Ұлттық банк алаңдай бастады

700

Сарапшылар АҚШ валютасының қарқынын енді ештеңе тоқтата алмауы мүмкін деп санайды.

Ұлттық банк алаңдай бастады Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Доллар бағамы Астана, Алматы және басқа ірі қалаларда апта басындағы, 14 шілдедегі 521 теңгеден апта соңында 540-545 теңгеге дейін аспандап шыға келді.

Оның шығандауына тіпті салық төлеу науқанының басталғаны да тоқтау бола алмады. Алым-салық тек теңгемен төленетіні белгілі, сондықтан экспорттаушылар биржаға шығып, долларлық түсімін Қазақстанның ұлттық валютасына айырбастайды.

Тосыннан басталған "девальвацияға" түсініктеме берген Ұлттық банк бұған дейін долларға біраз "суып" қалғандай көрінген қазақстандықтардың енді оны қайтадан көп көлемде сатып ала бастағанын да алға тартты.

ҚРҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова кейінгі күндері шынында да теңге бағамының шектен тыс құбылуы байқалып отырғанын мойындады. Мысалы, апта бастала салысымен, бірден 2,3 пайызға құнсызданды. Апта соңына қарай құнын жоғалтуын жалғастырды. Бұл үрдістің келесі аптаға ұзамасына кепіл жоқ.

Ұлттық банк басшылығының өкілі мұны "маусымдық факторлардың ықпалымен" түсіндіруге тырысты. Бірақ Қазақстанның импортқа тәуелділігінің серпінді артуы сияқты іргелі фактор да бой көтерген.

"Жылдың екінші жартысында басталған бюджет қаражаттарын белсенді игеру, импорт үшін төлемдердің өсуі, сондай-ақ қазақстандық туристердің шетелге шығуы дәстүрлі түрде шетел валютасына деген сұраныстың артуына әкелді. Орташа алғанда, маусым айынан бастап, импорттың айлық көлемі жыл басынан бергі орташа айлық көлемнен 25%-ға артып шыға келді. Тиісінше, валюталық биржада ұқсас динамиканы қадағалап отырмыз: валюта сауда-саттығының орташа көлемі шамамен 22 пайызға ұлғайды", – деді Молдабекова.

Оның дерегінше, дәл осы кезде Қазақстанның валюта нарығында шетелдік валюта ұсынысы, соның ішінде ұлттық компаниялардың, басқа да квазимемлекеттік сектор нысандарының сататын доллары кеміп барады.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының байламынша, бұл өтімділіктің (валютаның) тапшылығына соқтырды және ол да теңге бағамына қысым жасап, оны "әлсіреуге" мәжбүрлеп жатыр.

Айта кететін жайт, бүкіл әлемде мемлекеттердің ұлттық валюталары долларға шаққанда керісінше, күшею үстінде. Бұл тренд бүкіл Орталық Азия елдерінде, тіпті соғыс пен санкциядан күйі қашқан Ресейде де тіркелуде. Рубль жыл басынан 22 пайызға нығайған.

Әлия Молдабекова жалпы алғанда, әлемдегі жағдай, сыртқы конъюнктура қолайлы, жағымды болып тұрғанын растады. Қазақстанның басты экспорттық тауары – мұнайдың әлемдік бағасы жоғары, шамамен 70 доллар деңгейінде сақталып тұр.

Бүкіл жаһанда доллар индексі төмендеуді (доллар құнсыздануда). Сондай-ақ инвесторлар дамушы елдер нарығынан тегіс теріс айналмай, инвестиция құйып, қызығушылық танытуын жалғастырды. Онда неге өзгелері сияқты теңге де күшеймейді, керісінше, құлап барады? Мұны Ұлттық банк өкілі журналистерге түсіндіре алмады.

"Біздің ойымызша, айырбас бағамының құбылуы іргелі факторлармен түсіндіруге болатын динамиканың аясынан шығып кетті. Біз теңгенің қазіргі әлсіреуі еш ақтауға келмейді деп санаймыз! Бәлкім, алда нарықта түзелу-коррекция болатын шығар, оны жоққа шығармаймыз. Сондықтан шығын шекпеу үшін азаматтарға өткір қажеттілік болмаса, валютаны сатып алу туралы шешімді әбден ойластырып қабылдауға кеңес береміз. Доллар бағамы кері шегініп жатса, шығынға отыруыңыз мүмкін", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Алайда алда доллар арзандай ма, жоқ па, оны ҚРҰБ өкілі дөп басып айта алмады.

Экономист, ҚазҰУ профессоры, Инновациялық экономика институтының сарапшысы Мағбат Спанов керісінше, алда доллар әрі қарай қымбаттауы мүмкін деп санайды.

Оның тұжырымдауынша, Қазақстанның ұлттық валютасының құнсыздануы қазақстандық экономиканың әлсіздігінен хабар береді.

"Трамп тарифтерін енгізіп, бүкіл әлеммен жалғыз шайқасуда. Салдарынан доллар бүкіл әлем бойынша құнсыздануда. Қазақстанның қазіргі экономикасының әлжуаздығын ескерсек, теңге доллардан да қатты құлдырауда. Бізде бүгінде бәсекелі негізде дамып жатқан, азды-көпті түрде қалыпты санауға болатын жалғыз ғана сала қалды, ол – көліктік логистика. Қалған салаларда ілгерілеу жоқ, мемлекеттің араласуы көп. Содан мемлекет экономиканы да әлсірету үстінде. Менің пікірімше, дәл осы жайт қарқынды диссонанс туындатып жатыр", – деді Спанов Digital Business-ке сұхбатында.

Сонда алда тағы девальвация бола ма?

"Тамызда доллар құны 550 теңгеден асып жығылады деп ойламаймын. Әйтсе де, менің тұжырымдауымша, доллардың шынайы бағамы 600 теңгеден жоғары. Алайда теңгенің бағамын негізінен нарық пен экономика қалыптастырып отырған жоқ, оған саясат қатты ықпал етеді. Теңгенің құнсыздануы бірінші кезекте, Қазақстанда мол ресурстарды өндіріп, оны шетелге шикізат күйінде сататын компанияларға тиімді. Себебі, олар шикізатты сыртқа валютаға сатады, ал, салықты, жалақыны, басқасын теңгеде төлейді", – деді Спанов.

Ол әлсіз теңгенің Үкіметке де тиімді, әрі қажет екеніне сенімді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары қазіргі кезде бюджеттен мол шығын шығарылып жатқанын айтып қалды.

Девальвация болса, Үкімет Ұлттық қорда сақтаулы валютаны биржада көбірек теңгеге айырбастай алады.

"Үкімет осы арқылы шикізаттық компанияларға салық төлеуде жағдай жасайды: олар мысалы, 1 миллион доллар орнына 800 мың долларды ғана теңгеге айырбастап, сонымен-ақ бүкіл салығын өтей салады. Бірақ инфляция кесірінен де теңгенің сатып алу (төлем) қабілеті төмендеуде", – деді экономист Спанов.

Ол теңгенің құнсыздануына қатысты тәуекелді өз бетінше төмендетуге тырысатын қазақстандықтарға бос қаржысына сақталу мерзімі ұзақ тауарларды сатып алуға кеңес берді. Сондай-ақ, жинағын түрлі валютада сақтауды ұсынды.

Бұдан бөлек, артық ақшаға шетелдік компаниялардың акцияларын, алтынды сатып алуға немесе өзіндік дамуға – біліктілікті жетілдіру, жаңа кәсіп игеру курстарына жұмсауға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу