Украинадағы соғыстың төртінші фазасы басталды

3079

Ресейдің Украина жеріндегі қанды қырғынды бастағанына 8 ай өтті.

Украинадағы соғыстың төртінші фазасы басталды Фото: yandex.kz

Әрине, соғыстың әзір аяқталатын түрі жоқ. Қос тарап та итжығыс түсіп, бірін-бірі ала алмауда. Жуырда жауды Харьков облысынан түре қуып шыққан Украина армиясы кең ауқымды контршабуылдың екінші майданын ашты. Ол Херсон облысын және Донецк-Луганск облыстарын қамтиды. Бірақ халықаралық сарапшылар Украинаның қару тапшылығынан арыла алмағанына назар аудартады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Рамштайндағы кезекті жиынға аттанған Украина Қорғаныс министрі Алексей Резников бұл жиыннан не күтетінін сұраған журналистерге: "Мен үмітті шектен тыс ұлғайтпауға үйрендім", – деп күрсіне жауап берді. Шынында, Ресей жағы 10 қазанда жылу-электр орталықтары, отын қоймалары сияқты азаматтық инфрақұрылымды бомбалап, Украинада "холодомор"  ұйымдастыруға кіріскенде, Батыс Киевке қалаларды әуе шабуылынан қорғауға арналған қуатты қаруларды беруге уәде еткен. Бірақ германиялық екі-үш IRIS-T зениттік-зымыран кешенінен басқасы келмеген.

Ал Ресей жағы әзірге мобилизацияланғандарды майдан даласында толыққанды жұмылдырып, қуатын арттыра алмай жатыр. Кеше әскери пабликтерде сауытты техника тиелген ұзынсонар теміржол эшелондарының Украина жақты бетке алғаны бейнеленген видеолар тарады. Яғни қос тараптың да шешуші айқастарға әзірленіп, күштерін топтастырып жатқаны байқалады.

Сондықтан осы үзілісте 8 ай қорытындысын шығарған зерттеушілер соғыстың қалай басталғанын еске түсіріп, Ресейдің шабуылындағы және Украинаның қорғанысындағы кемшіліктер мен кемел тұстарды талдады.

Мысалы, Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный ел шетіне басып кірген дұшпанның жер қайысқан әскерінен қалай қорғанатынын тіпті АҚШ-тан жасырып қалғаны белгілі болды. Оның соғыс өнерін, айла-шарғыларын өзге елдер үйренуде.

Сондай-ақ америкалық ақпарат құралдарына белгілі болғандай, дәл соғыс қарсаңында АҚШ Штабтар бастықтарының біріккен комитетінің төрағасы генерал Марк Милли Залужныймен бірнеше рет тілдесіп, одан Украинаның жаудан қалай қорғанатыны туралы ақпаратты талап етеді.

Сонымен бірге ол Украина қару қорларының егжей-тегжейлі инвентаризациялық есебін беруді сұрайды. Милли Украина үшін әзірленген америкалық соғыс стратегиясын да ұсынады. Ол бойынша бүкіл ел ортақ емес, бірнеше қорғаныс желісіне бөліп тасталады. Шоғырландырылған емес, шашыранды, мобильді бөлімшелерге салмақ салынады. Ел партизан соғысы тәсілдеріне жүгінеді.

Залужный болса, қорғаныстың бүге-шігесін америкалық серіктестеріне айтпады. Өз жоспарларын қызғыштай қорғаған. Тіпті Зеленскийді де толыққанды құлақтандырмаған екен. Ол кезде сатқындар көп болды, содан кімге сенуге болатынын білмепті. Генерал елдегі қару-жарақ қоймаларының көбін босаттырып, оларды құпия орындарға жасырған және олардың да орнын жиі ауыстырып отырған. Әскери авиацияның бір бөлігі құпия түрде көрші достас елдерге әкетілген. Соның арқасында Ресей алғашқы күндері әскери қоймалар мен әскери базаларға соққы беріп, Украинаны қарусыздандырдым деп ойлады. Артынша азын-аулақ болса да, украналық авиация әуеге көтерілді. Жойылды деген сауытты техника майдан даласында пайда болды.

Соғыс қарсаңында Ресей пропагандасы Украина әскерін, соның ішінде 2021 жылғы 27 шілдеде армияның бас қолбасшысы болып тағайындалған генерал Залужныйды келеке етіп бақты. Алайда артынша Ресейге оның ұрыс жүргізу шеберлігін мойындауға тура келді. 13 қыркүйекте, "Россия-1" федералдық телеарнасында көрсетілетін "Вечер с Владимиром Соловьевым" ток-шоуында "Залужный қызықты комбинацияларды ойлап табатын талантты ер-азамат" деген биік баға берілді. Себебі қарсыласты жете бағаламау нәтижесінде ресейлік әскер майдан даласында оңбай таяқ жеді.

Генерал Залужныйдың, жалпы Украинаның әскери тәсілдерін Батыс та зерделеуде. Америкалық атақты The New Yorker апталық басылымы да осы тақырыпқа түрен салып, төл зерттеуін жүргізді.

Украинаның Қорғаныс министрі Алексей Резниковтың түсіндіруінше, бүгінде соғыстың 3 кезеңі өтті. Ғаламат Ресей әскеріне шекарада тойтарыс беру мүмкін еместігін Украина Бас штабындағы генералдар түсінген. Егер барлық жауынгерді елдің шекарасын қорғауға шоғырландырғанда, олар сол жерде жер жастануы ықтимал еді. Сондықтан олар басқа тактиканы ұсынған екен.

Резниковтың айтуынша, соғыстың бірінші кезеңінің мақсаты – дұшпанды мүмкін болған жерде бөгеп ұстау болды. Бұл ретте Киев елге лап қойған жау әскерін шекарада тойтармай, ел ішіне дендей енуіне мүмкіндік берді. Осы арқылы оның өз сапын сиретіп, қойдың құмалағындай шашырап кетуіне ықпал етті, сөйтіп логистикасынан айырды. Биылғы көктемде Киевке апаратын бас трассада 65 шақырымға созылып, ирелеңдеп кетіп бара жатқан алып әскери колоннаның ғарыштан түсірілімі әлемге тарады, үрей тудырды. Оларға украиналық шағын батальондық-тактикалық топтар тосыннан шабуыл жасап, америкалық Javelin (Джэвелин), Stinger сияқты жеңіл, тасымалданатын, танкке қарсы зымыран кешендерінен, түріктің "Байрақтар" дронынан тұтқиылдан соққы берілді. Ақыр соңында ондаған шақырымдық ресейлік колоннадан ешқандай әскери техника Киевтің орталық алаңына аман жетпеді.

Украина халқы Байрақтарды басына көтере дәріптеді, оған арнап ән шығарды. Әлеуметтік желіде: "Святий Байрактар, покровитель України" деген мақтау пікірлер жазылды. Кейбір отбасылар жаңа туған сәбилеріне Джэвелин деп ат қойды.

Резниковтың айтуынша, бірінші кезең Киев үшін, Украинаның тәуелсіз ел ретінде сақталып қалуы үшін шайқас болды. Бұл кезеңде Ресей іс жүзінде жеңіліске ұшырады. Агрессордың әскері Киев, Сумы, Чернигов, Николаев облыстарын тастай қашты. "Блиц-криг" "блиц-кринжге" айналды (cringe жаргон сөзі ұяттан жер болуды білдіреді).

Екінші кезең мақсаты – Украина үшін майданды тұрақтандыру және ұрыс даласында күштердің ең құрығанда тепе-теңдігіне қол жеткізу болды. Бұл уақытта Ресей Украинаның өзі оккупациялаған 5 облысында әскер саны жөнінен де, қару-жарақ пен техника жөнінен де басымдығын сақтады. Артынша тағы күш жинап, жойқын соққы берді. Украина Президенті Владимир Зеленский 1 маусымда мәлімдеме жасап, Украинаның шығысында күн сайын 60-100 украиналық солдат қаза тауып, тағы 500-дейі жарақат алатынын мойындауға мәжбүр болды.

Артиллерия мен зымыран жөнінен қарсыласын он орап түскен Ресей ЗСУ қорғанған тұстардың әр метрін аяусыз бомбалады. Шетелдік ақпарат құралдары бұрын орман не тоғай тұрған алқаптың үстемелете соққыдан соң ойдым-ойдым әрі қап-қара жазыққа айналып шыға келетінін көрсетті. Ресей жағы бір күнде барлық бағытта шамамен 20 мың снарядтан атып отырған. Снаряд "нөсерінен" кейін жер қып-қызыл шоққа айналып, тастары балқып жататын болған. Осы тұста Украина Президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович Ресей әскерінің қайтадан Киевке дейін жету қаупі туғанын жариялады. Ірі соққы беруші дрондарды ресейлік әскер жаппай атып құлатып, тауысуға таяды. 

"Алдымен қасиетті Джавелиндерің болды, оларың сынып бітті. Ұлы Байрақтарыңмен мақтандыңдар, олардың қанаты қырқылды. Тағы нең бар?", – деп масайрады ресейлік пропагандистер.

Жағдайды "Хаймарстар" өзгертті. M142 HIMARS – доңғалақты шассиі бар америкалық реактивті дүркін атыс жүйесі. Оның реактивті снарядтары 500 шақырымға дейін ұша алады. Дегенмен қыркүйек соңындағы жағдай бойынша АҚШ-тың Украинаға тек MFOM тобына жататын, 80 шақырымға дейін ғана ұша алатын HIMARS снарядтарын бергені ресми расталды.

Америкалық ақпарат құралдарының жазуынша, одан қашыққа, мысалы, 300 шақырымға ұшатын түрлерін Вашингтон әдейі бермей отыр. Оған қол жеткізсе, Украина Ресей аумағындағы әрі жатқан қалаларды, Қырымды және сондағы көпірді бомбалай бастайды, сөйтіп Ресейді қатты өшіктіреді деп қорқады.

Қалай болғанда, екінші кезеңде Украина Батыстан түрлі артиллериялық жүйелер мен оларға арналған оқ-дәрілерді жеткілікті көлемде алып, майдан даласындағы ахуалды күрт өзгертті.

Резниковтың айтуынша, бұл "әскери-саяси басшылыққа үшінші кезеңді бастау жайын салмақты ойластырыруға мүмкіндік берді".

2022 жылғы 10 шілдеде Украина Президент Владимир Зеленский елдің оңтүстік территорияларын жаудан азат етіп, толық бақылауға алу үшін контршабуыл жоспарын әзірлеуге бұйрық бергенін жариялады. HIMARS-тар Херсон облысындағы оккупациялық әскерді тоқтаусыз төмпештеуге кірісті. Тамыз айының соңында ЗСУ Херсон облысында қарсы шабуылды бастады. Әлеуметтік желілер украиналық әскердің Херсон қаласынан 10 шақырымда, қаладан көзкөрім жерде түскен суреттерін жариялады. Мұның кейін жауды жаңылыстырған дезинформация екені айқындалды.

Қарсылас қақпанға түсті. РФ қорғаныс министрлігі қолындағы жалғыз облыс орталығынан айырылып қалмау үшін өзге майдан шебіндегі әскері мен техникасын Херсонға бағыттады. Алайда оның соңы не болғаны белгілі. ЗСУ Херсонды емес, Харьков облысындағы жау әскеріне шабуыл жасады. Ол жақтан РФ тым көп әскерін әкеткен, олардың орнын толықтырып үлгермеген. Онда қалдырылған, ұрыс жүргізу тәжірибесі жоқ ресейлік ОМОН жауынгерлері бекіністерін тастай қашты. ЗСУ көптеген қалаға тоқтамай-ақ, қарапайым Humvee көліктері мен австралиялық Bushmaster бронетранспортерларымен зуылдай өте шықты. Сасқан қарсылас ауыр техникаларына, снарядтарына дейін тастай қашты. Харьков облысы толық дерлік босатылды. Осы айлалы контршабуыл генерал Залужныйдың даңқын тіптен арттырды.

Ресейлік әскери шолушылар "Харьков шабуылы Луганск шабуылына ұласты" деп дабыл қақты. Өйткені Украина армиясы Ресей армиясын қуалаған бойы бұған дейін толықтай оккупацияланды деген Луганск (әлем мойындамаған "ЛХР") облысының территориясына кірді. Қазір ең ауыр шайқастар сол "ЛДХР" аумағында жүруде.

"Бүгінде Владимир Путин тұйыққа тірелгенін түсініп, мойынсұнды. Ол соғыстың ұзауы, азық-түлік пен қуат көздерінің жаһандық жеткізілімдерінің бұзылуы салдарынан украиналық қоғам соғысты жалғастырудан шаршайды, ал Батыс елдерінің әскери көмегі сұйылады деп күтіп отыр. Бірақ Ресейдің ары қарай реакциясы қандай болатынын ешкім түсінбейді. Вашингтонның бағалауынша, Путин Арктикада ядролық бомбаны сынауы, Украинада қуаты аз тактикалық ядролық қаруды жаруға дейін баруы мүмкін. Бірақ Кремль басшысын құрықтап ұстауға болатыны байқалады. Америкалық барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі айтқандай, "Ол үшінші дүниежүзілік соғысты қаламайды", – деді The New Yorker шолушысы Джошуа Яффа.

Соғыстың төртінші кезеңі немен аяқталатыны белгісіз. Украина қазір толығымен дерлік Батыс көмегіне тәуелді. Оның артиллериялық снарядтары мен зымырандары жарты жыл соғысқа ғана жеткен. Ресейдің үстемелеткен соққысы салдарынан елдің энергетикалық кешенінің 40 пайыздайы зардап шекті. Украиналық біраз қалада адамдар даладағы буржуйкада ас әзірлеуге мәжбүр.

Егер алдағы қарашадағы сайлауда республикалық партия жеңсе, онда олар Украинаға көмекті азайтқызып тастауы да ықтимал.

Ресей-Украина соғысының жалғасуы бүкіл ТМД аумағындағы ахуалға кері ықпал етіп, аймақтың тұрақтылығын тоздырып, экономикалық дағдарыстың ұзауына соқтыруы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу