Украинаның келесі ауқымды шабуылы – 2024 жылғы көктемде күтіледі

6200

Батыс ұзақ соғысқа дайындала бастады. Украина армиясы ақырындап, Қырымға жақындап келеді.  

Украинаның келесі ауқымды шабуылы – 2024 жылғы көктемде күтіледі Фото: war.hvylya.net

Батыстың саясаткерлері мен әскери аналитиктері Украина Қарулы күштерінің (УҚК) келесі ауқымды шабуылын жоспарлай бастады. Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады. Олардың болжамынша, Украинаның жау қолында қалған аумақтарын толық азат етуге бағытталған келесі шабуыл ерте дегенде, тек келесі жылдың көктемінде бастау алады.  

Украиналық әскердің қазіргі шабуылы майдан даласындағы ахуалды күрт өзгерте алмасына Киевтің одақтастарының көзі жеткендей. Биыл "аумақтарды толық босату", "1991 жылғы шекараларға шығу" туралы сөз қозғау қиын.

Америкалық басылымның тұжырымдауынша, Батыс украиналық армияның тегеурінді шабуылы алдағы қысқа дейін Мәскеуді келіссөздер үстеліне отыруға мәжбүр етеді деп қатты үміттенді. Бірақ Путин таяуда: "Украинаның қарсы шабуылы Ресейдің мығым бекінісіне маңдай соғып, толығымен тоқырады" деп санайтынын мәлімдеді. Яғни, дәл қазір бітісу ойы жоқ. Соғысты биыл бітіммен аяқтау мүмкіндігі сағымдай бұлдырап кетті.

Сол себепті Батыс ары қарай бос үміт, жалған иллюзияға берілмей, созылмалы сипаттағы қарулы қақтығысқа дайындалудың қамын жасап, ары қарай не істеу керектігін ойластыруда. 

Жоспар қарсыластар күштерінің теңгерімін өзгерте алатын қарудың жаңа түрлерін беруді, олардың жеткізілімін майдан даласындағы шайқастарға, алдағы бетбұрыстарға лайықтауды, Украинаның әскерилерінің жаңа топтарын оқытуды, даярлауды қарастыруы мүмкін.

Бірақ бұл қазіргі сұрапыл шабуылдардың доғарылатынын білдірмейді: халықаралық серіктестерінің қолдауымен Киев оны қысқа дейін жүргізе алады.

Кейбір елдердегі, бірінші кезекте Германиядағы күштердің барлық резервті жұмылдырып, кең ауқымды шабуылдау туралы арандатушылық ұсынысына Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный ермеді, бой бермеді. Онда былтырдан бері оккупациялаған территорияларында бетонды әскери бекіністер салып, мықтап бекініп алған Ресей әскеріне қарсы атойлаған онсыз да аз украиналық әскер босқа қырылып қалатын еді. Әрі жауының авиациясы аспанда үстемдік құрғандықтан, бұл жағдайда Киев одақтастары берген барлық танк пен бронды техникасынан айрылып қалатын еді.

Сондықтан батыс сарапшыларының байламынша, УҚК ары қарай да жау "қамалдарын" шағын топтармен шабуылдауды жалғастырады. Күзде Украинаның ауа райы жауын-шашынды келеді. Әдеттегідей күзде жаңбыр ұдайы, әрі селдетіп құйса, дала жолдарының бәрін су шайып кетеді. Ауыр техника батпақтап, жүре алмай қалады. Демек, күзге қарай одақтастар Украинаға қайтадан жеңіл әскери техникаларды жеткізуге бағдарлануы ықтимал. 

Сарапшылар пікіріне сілтеме жасап, WSJ хабарлауынша, 2024 жылдың көктеміне дейін Украина армиясы бұрынғыдан да қуаттана түсіп, батыстық заманауи қарулармен мұздай қаруланбақ. Көктем-жаз аралығында америкалық F-16 жойғыш ұшақтарының алғашқы партиясы да келіп қалар. Сол кезге қарай украиналық әскерилер, соның ішінде ұшқыштар НАТО базаларындағы оқуларын аяқтайды. Сәйкесінше, Уолл Стрит Джорнэл жазуынша, келесі жылы Украина армиясы Ресей армиясына қарағанда әлдеқайда жақсы соғыса бастайды деген сенім бар.

"Украиналық әскерилер майдандағы өзгерістерге ресейліктерге қарағанда әлдеқайда тезірек бейімделуін жалғастыруда. Украина қазіргі шабуылына НАТО-ның қарулы күштерінде даярлықтан өткен 60 мыңнан астам жауынгерінің шағын бөлігін ғана аттандырды. Қалғандары күрделі маневрларға жаттығуда", – деген пікір білдірді НАТО бас хатшысы көмекшісінің орынбасары, АҚШ армиясының отставкадағы генерал-майоры Гордон “Скип” Дэвис.

Бірақ ұзаған соғыс Украинаның ғана емес, Батыс елдерінің де арсеналын түгесуі ықтимал. Бүгінде ұрыстарға тартылған танктер мен артиллерия көктемге дейін тегіс тозбақ, бұзылмақ. Яғни, оларды салмақты жөндеуге немесе алмастыруға тура келеді.

Бір үміттендіретіні, Ресейдің де әскери техника паркі тозады. Ол тек кеңес кезінен қалған ескі техниканы жаңарта алады және өзінің әскери өнеркәсіптік кешені өндірген өнімін пайдаланады. Украинадағыдай оған көмек қолын созатын әскери коалициясы жоқ. Мәскеу ҰҚШҰ елдерін өз жағында соғыспағанымен, ең болмаса, әскери арсеналымен бөлісіп, жәрдемдесуге көндірмек болды. Ештеңе шығара алмады.

Тіпті қаруын, техникасын сатып алмақ болған. Бұған жауабы ретінде Қазақстан Үкіметі жанындағы Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссия 2022 жылғы 27 тамызда 2023 жылғы тамыздың соңына дейін елден қаруды, әскери техниканы және әскери мақсаттағы өнімдерді экспорттауға тыйым енгізді. Сарапшылар, сондай-ақ Батыс елдері Қазақстанның осы тыйымының аяқталып қалған мерзімін таяуда тағы бір жылға ұзартуын күтіп отыр.

Дегенмен, РФ армиясы да қарап отырмайды. Келесі көктемге дейін оккупациялаған аумақтарында одан бетер бекіне түседі. Бірнеше, ең құрығанда бір бағытта ірі шабуыл ұйымдастыруға тырысады. 

Әйтсе де, халықаралық сарапшылар ағымдағы шабуыл да ахуалды күрт өзгертуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мысалы, ВВС хабарлауынша, Украина әскерлерінің Қырымның шетіне жетуіне 85 шақырым ғана қалды. Бұрын жүз шақырымнан қашық болатын.

The New York Times та әскери аналитиктердің мәліметіне жүгініп, УҚК екі бағыттағы шабуылда "тактикалық маңызды прогреске" жеткенін жариялады. Оның мәліметінше, Украина армиясы шабуылдың басты екі бағытында 16–19 шақырым ілгерілей алды. Мысалы, олар Днепрдің оң жағалауында да бекінді. Ресейдің Херсон, Запорожье облыстарындағы әскерін Қырымнан, құрлық жолы арқылы қамтамасыз ететін тасымал жолын кесіп тастауға ден қойды.

Аталған екі негізгі бағыт таяуда ғана азат етілген Старомайорское селосынан шығысқа қарай – оккупацияланған Бердянск қаласына, батысқа қарай – оккупацияланған Мелитополь қаласына өрбуде.

Reuters Украинаның Запорожье облысының оккупацияланған бөлігіне Мәскеу тағайындаған РФ өкілі Владимир Роговтың сөзін келтірді. Ол Большая Новоселка селосының оңтүстігінде қиян-кескі шайқас жүргенін, украиналық әскер сол жердегі орыс бекіністерін бұзып өтіп, оларды Азов теңізіне қарай ығыстыруға тырысып жатқанын жеткізді.

"Қарсылас екі аптаға созылған аса ауыр, қантөгісті шайқастардан кейін Урожайне селосына басып кіріп, сонда бекіне алды", — деген Рогов енді Украина армиясы одан әрі оңтүстікке қарай орналасқан Старомлиновка қаласын өз бақылауына көшіруге тырысатынын тұспалдады.

Украина Азов теңізінің жағалауына шықса, содан соң Қырымға ұлы жорыққа жол ашылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу