Украинадағы әскери бюрократия ең үздік жауынгерлерінің босқа қырылуына соқтырды

2313

Закарпатье облысында үш күндік Аза тұту жарияланды. 

Украинадағы әскери бюрократия ең үздік жауынгерлерінің босқа қырылуына соқтырды Фото: belokatay.ru

Ресей әскері соғыстың алғы шебіндегі Запорожье облысында украиналық әскерилердің топтаса шоғырланған жеріне зымыранмен соққы жасады. Ақпарат құралдарының дерегінше, 20-дан астам адам қаза тапқан.

Ресей тарапының мәліметінше, РФ әскерилері "Искандер-М" зымыранымен Украина Қарулы күштерінің Запорожье облысындағы 128-ші жеке таулық-шабуылдаушы бригадасының жеке құрамына соққы берді.

Әуе шабуылы салдарынан украиналық жауынгерлер опат болды. Зымыран жарылысынан соның маңайында болған жергілікті тұрғындар да жарақат алған. 

Бұл ақпаратты Украина тарапы растады. Бірақ мерт болғандар және зардап шеккендер саны жарияланбады.

Бұл оқиға Украина қоғамын ғана емес, халықаралық қоғамдастықты шошынтты. Себебі, Ресей армиясы кентте марапаттау салтанатына жиналған 128-ші бригаданың әскерилеріне шабуыл жасапты. Қанқасап ұрыс жүріп жатқанда, әсіресе, алғы шепке таяу өңірлерде жауынгерлерді бір жерге жинауға болмайтынын әскери сарапшылар былтырдан бері айтып келеді.

Украинаның өзі де соғыс басталғалы, генералдарды қарсы алу үшін плацқа сапқа тұрған немесе жаңажылдық мереке думанында бас қосқан ресейлік солдаттар тобына бірнеше рет соққы берген болатын.

"Украинская правда" басылымы өз дереккөзіне сілтеме жасап, Ресей зымырандық шабуылы кесірінен кем дегенде 20 адам жан тапсырғанын хабарлады. Оның дереккөзі соққының бригада жауынгерлеріне марапат үлестіру кезінде жасалғанын әңгімелепті.

Бұған қоса, "Суспильненің" екі дереккөзі де "Зымырандық әскерлер мен артиллерия күніне" арналған салтанатты рәсім үшін ең үздік әскерилер сапқа тұрған кезде ресейлік зымырандар да жеткенін растады.

Журналист Андрей Цаплиенконың айтуынша, әуе соққысы салдарынан украиналық артиллеристердің ішіндегі ең бір үздігі Дмитрий "Таксист" Малютин қаза тапқан.

OBOZ.UA жазуынша, Закарпатьелік басылымдар 128-ші бригаданың офицері Сергей Кузневтің қазанамасын басты. Ол дұшпанмен арпалысып, майданның ең сұрапыл ұрыстарынан, ең қауіпті ошақтарынан аман өткен Украина қаһарманы еді. 

Украинаның Қорғаныс министрі Рустем Умеров шейіт болғандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтты және министрліктің Бас инспекциясына адамдар өліміне соқтырған жауапсыздық бойынша тексеру жүргізуді тапсырды.

"Ресейлік пабликтер болжамды түрде Украина Қарулы күштерінің 128-ші шабуылдаушы бригадасының әскерилеріне соққы жасалғаны бейнеленген видеоны таратуда. Роликтен көрінгендей, әскерилер жиналған орынның үстінен ресейлік дрон күзетіп, бақылап тұрған. Украина билігі бригаданың жауынгерлері жан тапсырғанын растады. Украиналық әскерилердің айтуынша, майдан шебіндегі Запорожье облысында командирлер жауынгерлерді салтанатты сапқа тұрғызыпты, сол мезетте ол жерге зымырандық соққы жасалған", – деп жазады Страна сайты.

Закарпатье облысында жауынгерлердің жаппай қырылуына байланысты 6 қарашадан бастап, 3 күндік Аза тұту жарияланды. Бұл туралы Закарпатье облысының басшысы Виктор Мыкыта хабарлады. Өйткені қаза тапқан сардарлар және сарбаздар Закарпатьелік 128-ші жеке таулық-шабуылдаушы бригадасынан болды.

Виктор Мыкытаның мәліметінше, үш күн бойы өңірде мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Әрбір күннің таңында жауынгерлер рухына бағыштап, бір минуттік үнсіздік жарияланады. Түрлі діндердің храмдарында ғибадат жасалады.

Кеше кешкілік Украина халқына кезекті үндеумен жүгінген Президент Владимир Зеленский 128-ші бригадаға қатысты қайғылы оқиғаға жол бермеуге болатын еді деп қатты өкінді.

"Ең алдымен Запорожье облысында 128-ші таулық-шабуылдаушы бригада әскерилеріне жасалған ресейлік соққыға тоқталайын. Қаза тапқан жауынгерлердің барлық туған-туыстары қайғырып көңіл айтамын! Бұл трагедияға жол бермеуге болатын еді. Министр Умеров болған оқиғаның барлық жағдаяттарын анықтау үшін қабылданған шаралар туралы маған баяндады. Ол іс-шараға қатысты нақты кімнің қандай бұйрық бергені анықталады. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті тергеулер, зерттеулер жалғасуда. Ең бастысы – оқиға туралы толық шындықты білу және оның бұдан былай қайталануына тосқауыл қою болады", – деп есеп берді Владимир Зеленский.

Ол ұрыс іс-қимылдары аумағында, жаудың әуеден барлаушы және соққы беруші құрылымдары қол жеткізе алатын аймақтарда әрбір әскери адам ашық аспан астында өзін қалай ұстауға тиістігін, өз қауіпсіздігін қалай қамдау керектігін білуге тиістігін нықтады.

Олай болса, төбеде ресейлік дрондар қаптап жүргенін біле тұра, Украинаның осы майданындағы ең үздік сардарлар мен сарбаздарды бір жерге жию – қасақана жасалуы да мүмкін. Себебі, украиналық әскери сарапшылар украиналық генералдар арасында Ресейге іш тартып тұратын, астыртын соның тапсырысын орындайтын генералдар болуы мүмкін деп топшылайды. 

Украина лидері тергеу қорытындысы қаза болған әскерилердің туысқандарына және қоғамға "трагедияға қалай жол берілгені және кімнің бұйрығы қате болғаны туралы адал жауап беруге" міндетті болатынын мәлімдеді.  

Кешегі бір тәулікте Украина мен Ресей әскері 44 рет шайқасқа түскен.

Тұтастай алғанда, тәулік ішінде Ресей тарапы Украинаға 2 зымырандық және 34 авиациялық соққы жасады. Дүркін атыстың реактивті жүйелерінен украиналық жауынгерлердің бекіністеріне және елді мекендерге 36 рет соққы беріп, оларды жермен-жексен етуге тырысқан.

Салдарынан инфрақұрылымдық объект, жеке тұрғын үйлер және басқа да азаматтық инфрақұрылымдар қирады. Бейбіт тұрғындар арасында да шығын бар көрінеді.

Украина Президенті "кеңес заманынан қалған кесірлі құбылыстардан (советчина), салғырттықтан, сорақы бюрократиядан арылу" үшін күрес жүргізуге уәде етті. Өйткені солар Украинаға, қорғаныс күштеріне өз әлеуетін толыққанды әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр.

Украина армиясы тап болған қанды, қайғылы қателіктерді өзге бейбіт елдердің, соның ішінде Қазақстанның да әскерилері зерделеп, соғыстан сабақ алса, әскери жарғыларын түзетсе жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу