өз жерінен толық тазартудың ауылы әлі алыс. Бірақ Киев Мәскеудің алға жылжуын тоқтатуға, келешек келіссөздерде өз позициясын қорғап қалуға қауқарлы, сол себепті майданның алғы шебіне бар әскери күшін төгіп жатыр.

Сарапшылар соғыстың соңғы төрт айы маңызды бір мәселеге назар салғызғанын айтады. Ол Украинаны елемеушілік, менсінбей қараушылықтықтың үлкен қателік болғандығы. Бұлай деуге АҚШ пен оның одақтастарының Украинаға қол ұшын созуда аянып қалмағандары және көмекті әрі қарай да жалғастыра беруге бекініп отырғандары дәлел.

Мәселен, Вашингтонның соңғы 4 айдағы берген жалпы әскери көмегі 6.1 млрд долларға жеткен. Оған өткен аптадағы Украинаға қатысты 450 млн долларға бағаланған қосымша тағы бір жаңа көмек берілетінін қосыңыз.

Украина басшылығы талап еткен жәрдемнің ең басында Химарс зымырандары тұр. Себебі Ресей ауыр зеңбіректер арқылы Украина елінің шығысын өзіне қаратқысы келеді. Ал оған ұрыс даласында ауыр зеңбіректер керемет мүмкіндік сыйлап отыр.

Соңғы уақытта Батыстың барлау қызметі мен әскери сарапшылары Ресей өзін болдырып тынады деп күтуде. Соның салдарынан Укранина шығысындағы Донбасс өлкесінде соғыс шабуыл тоқтатуға мәжбүр болмақ.

Наурыз айында орыс әскері Киевке жасаған шабуылын, өздері сипаттаған арнайы әскери операциясын сәтсіз аяқтағалы бері Мәскеу бар күшін Украинаның Донбасс өлкесі мен оңтүстігіне салып жатыр. Жалпы Донбасс өлкесі Луганск және Донецк облыстарынан құралған елдің шығысында жатқан аймақ. 

Әнуар Жұмашбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу