Украинаны құпия түрде құтқарып қалған ел әшкере болды

2758

Еуропалық Одақтағы Мәскеудің досы саналған мемлекеттің былтыр соғыс басталғанда қарудан жұтаған Украинаға көмектескені белгілі болып отыр.

Украинаны құпия түрде құтқарып қалған ел әшкере болды Фото: yandex.kz

2022 жылдың 24 ақпанында соғыс басталғанда, Украина қиын жағдайда қалды, мұнайлы ел болмағандықтан оның жанар-жағармайы, отыны тез таусылды, ал шетелден жеткізілімдер қиындады. Сонымен бірге, республика қару-жарақтан қатты тарықты. Батыс болса, артын бағып, ауыр техника, қаһарлы қару-жарағын беруге асықпады.

Германияның WELT басылымы Киевке көмек күтпеген жақтан келгенін анықтады. Бұл туралы "Украинаны құпия қорғап қалған ел" деп аталатын сараптамада баяндалады. Сонымен, "Еуропадағы ең кедей елдің бірі" саналатын Болгария алғашқылардың қатарында көмек қолын созғаны мәлім болды.

Жалпы, Болгарияның орыс елімен ынтымақтастығының терең тарихи тамыры бар. Болгарияның Осман империясынан тәуелсіздік алуына Ресей көмектескен. Сонымен қатар Болгарияны ұзақ уақыт бойы орыс патшаларының отбасыларынан шыққан тұлғалар басқарды. Оның үстіне Болгария кеңес заманында социалистік лагерьге кіріп, қызыл империядан көмек алып тұрды. Бұған қоса, Болгария ресейлік энергиялық ресурстарға қатты тәуелді елдердің бірі болды. Тағы бір дәйек: Болгария саясатында Кремль қолдайтын күштер үстем, Мәскеу түшкірсе, "тұмаурататын" партиялар жетерлік.

Сонымен бірге Болгария Киев Русімен де тарихи төркіндес. Сондықтан бауырлас Киевті құтқарып қалу үшін ресми София оған сауытты техникаға, әуе қорғанысы күштеріне қажетті отын түрлерін, сондай-ақ кеңес дәуірінен өзіне мұраға қалған қаруларды, кеңестік калибрдегі оқ-дәрілерді жеткізуге білек сыбана кіріседі. Бірақ Мәскеуді ашуландырып алмау үшін оның бәрін қатаң құпияда ұстауға тура келген. Ал енді неге ол сырдың бетін ашты? Себебі қазіргі кезде Болгария Парламенті өз Үкіметіне Украинаға ресми көмектесуге рұқсат етті.   

Болгарияға қатысты эксклюзивті ақпаратты WELT басылымына анонимді дереккөздер емес, биік лауазымды тұлғалар, атап айтқанда Украинаның сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба, Болгарияның былтыр отставкаға кеткен премьері Кирилл Петков және бұрынғы Қаржы министрі Ассен Василев жариялады.

Үкімет басшысы Петков батысшыл саясатты ұстанып, өз елін НАТО траекториясында дамытпақ болды, бірақ кремльшіл жергілікті саясаткерлердің қуатты қарсылығына кезікті. Себебі, оның үкіметтік коалициясында ескі коммунистік партияның ізбасарлары, социалистер көп болды. Бұл ретте елдегі қуатты күш саналатын Социалистік партия Украинаға қару жеткізіліміне рұқсат етпейтіні туралы ұстанымын нақты білдірген. Үкімет басшысына былтыр тіпті елдің Қорғаныс министрін жұмысынан қууға тура келді, өйткені ол соғысқа қатысты Мәскеудің нұсқасын ашықтан ашық насихаттаған. Сонымен бірге Петков әр алаң мен мінберден Болгарияның бұл соғысқа қатысты бейтарап қалатынын қайталаумен болды. Соның салдарынан шетелдік сарапшылар Болгарияны Мәскеудің Еуропадағы серіктесі Венгрияның қатарына жатқызып қойды. Алайда осы шымылдырықтың артында болгарлардың Украинаны қаруландыру үрдісі қызу жүріп жатыпты.

Әрине, София отынды, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді Украинаға тікелей жолдай алмаған. Осы мақсатта ол шетелдік фирмаларды, Румынияның, Венгрияның Польшаның аумағын пайдаланған.

"Біздің бағалауымызша, соғыстың ерте кезеңінде Украина армиясына қажет болған оқ-дәрілердің шамамен үштен бір бөлігін жалғыз ғана Болгария жеткізді. Маңыздылығы жөнінен бұдан еш кем емес тағы бір жайт, Болгария украиналық ұрыс техникаларының жүруі үшін қажетті дизелді отынды жеткізіп отырды, бұл жанар-жағар майды біз ресейлік шикі мұнайды өңдеу арқылы алдық. Орыс мұнайы Қара теңіздегі мұнай өңдеу зауытында өңделді, бұл кәсіпорын сол кезде ресейлік "Лукойл" компаниясына тиесілі болды", – деді WELT-ке сұхбатында К.Петков.

Болгарияның экс-Қаржы министрі А.Василев соғыс басталғанда өз елінің Украинаға дизель отынын жеткізетін ірі экспорттаушыға айналғанын растады: тек ЗСУ ғана емес, бүкіл Украина тұтынған осы өнімнің 40 пайыздайын бір ғана Болгария қамтамасыз еткен. Оның сендіруінше, "Лукойл" қызметкерлері де соғысты айыптап, қарсы шыққан екен. Сондықтан Болгарияның тұтынуынан артылған мұнай өнімдерін Украинаға жеткізуге қарсы болмаған көрінеді. Ал басыартық көлем зауыт өндірген өнімнің жартысына жуығын құраған. Сөйтіп, РФ компаниясының өнімі Ресейдің жеңілісіне үлес қосты.

Осы айтылғандарды Киев растады.

"2022 жылдың көктемінде оқ-дәрі тапшылығы нағыз қауіпке айналды. Біз Болгарияның әскери қоймаларында қажетті оқтардың, снарядтардың үлкен көлемі сақтаулы жатқанын білетінбіз. Президент Владимир Зеленский қажетті материалдарды сұрау үшін мені аттандырды. Бұл өмір мен өлімнің мәселесі болатын. Егер бізде оқ-дәрі таусылғанда, ресейлік әскер көптеген ауылдарымыз бен қалаларымызды басып алып, украиндықтардың көбін азаптап, қырып салуы мүмкін еді. Петков өз елі ішіндегі ахуал күрделі екенін, бірақ қолынан келетіннің бәрін жасайтынын жеткізді. Кирилл Петков асқан принципшілдік, табандылық танытты. Өзінің барлық саяси ықпалын іске жаратып, шешімнің табылуына қол жеткізгені үшін мен өмір-бақи оған риза болып өтемін", – деді Украинаның сыртқы саясат ведомствосының басшысы Д.Кулеба WELT-ке сұхбатында.

Германиялық аналитик, сараптама авторы Филип Фолькманн-Шлуктың (Philip Volkmann-Schluck) хабарлауынша, София Киевке саяси тұрғыдан да қатты көмектесті. 2022 жылғы 25 ақпанда, яғни соғыс басталған күннің ертесіне Еуропалық кеңес Брюсселге барлық лидерлерді жинап, бейресми саммит өткізді. Еуропалық басшылардың абдырағаны бет-жүздерінен анық аңғарылған. Сонда К.Петков Батыс елдері үн қатпаса, Мәскеуге қысым көрсетпесе, Зеленскийдің тірі жер басып жүруіне 48 сағаттан аз уақыт қалатынын, себебі ол "Мәскеудің өлтірілуге тиіс тұлғаларының қара тізімінде екенін" айтады. Зұлымдыққа жол бермеу үшін ең құрығанда қатаң санкцияларға қатысты шешім қабылдауды ұсынады. Еуропалық комиссия бұл қадамды құптап, тиісті шешімін жариялағаны мәлім.

Бұдан бөлек, Парижде ЕО қаржы министрлерінің кездесуіне қатысып жатқан министр А.Васильев те әріптестерінен өз елдерінің үкіметтерін Украинаға көмектесуге үгіттеуге және соны қаржыландыруға үндеген. Ол өзгелер сияқты соғыстың Украинаға және Еуропаға экономикалық салдарларына тоқталып, сандарды суша сапырып жатпай, әңгімені басқа арнаға бұрады.

"Путиннің әскери операциясының басты мақсаты ретінде белгілеген "Украинаны денацификациялаудың" не екенін біз жақсы білеміз. Өйткені мұны Болгария да бастан өткерді: Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестер біздің елімізде ұлттың беткеұстар азаматтарын мыңдап қырды, зиялы қауым, ғалымдар, діндәрлар қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз, жалған жаламен жазаға кесілді", – деп түсіндіреді Болгария Қаржы министрі.

Америкалық Politico басылымы Париждегі сол саммитке қатысқан өзге елдердің делегация өкілдеріне сұрау салып, бұл оқиғаның шын екенін анықтады: кездесу қатысушылары болгар министрінің баяндамасы жиналған делегаттардың көңіл-күйі мен ұстанымдарын күрт өзгерткенін растаған. Екі күн өткен соң санкциялар, артынша Украинаны қолдау шаралары қолданыла бастады. ЕО өз ортасында бастапқы іс-шараларды "болгариялық ұсыныстар" деп атайды екен.

"Біздің жекеменшік әскери кәсіпорындарымыз тиісті құпия тапсырыстар алып, толық қуаттылықта жұмысқа кірісті. Біз олардың өнімін Украинаға тікелей емес, жанама, жасырын жолдармен жеткізуге уәкілеттік алдық. Сәуірде түсірілген кадрлардан көруге болады, қаруға аузы-мұрнынан шыға лық толған алып жүк ұшақтары Болгария мен Польша арасында қатынап жатты. Одан ары қарай қару-жарақ Украинаға ең жақын терминал, украин-поляк шекарасынан 70 шақырымдағы поляк әуежайына жеткізілді. Бұл НАТО мұқият күзететін әуе қақпасы саналады. Бірақ осы маршруттің өзі шамадан тыс жүктелгендіктен, Румыния және Венгрия арқылы өтетін құрлықтағы жүк тасымалы маршрутінің де осы мақсатта пайдаланылуға қам жасадық", – дейді К.Петков.

Бұл жеткізілімдерді де Д.Кулеба растады. Дегенмен ол болгариялық әскери көмектің тегін болмағанын, оны украиналық компаниялар мен НАТО елдері сатып алғанын қосты. Бірақ дамыған елдердің өзі Киевтің құлайтынын болжап, батыстық заманауи қаруларын бермей отырғанда, қару-жарақты ақылы жеткізудің өзі үлкен демеу еді. Өйткені Украинаға кеңестік қару түрлеріне ие ТМД-ның барлық елдері де қару сатудан ат-тонын ала қашқаны мәлім.

WELT анықтағандай, Болгариядан қару жеткізілімінің барлық қаржылық шығынын АҚШ пен Ұлыбритания төлеп берген.

Сырдың шеті былтырғы маусымда ашылып қалды. Kintex мемлекеттік әскери экспорттық компаниясының басшысы Александр Михайлов саяси дау-жанжалға басы шатылып, отставкаға кеткен соң қоғамды дүр сілкіндірген сенсациясын жариялады. Ол Ресей Украинаға шапқыншылығын бастағалы Болгарияның шетелге қару экспорты "2 миллиард еуроға жеткенін" мәлімдеді. Сондай-ақ БМ-21 "Град" дүркін атыс реактивті жүйелеріне арналған снарядтарға дейін тасылғанын хабарлады. Социалистік партия егер шынымен Украинаға тікелей көмек көрсетілсе, Үкіметтегі коалицияны тарататынын айтып, доқ көрсетуге кірісті. Әйтсе де, тікелей көмекке қатысты дәлелдер таба алмады, себебі София мен Киев арасында тікелей қару-жарақ жеткізу туралы қағаз жүзіндегі ашық не құпия келісімшарт болмаған.

Мәскеу Польша арқылы тасылып жатқан қаруды НАТО елдері жеткізіп жатыр деп түсінді. Ал Румыния арқылы автоцистерналармен, пойыздармен Украинаға лек-лекпен ағылған мұнай өнімдерінің кімдікі екенін көпке дейін түсіне алмаған. Содан ресейлік соғысшыл пабликтер, телеграм-арналар бұған тіпті Қазақстанды айыптап та көрді: Қазақстанның меншігінде Румыниядағы мұнай өңдеу зауыты бар екені мәлім, оған қазақ мұнайы жеткізіледі. Бұл қауесет расталмады. Ол ЖЖМ өнімдерінің болгарияныкі екені енді әшкере болды.

Бүгінде Қара теңіз жағалауында, Бургас маңында орналасқан "Лукойл" МӨЗ-і Ресейдегі бас кеңсесінен бөлініп шықты, ол толығымен Болгарияның бақылауында. Ол өзіне қажетті шикізатты басқа елдерден іздеп жатыр.

Мәскеу Болгарияның құпия ойынын біліп қойған соң, бұл елге қысым жасай бастады. Мысалы, мамыр айында Болгария ресейлік билік қаржыландыратын хакерлердің үстемелеткен шабуылына тап болды: электрмен жабдықтаушы жүйелер, пошта байланысы зардап шекті, тұрғындар зейнетақысын, жәрдемақысын ала алмай қалды.

Германиялық басылымның жазуынша, мәскеулік агентура белсенді қимылдай бастаған көрінеді: депутаттарды, саясаткерлерді сатып алу талабы өрістеген. Содан София наурыз және маусым айлары аралығында шпионажға айыптап, Ресей елшілігінің 70 шақты қызметкерін елден қууға мәжбүрленген.

Рф Үкіметі Болгарияға мұнай және газ жеткізілімін күрт тоқтатты. "Газпром" 27 сәуірде ЕО елдері арасында алғашқы болып, Болгарияны газ жеткізілімінен "қиып" тастағанда, халықаралық сарапшылар соғыста бейтарап болған, қайта өзіне іш тартып тұратын еуропалық елге Мәскеудің неге аққұла шүйліккенін түсіне алмай, басы қатты. Премьер-министр К.Петков саспады: 24 сағат ішінде шешімін тауып, Ресей газынан тәуелділіктен құтылып, АҚШ-тан сұйытылған газ тасуға танкерлер бөлді. Америкалықтар жаңа нарықты игеру үшін оған газды "Газпромдағыдай" бағамен сатуға келіскен. Бұдан бөлек, тез арада Грекиядан көгілдір отын айдайтын құбыр желісі төселді.

Осыдан кейін София Кремльге қарсы ойынын жасыруды қойды: былтырғы қарашада Еуропалық Одақ комиссиясынан өзі өндірген дизель отынын Украинаға тікелей жеткізуге рұқсат сұрады. Ал желтоқсанда София Украинаға қару жеткізуге де ресми рұқсат алды.

Бірақ кремльшіл күштердің қуаттауымен Мәскеу былтырғы жазда Петков Үкіметінің отставкаға кетуіне қол жеткізді. Бұл үшін Парламент депутаттары "сенімсіздік вотумы" тетігін пайдаланған. Петков пен Васильев уақытша міндетін атқарушы ретінде күзге дейін қалды. Олар бүгінде "Біз жаңғыруды жалғастырамыз" атты төл партиясымен алдағы сайлауға түсіп, саясат сахнасына оралуға талпынуда. Бұл партия Болгарияны Ресей ықпалынан толық құтқарып, Батысқа түпкілікті бет бұрғызуды жақтайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу