Украинаға енді Иран снарядтары соққы бергелі тұр

1964

Қос көршіміздің Каспий теңізін және аймағымызды милитаризациялауы шошынтады. 

Украинаға енді Иран снарядтары соққы бергелі тұр Фото: news.liga.net

Wall Street Journal хабарлауынша, соңғы 6 айда Иран Ресейге 300 мыңнан астам артиллериялық снаряд пен шамамен миллион оқ жолдаған. Басылымның есебінде бұл жеткізілімдер екі елдің ішкі теңізі саналатын Каспий арқылы жүзеге асырылып жатқаны айтылады.

"Иран Ресейге қару жеткізу үшін негізінен, жүк рейстерін пайдаланады. Бұл тасымалды Батыс елдері бұғаттай алмайды. Каспий теңізі арқылы қару тасылуына тосқауыл қою үшін оның жағасындағы өзге үш ел (Қазақстан, Әзербайжан, Түрікменстан) қарсы шығып, оны доғаруды талап етуі қажет болады. Бірақ бұл беймүмкін нәрсе. Таяу Шығыс елдерінің шенеуніктері бізге хабарлағандай, Ираннан Ресейге бет алған қару-жарақтың белгілі соңғы партиясы 2023 жылдың наурыз айының басында Каспий теңізін кесіп өтті. Сонда ирандық Бандар Амирабад портынан Астраханға жеткен ресейлік жүк кемесіне 2 мың артиллериялық снаряд салынған 1 000 контейнер тиелді", – деп жазады The Wall Street Journal.

Ол жүкті Ресейде "Рособоронэкспорт" қабылдап алған. Жалпы, 2022 жылғы қыркүйектегі бір контрактісі аясында ресейлік осы компания Ираннан 74 мың артиллериялық снаряд алып, оған 1,7 миллион доллардай ақы төлеген.

Америкалық сарапшылар АҚШ бұл тасымалды тыюға күш салып жатқанына назар аудартты. Мысалы, АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы, армия генералы Майкл Эрик Курилла биылғы 24 сәуірде каспийлік елге – Түрікменстанға арнайы сапар жасады. Америкалық қолбасшы түрікпен елінде келіссөз жүргізіп жатқан кезде, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Вашингтонға аттанды.

Түрікменстан орталық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Рашид Мередовті осы дүйсенбіде, 24 сәуірде Вашингтонда АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қабылдап, келіссөз жүргізген. Осы екіжақты консультацияларға қатысты АҚШ сыртқы саясат ведомствосы мәлімдеме жариялады. Мемдепартаменттің баспасөз хабарламасында Блинкен мырза өз әріптесі Мередовпен осыдан екі ай бұрын, 28 ақпанда Қазақстанның бас қаласы Астанада өткен "С5+1" (Орталық Азияның 5 елі мен АҚШ) саммиті аясында жеке жүздескенін жеткізді. Яғни, ақылдасу жалғасты.

Өз сөзінде Энтони Блинкен Америка Құрама Штаттары Түрікменстанның егемендігін, тәуелсіздігін және территориялық тұтастығын қолдайтынын жариялады. Келіссөздер аясында экологиялық тақырыптар да көтерілген. Ал кездесу қорытындысында таратылған Мемдепартаменттің баспасөз мәлімдемесінде айтылғандай, әңгіме барысында тараптар мәдениет пен білім беру салаларында да өзара ынтымақтасу мәселелерін талқылапты. Бұдан бөлек, Түрікменстанның Сыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы өңірлік даму, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және ықтимал экономикалық серіктестік туралы уағдаласты.

Негізі, Түрікменстан мен Батыс арасы қарқынды жақсарып келеді. Бұған дейін бейтараптылық саясаты аясында ешбір одаққа қосылмаған Түрікменстан күтпеген қадам жасап, 2023 жылғы 21 сәуірде Ашхабадта Иранның атажауы саналатын Израильдің елшілігін салтанатты түрде ашты. Сол күні Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Израильдің сыртқы істер министрі Эли Койнді жоғары деңгейде қабылдады.

Батыс сарапшылары да Иранның дәл іргесіндегі елдің сыртқы саясатындағы осы бетбұрысқа жіті мән беріп отыр.  Мәселен, оларды сәуір айының басында АҚШ Бесінші флотының (United States Fifth Fleet) басшысы, вице-адмирал Чарльз Купердің Түрікменстанға жария емес сапармен барып қайтқаны елең еткізді. Купер Парсы шығанағы мен Үнді мұхиты аймағындағы әскери ісқимылдарға жауап береді. Ендеше түрікпен елі Америкамен шынында қауіпсіздік саласында тығыз ынтымақтастықты жолға қоя бастаған сыңайлы.

Уолл Стрит Джорнэл базасы Бахрейнде орналасқан осы Бесінші флоттың құзырына өзгелері сыртында, Иранның теңіз контрабандасымен күрес те кіретінін еске салды.

Мысалы, былтырғы 1 желтоқсанда АҚШ әскери теңіз күштері Йеменге қару-жарақтың бірнеше түрін заңсыз тасыған ирандық кемені ұстап алды. Қарулар мен оқ-дәрілер Тегеран қолдайтын хуситтерге арналған болса керек. Сонымен бірге Украина әскері де ирандық снарядтарды қолдана бастады. Осыған қарап, ресейлік әскери шолушылар АҚШ өзі тәркілеген ирандық контрабандалық қаруды Украинаға беруі мүмкін деп топшылады. Украиналық сарапшылар болса, ЗСУ ресейлік әскерлер қолдануы мүмкін ирандық снарядтардың қоймасын қолға түсірген болар деп болжады. Бұл дерекке қатысты Тегеран да, Киев те ресми түсініктеме бермеген.

АҚШ басылымдары Американың одақтасы болып табылатын Ұлыбританияның теңіз күштері де соңғы бірнеше айда, өзге теңіздерде ирандық қару контрабандасының бірнеше талабының жолын кескенін хабарлады.

Ал аймақта тұйықталған Каспий теңізіндегі ирандық қару тасымалына Батыстың әзірге қылар қайраны жоқ. Сондықтан Иран қанқұйлы Мәскеуге Каспий теңізі арқылы қанша көлемде қару жеткіземін десе де, өз еркі.  

Сарапшылар Кремль былтыр Украинада кең ауқымды соғыс бастағалы, РФ пен ИИР (Иран Ислам республикасының) байланыстары тереңдегеніне назар аудартады.

Әрине, Тегеран Қырымды және Украинаның тағы 4 облысын Ресейдің аннексиялауын, оларды Мәскеудің меншіктеуін мойындамады. Бірақ бұл жерде "жауымның досы — менің досым" деген қағида қолданылатын сияқты. Себебі бүгінде Ресей және Иран – Батыс тарапынан енгізілген санкциялардың саны жөнінен абсолютті чемпион саналады. Оларға ешбір ел жете алмайды.

Бұл фактор оларды біріктірді: Мәскеу мен Тегеран санкция аясында барынша толыққанды өмір сүре алу үшін бірінің кем-кетігін бірі толтыруға уағдаласты. Түбегейлі халықаралық оқшаулануға ұшырамау үшін Батыстың ықпалымен бірлескен күресті өрістетіп жатыр.

Мысалы, нысанаға дөп тиетін жоғары дәлдікті зымырандары таусылуға таяған Ресей қыс бойы Украинаға Иранның ұшқышсыз ұшатын соққы беруші аппараттарымен, камикадзе дрондарымен шабуылдап, қансыратты, қарсы шабуылға шығуына мүмкіндік бермеді. The Guardian жазуынша, Mohajer-6, Shahed 191/129 сияқты ирандық беспилотниктер де Каспий арқылы жеткізілуі мүмкін.

Бұған алғысы ретінде РФ ИИР-ді заманауи жойғыш ұшақтармен қаруландырып жатыр. Биылғы 2023 жылғы наурызда мемлекеттік IRNA агенттігі Иран ресейлік Су-35 заманауи истребителдерін сатып алу туралы мәмілені аяғына жеткізгенін жариялады.

Бұған қоса, Ресей Иранмен арасында әскери ғарыш саласындағы ынтымақтастығын өрістетті, соның ішінде тіпті әскери жерсеріктерін бірге ұшыруға бел буды. Бұдан бөлек, экономикалық, қаржылық, мәдени ықпалдастық артқан. Ресейлік телеарналар ирандық сериалдарды аударып, РФ аудиториясына жаппай және жүйелі түрде көрсетуге әзірленуде.

Түрлі дереккөздердің хабарлауынша, Ресей Украина майданында қолға түсірген батыстық озық қару үлгілерін Иранға табыстаған. Соңғы онжылдықтарда әскери өнеркәсіптік кешенін қарқынды дамыта алған Тегеран оларды көшіріп алып, заманауи төл қаруын жасауға талаптанатын болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу