Украинадағы әскери сәтсіздіктен кейін Путинде қандай таңдау қалды?

4013

Кремль басшысының көрші елге басып кірген әскері тұралап қана қоймай, тез кері шегініп жатыр.   

Украинадағы әскери сәтсіздіктен кейін Путинде қандай таңдау қалды?

Ресей Президенті Владимир Путин өз әскерінің Украинаның солтүстік-шығысында жергілікті армияның найзағайдай соққысынан есеңгіреп, қаруын тастап қашқанына байланысты әлі күнге дейін халық алдында түсініктеме берген жоқ. Ал орыс ұлтшылдары оған көрші елдегі инициативаны қайта қолға ал деген қысымды күшейтіп келеді.

1999 жылы билікке келгеннен бері Путин үшін Шешенстан мен Солтүстік Кавказдағы исламшыл содырлар ең үлкен қарулы жаулар болды. Олармен күресте Кремль басшысы күшке көбірек сүйенгені белгілі.

Қазір РФ лидерінің алдында Украинаға байланысты бірнеше негізгі таңдау тұр. Олардың қысқаша сипаты төмендегідей.

Тұрақтандыру, қайта топтасу, шабылдау

Ресейлік әскери сарапшылардың көзқарасы бойынша, РФ армиясы жедел түрде майдан шебін тұрақтандырып, Украинаның алға жылжуын тоқтатып, қайта топтасып, мүмкіндігінше қарсы шабуылға кірісуі керек. Алайда Ресейдің Украинадағы "арнайы операциясы" кезінде қанша адамы өлгенін және қанша техникасының тасталғанын немесе жойылғанын ескерсек, жаңа шайқасқа орыстың құрлықтық күштері мен техникасы жететініне күмән бар.

"Онда жұмыс күші жоқ", – дейді Польшаның Rochan Consulting компаниясының директоры Конрад Музыка Ресейдің солтүстік-шығыстағы сәтсіздіктерінен кейін: "Еріктілер батальондары жасақталып болды, ал адам жалдау науқаны күткендегідей нәтиже бермеді. Меніңше, жағдай әрі қарай нашарлай түседі, өйткені енді ер адамдар майданға қосылғысы келмейді. Сондықтан Мәскеуде мобилизация жариялаудан басқа амал қалған жоқ".

Путин ұлтшыл сыншылардың әскер жетекшілерін, соның ішінде өзінің жақын сыбайласы – Қорғаныс министрі Сергей Шойгуды жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы талаптарымен келісу-келіспеу мәселесін шешуі керек. Путин әдетте қол астындағы қызметкерлерді қызметтен аластату туралы қысымға бірден көнбейді. Бірақ олармен кейінірек қоштасуы мүмкін.

Мобилизация

Ресей соңғы бес жылда әскери борышын өтеген 2 миллионға жуық резервисті мобилизациялай алады. Алайда ол адамдарды әскери дайындықтан қайта өткізуге және орналастыруға уақыт қажет.

Кремль сейсенбіде "қазіргі кезде жалпыұлттық мобилизация мәселесі талқыланып жатпағанын" мәлімдеді.

Мұндай қадам ұлтшылдарға ұнар, бірақ бейресми мәліметтерге қарағанда, ірі қалалық орталықтарда тұратын кейбір ресейлік ер адамдар Украинадағы ұрысқа қосылуды қаламауы мүмкін.

Сонымен қатар мобилизация жарияланса, мақсаттары шектеулі "арнайы операция" деген сөзден бас тартып, көрші елге басқыншылықты "соғыс" деп атауға тура келеді. Ал соғыс заманындағы режимге көшу, ерлерді әскерге мәжбүрлеп әкетуді білдіріп, халықтың наразылығын тудыруы ғажап емес. Бұған қоса, Ресей бауырлас славян елге кең ауқымды соғыс ашып, сәтсіздіктерге ұшырап жатыр деген сынға ұшырауы мүмкін.

Ресей Сыртқы істер министрлігімен байланысты RIAC сараптама орталығының басшысы Андрей Кортунов билік мобилизацияға құлықсыз деген пікірде.

"Үлкен қалаларда көп адамдар соғысқысы келмейді, сондықтан мобилизация қоғамнан қолдау таба қоймас. Екіншіден, мен мұның барлығын шектеулі операция ретінде көрсету Путиннің мүддесіне сай деп ойлаймын. Мемлекет ешқандай түбегейлі өзгерістер жасамай, Ресейдегі ахуалды мүмкіндігінше ақпанның 24-іне дейінгі күйінде сақтап қалғысы келеді", – дейді Кортунов.

Ұлыбританияның Ресейдегі бұрынғы елшісі Тони Брентонның айтуынша, Ресейдің жауынгерлік қауқарын мобилизациямен арттыру үшін бірнеше ай қажет болады.

Алдағы қысқа үміт

Кремльдің ой-пікірімен таныс екі ресейлік дереккөз өткен айда Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтқандай, Путин энергетикалық ресурстардың алдағы қыста қымбаттауы Еуропа мен Украинаны Мәскеудің шарттары бойынша ымыраға көндіреді деп үміттеніп отыр.

Кейбір еуропалық дипломаттардың пайымдауынша, Украинаның майдан даласындағы соңғы табыстары бірқатар еуропалықтардың Киевті Ресеймен келіссөздерге итермелеу ынтасын әлсіретіп жіберді. Ал Германия сияқты мемлекеттер кейінгі апталарда Мәскеуге бұрынғыдан да қатал болып, қысқы энергетикалық проблемаларды қайтсе де еңсеруге бекінгенін байқатып отыр.

Еуропа одағы Ресейден көмір алуды доғарып, шикі мұнайды импорттауға ішінара тыйым салуды мақұлдады. Мәскеу болса, Еуропаға газ экспортын күрт қысқартты және барлық энергетикалық ресурстар экспортын тоқтатуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Айта кетсек, соңғысына Путин әзірге барған жоқ.

Инфрақұрылымды қирату

Украинаның солтүстік-шығысындағы сәтсіздіктен кейін, Ресей көршісінің энергетикалық инфрақұрылымына зымыранмен соққы берді. Бұл шабуыл Харьков пен оған іргелес Полтава және Суми облыстарында электр жарығын уақытша сөндірді. Су құбырлары мен ұялы байланыс желілері де зардап шекті.

Украинаның инфрақұрылымын тұрақты түрде қанатты зымырандармен қиратуды ресейлік ұлтшылдар құптады. Ал халықаралық аренада мұндай шабуылдар айыпталып жатыр.

Дәл сол ұлтшылдар Мәскеуді Киевтегі және басқа жерлердегі "шешім қабылдау" орталықтарына соққы беруге шақырып келеді. Алайда кейбір бақылаушылардың ойынша, бұндай операциялардың жанама шығыны болмайтынына кепілдік жоқ.

Астық келісімін тоқтату

Путиннің сөзінше, Украинадан Қара теңіз арқылы экспортталып жатқан астық пен басқа да азық-түлік өнімдері кедей елдерге аз барып жатыр. Сондықтан Кремль басшысы БҰҰ-ның, Түркияның арағайындығымен жасалған және Украина бюджетін кіріспен қамтамасыз етіп отырған астық келісімін қайта қарауға шақырды және де Путин бұл мәселені осы аптада түркиялық әріптесі Реджеп Тайып Ердоғанмен талқыламақ.

Ол Украинаға дереу зиян тигізгісі келсе, бұл келісімді тоқтата тұру немесе оны жою жайлы шешім қабылдап, қарашада астық пәтуасының мерзімін ұзартудан бас тартуы мүмкін.

Путин осы аптада Түркия басшысы Тайып Ердоғанмен келіссөздер өткізіп, Украинаға қажетті бюджеттік кірісті қамтамасыз ететін келісімді қайта қарауды талқылайды. Егер Путин Украинаға бірден зиян тигізгісі келсе, ол келісімді тоқтата тұруы немесе жоюы немесе қараша айында мерзімі біткенде ұзартудан бас тартуы мүмкін. Мұндай жағдайда Батыс пен Африка және Таяу Шығыстың кедей елдері Путинді жаһандық азық-түлік дағдарысын өршітті деп айыптаса, РФ президенті бар кінәні Украинаға артар еді.

Бейбітшілік келісімі

Кремль уақыты келгенде Киевке кез-келген бітімгершілік келісімнің шарттарын қоятынын мәлімдесе, Украина Президенті Владимир Зеленский елін азат ету үшін күш қолданатынын ескертіп отыр.

Зеленский қайтарылатын жерлерге Ресей 2014 жылы аннексиялап алған Қырым да кіретінін айтты. Мәскеу болса, Қырымның мәртебесі мәңгілікке шешілді дейді.

Украинаның шығысындағы өздерін "Донецк Халық Республикасы" және "Луганск Халық Республикасы" деп жариялаған аймақтарды Киевке қайтару Мәскеу үшін саяси тұрғыдан мүмкін еместей көрінеді. Өйткені РФ оларды ресми түрде мойындағаны белгілі.

Ресей "арнайы әскери операцияның" негізгі себептерінің бірі ретінде осы екі сепаратистік аймақты Украина күштерінен толығымен "азат етуді" атады.

Ресей үшін Украинаның оңтүстігіндегі ішінара бақылауға алынған аймақтарды да қайтару қиын.

Херсон – аннексияланған Қырым түбегін сумен қамтамасыз ететін каналдар орналасқан жер. Сонымен қатар бұл облыс көршілес Запорожье облысымен бірге Ресейден Қырымға құрлықтық жол ашып отыр. Мәскеу ол дәлізді басты жүлде деп есептейді.

Ядролық қауіп

Ресей үкіметінің шенеуніктері Мәскеу Украинада тактикалық ядролық қару қолданады деген болжамды жоққа шығарып келеді. Бірақ Батыс бәрібір алаңдаулы.

Бұндай тайталас адамдарды жаппай қырғынға ұшыратып қана қоймай, Батыс елдерін Ресеймен тікелей соғысқа киліктіруі мүмкін.

Ресейдің ядролық доктринасы, елге жаппай қырып-жоятын қарудан немесе мемлекетке өзге қарудан қауіп төнген жағдайда атомдық арсеналды қолдануға рұқсат береді.

Британның Ресейдегі бұрынғы елшісі Брентоның ойынша, соғыста жеңіліске ұшырап, елге қарайтын беті қалмаса, тығырыққа тірелген Путин ядролық қаруға жүгінуі мүмкін.

Алайда АҚШ армиясының Еуропадағы бұрынғы қолбасшысы, отставкадағы генерал Бен Ходжес мұндай қауіптің барымен келіссе де, оны екіталай деп санайды.

"Ядролық соғыста қарсыластан артық түсу мүмкін емес, ал АҚШ қарап қарап қалмас. Путин немесе оның маңындағы ең жақын кеңесшілері өз-өздеріне қол жұмсайды деп ойламаймын", – дейді Ходжес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу