banner

Ұлттық банк ауызша интервенцияға көшті

2292

Қыркүйекте реттеуші 69,7 млн долларға таза валюта сатты және Ұлттық қордан тағы 1 млрд доллар траншты конверсиялауға дайын екендігін ескертті.

Ұлттық банк ауызша интервенцияға көшті

Қыркүйек айында Ұлттық банктің таза негіздегі валюталық интервенциялар көлемі 69,7 млн долларды құрады. Бұл тамыз айындағы көрсеткіштен (70 млн доллар) сәл төмендеу. Мұндай деректерді abctv.kz сейсенбі, 10 қазан күні Ұлттық банктің сайтында жарияланған мәліметтерден кездестірді.

Реттеуші айырбастау бағамының күрт құбылуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізуге құқылы екенін бірнеше мәрте ескертті. Қыркүйек айында теңгенің долларға шаққандағы ресми бағамы 2%-ға әлсіреді. Яғни, 334,7-ден 341,2-ге түсті. Қазіргі уақытта ішкі валюта нарығында байқалып отырған және Ұлттық банк белгілеген айырбас бағамының құбылмалылығы, негізінен, алыпсатарлық факторлармен байланысты. 

9 қазан, дүйсенбі күні базалық мөлшермеге қатысты ұйымдастырылған баспасөз конференциясында Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев бағамды жоғарылатушылардың күшеюінен реттеушінің биржалық валюта нарығына шығуы мүмкін екенін мәлімдеді. Жыл соңына дейін ел бюджеті Ұлттық қордан кепілді және мақсатты трансфертпен 1 млрд доллар шамасындағы транштың қалдығын алуы керек.

"Бұл Ұлттық қордың трансфертін бюджетке аударуда қажетті соманы теңгемен қалыптастыру үшін қажет. Себебі Ұлттық банктің активтері доллармен ұсынылған. Ал бюджетке теңге номиналы керек", – делінген реттеушінің хабарламасында.

e-Minfin сараптамалық орталығының 10 қазандағы мәліметтеріне сүйенсек, жыл соңына дейін Ұлттық қордан бюджетке аударылатын міндеттемелердің қалдығы 406,6 млрд теңгені құрап отыр. ҚР қаржы министрлігінің жоспары бойынша жоғарыдағы соманың 297,4 млрд теңгесі қазан айында қазынаға құйылуға тиіс.

Реттеушінің қазіргі уақытта айырбас бағамынан БЗЖҚ пайдасы үшін қолайлы жағдай туындап отырғандығы туралы да мәлімдеме жасады. Биыл зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк БЗЖҚ-дан валютаны орташа бағаммен – долларға шаққанда 316,02 теңгемен сатып алды.

"Айырбас бағамының қазіргі бағаларын және шетелдік активтер үлесі бойынша мақсатты деңгейді еңсергенімізді ескерсек, Қазақстан қор биржасындағы БЗЖҚ-ның шетелдік валютадағы бір бөлігі сатылуы мүмкін. Бұл қор салымшыларына кірісті белгілеуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Данияр Ақышев.

Инвестициялық тәжірибеде көбінесе қолма-қол долларды емес, АҚШ үкіметінің облигацияларын сатып алу пайдаланылады. Бұл оның тікелей баламасы болып табылады. Сондай-ақ бұған пайыздық кірістер есептеледі. БЗЖҚ активтерінің құрамында қыркүйек айында өтелген мұндай облигациялардың үш пакеті бар. Олар осы жылдың наурыз және мамыр айларында шамамен 98,8 млрд теңгеге сатып алынған болатын.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша аталған қағаздардың нарықтық бағасы 115,5 млрд теңгені құрады. Егер олар сол уақытта жүзеге асырылғанда, бағам айырмасы мен пайыз есебінен БЗЖҚ-ға 16,7 млрд теңге пайда түсуі мүмкін еді. Бұл әу баста салынған қаражаттың 17%-ымен бірдей. 

Теңгенің одан әрі нығаю ықтималдылығы жоғары. Себебі сауда әріптестерінің валюталарына қатысты бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан алғанда теңге бағаланбайды", деді Данияр Ақышев.

Дүйсенбі, Ұлттық банкте баспасөз-конференциясы өткен күні теңгенің долларға шаққандағы бағамы 0,5%-ға нығайып, 341,97-ні құрады. Ал сейсенбі, 10 қазан күні де бұл үрдіс жалғасын тапты. Яғни теңге таңғы сессияда 1,25%-ға (337,69) нығайды.

Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу