Украинаның 2014 жылдан бері қорғап келген қаласы жау қолына көшті

3611

Қаланы өз қолында ұстап қалуға Украина армиясына солдат пен снаряд жетпеді.

Украинаның 2014 жылдан бері қорғап келген қаласы жау қолына көшті Фото: rbc.ru

Сонымен, 2024 жылғы 17 ақпанда Украина Қарулы күштерінің жаңа Бас қолбасшысы Александр Сырский Донецк облысындағы Авдеевка қаласынан украиналық әскерлердің шығарылғанын жариялады.

Осылайша, украиналық Отан қорғаушылар соғысқа дейін 30 мыңдай тұрғыны болған аудандық маңызы бар шаһарды он жыл қорғады.  

Донецк қаласына осы Авдеевка биіктен төніп тұрған еді. Одан Донецк қаласына дейінгі қашықтық тура бағытта – 15, автожолдармен 25 шақырымды құрайды. Еш кедергісіз қозғалса, көлік жарты сағатта жетіп барады.

Сол себепті Авдеевка Украинаның болашақ контршабуылдары үшін аса маңызды, стратегиялық бекініс ретінде қабылданды. Оны қорғауға бар күшін салды. Сондықтан былтырғы қазан айынан бері Ресей армиясы Авдеевкаға шабуылдарды күрт арттырды. 2023 жылдың соңында АҚШ Киевке көмегін доғарғаннан кейін украиналық армияда снаряд тапшылығы басталды. Олардың гаубицалары негізінен үнсіз тұрады.

Соғысты зерттеу институтының (ISW) дерегінше, РФ армиясының әрбір 10 атысына УҚК 1 ғана атыспен жауап бере алды. Украиналықтар FPV дрондармен қорғанып бақты.

Оның үстіне Украина парламенті – Жоғарғы Рада тиісті заң жобасын қабылдауды сөзбұйдаға салып, бұрынғы Бас қолбасшы Валерий Залужный сұраған жаппай мобилизацияны кешіктірді. Салдарынан, армияда солдат тапшылығы туындады. Бірқатар сарапшылардың дерегінше, Авдеевкада 700-дей ғана жауынгер қалған, олар Ресейдің 40 мыңнан астам солдатына қарсы тұрды, қоршауда қала бастады.

Ресей орнында тек терең шұңқыр қалдыратын 1,5 тонналық алып авиабомбалармен Авдеевка қаласын үстемеле бомбалады. Қоршаудан шыға алғандар қаладағы ғимараттарда, үйлерде жасырынған украиналық жауынгерлердің жапырылған қабырғалар астында қалғанын, оларды аршып, құтқарып алу мүмкін болмағанын егіле жеткізді.

Содан Украинаның жаңа Бас қолбасшысы Александр Сырский Авдеевканы тастап шығудан басқа амал қалмағанын мәлімдеді.

Ол халыққа желіде "Головнокомандувач ЗС України" ресми парақшасы арқылы қайрылды.

"Авдеевканың айналасында қалыптасқан оперативті ахуалға байланысты, қоршауда қалуға жол бермеу және әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында біздің бөлімшелерді қаладан шығару және тиімдірек шептерде қорғанысқа көшу туралы шешім қабылдадым. Біздің Отан қорғаушылар өздеріне жүктелген әскери борышын лайықты атқарды, ресейлік үздік әскери бөлімдерді жоюға бар күшін салды. Дұшпанның жауынгерлері мен техникасына айтарлықтай шығын келтірді. Ахуалды тұрақтандыру, жаңа позицияларды ұстап қалу үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Әскерилеріміздің өмірі – ең жоғарғы құндылық. Біз Авдеевканы бәрібір қайтарып аламыз", – деп аяқтады сөзін А.Сырский.  

УҚК запастағы полковнигі, украиналық әскери сарапшы Роман Свитан Авдеевканы қайтару енді қиын болатынын айтады. Өйткені украиналық әскерилер шегінген жаңа бекіністер қаладан төмен жатыр. Яғни, жау оны алақанға салғандай көреді, еркін атқылайды. Оның пікірінше, Авдеевканы қайтару оны ұстап қалудан да көп құрбанға соқтырады. Алайда қару тапшылығы салдарынан оны тастап шығудан басқа шара болмаған.

Осы майданда ұрыс салып жатқан украиналық "Таврия" оперативті-стратегиялық әскерлер тобының қолбасшысы Александр Тарнавский Бас қолбасшының шешімін қолдады.

"Снарядтар бойынша басымдығы "онға бір" снарядтан келіп тұрғанда, әуеден тұрақты бомбалау жүзеге асырылып жатқанда, Авдеевкадан әскерлерді шығарып әкету – жалғыз дұрыс шешім болды", – деді ол.

Бұған қоса, Батыстағы серіктестері Украинаға америкалық F16 жойғыш ұшақтарын тапсыруды түлкібұлаңға салып, кешіктіруде. Салдарынан, украиналық жауынгерлерді аспаннан қорғайтын әуе көлігі қалмады.

Соның қарсаңында The Washington Post Авдеевкадан әскерді әкетуге украиналық армияның ақпанның ортасына таман кіріскенін хабарлады. Америкалық басылымның байламынша, бұл қаланы басып алса, Ресей армиясы 2022 жылғы шілдеде Лисичанск, 2023 жылғы қаңтарда Соледар, сол жылғы мамырда Бахмут қалаларын оккупациялағалы бергі майдан даласындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізбек.

Кеше кешке Ресей басшысы Владимир Путин ресейлік әскерилерді Авдеевка қаласын толық бақылауға алуларымен құттықтады. Бұл туралы журналистерге президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады. Бұл жаңалықты Кремльдің қожайынына Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу баяндаған. Ол ресейлік әскердің қаланы толық өз қолына көшіргенін және коксхимия зауытында қалған украиналық жауынгерлерді бұғаттауға кіріскенін жеткізді.  

Путин бұған дейін Авдеевканы "әскери іс-қимылдардың ең бір маңызды бағыты" деп жариялаған болатын. Демек, оны орыс әскерінің басып алуы – биылғы наурыздағы президенттік сайлауда және ұлықтау салтанатында мақтана айтатын жетістігіне айналғалы тұр.

Авдеевкада қоршауда қалғалы тұрған жауынгерлерді ұйымдасқан түрде шығарып алу үшін Сырский "азовтық" ардагерлер кіретін атақты 3-ші шабуылдаушы бригаданы аттандырды. Оның өкілдері Авдеевкадағы ахуалды "вагнерліктер" қырғын салған Бахмуттағыдан да зұлмат ("Бои в Авдеевке более адские, чем в Бахмуте") деп бағалады.

Украиналық сарапшы Александр Мусиенконың тұспалдауынша, шамалы кешіккенде, Авдеевкадағы жауынгерлер толығымен қоршауда қалуы мүмкін еді.

"Отан қорғаушыларымызда жауға қарсы тұратын мүмкіндік те қалған жоқ. Логистика, тасымал жолдары атқыланып, кесіп тасталды. Адам шығынына қарамаған ресейліктер өршелене ілгері ұмтылды. Шайқастар қаланың ішіне ауысты. Қарсылас белсенді қолданған авиация шешуші рөл атқарды. Басқарылатын авиабомбалармен соққы беру саны еселеп артты. Жауынгерлерді құтқармағанда, босқа шығын болатын еді", – деді сарапшы.

Шегіну қарсаңында Авдеевкаға The Washington Post журналистері барып қайтқан.

"Орыстардың мейлінше таяп келгені сонша, Авдеевка коксхимия зауытына тек түнде бара алдық. Көліктеріміздің жарықтары өшірілді және шамдары тұмшаланды. Төбеде самсап ұшқан жау дрондары жылт еткен нәрсеге назар аударуы мүмкін. Бізге ілескен "Альфа" арнайы бөлімшесінің жауынгерлері жолды аңдау үшін түнде көру көзілдіріктерін киіп алды. Олардың қолдарындағы портативті құрылғы ресейлік беспилотниктердің жақын маңда екенін көрсетіп тұрды. Бұл соғыстағы ең сұрапыл шайқастардың орталығына айналған қала қамауда қала бастады", – деп суреттеді америкалық газеттің тілшілері.  

Олардың пікірінше, заманында гүлденген Донбастың экономикалық тірегі болған, бүгінде алапат авиабомбалардан жайрап жатқан коксхимия зауыты – кері шегінген украиналық әскердің соңғы бекінісіне айналуы мүмкін.

Түнге жақын DeepState жаңа картасын жариялады, онда жаудың коксхимия зауытын да басып алғаны бейнеленген. Мысалы, 3-ші шабуылдаушы бригада журналистерге Авдеевкадан әскерді шығару жалғасып жатқанын айтты.

Украинаның Бас штабы болса, Авдеевка бағытындағы шайқастар енді Ясиноватая қаласының Ласточкино кентіне қарай ауғанын мәлімдеді.

The Washington Post "Киевтің солдаттар, снарядтар, қарулар, моральдық рух және ақша тапшылығына тап болғанын пайдаланған ресейлік әскер майдан даласындағы бастаманы өзіне қайтарып алып жатқаны" туралы көңілсіз тоқтамға келді.

Ресейлік БАҚ енді облыс орталықтары болып табылатын Харьков пен Запорожье қалаларын, сондай-ақ Краматорск, Славянск, Северск, Угледар қалаларын "босату" міндеті тұрғанын жариялап тастады. Ресей әскері осы ірі шаһарларды атқылауын үдетуі мүмкін. Соның дәлеліндей, осы түнде ресейлік әскер Купянск қаласына авиабомбалар тастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу