Ұлттық банк балалардың банк картасын шектеуге қатысты шешім қабылдады

2540

Он сегізге толмаған қазақстандықтардың күніне және айына қанша ақша жұмсай алатыны, яғни шегі белгіленеді. Жасөскіндерге қатысты өзге де шектеулер бар. 

Ұлттық банк балалардың банк картасын шектеуге қатысты шешім қабылдады Фото: Chris Bernard/Getty Images

Банктер соңғы жылдары нағыз "супергигант кен орнын" ашқандай ұлы қазынаға кенелді: олар ұзақ жылдар бойы өздері үшін жабық болып келген сегментті ашты. Әңгіме бүгінде балалардың да банктердің клиентіне айналғаны жөнінде болып отыр.

Ұлттық статбюро дерегінше, биылғы бірінші жартыжылдықта 18 жасқа дейінгі балалардың саны 6,7 миллион адамнан асты. Яғни, олардың үлесі ел халқының 34%-ын құрайды. Бұрын жас ұрпақ жанама түрде ғана банктердің клиенті болатын: ата-аналары олар үшін мерзімді және жинақтаушы депозиттер, құрылыс жинақ салымдарын, немесе білім беру жинақтаушы салымын ашатын.

Кейінгі жылдары комбанктер өзі мен кішкентай клиенттері арасындағы "делдалдарды" алып тастауға қол жеткізді. Енді тіпті бастауыш сыныптағы балдырғандар да мектеп асханасында, дүкендерде, дәмханаларда және басқа жерде өз картасымен өз бетінше есептесе береді.

Банктер балалар картасының танымалдылығы күн санап артып бара жатқанын айтады. Дегенмен, бұл үрдіс мүмкіндіктерімен бірге, сын-қатерлерін де ала келді.

"Бұрын оқушылар өзіне ата-аналарының күн сайын қанша жүз теңге қалта ақшасын беретініне мақтанатын. Шақаларына дейін партаға шашып, санап отыратын. Кейінгі бір-екі жылда мұның бәрі өзгерді. Шәкірттер банктік карталарымен мақтанатын құбылыс белең алуда. Елдегі ең төменгі жалақыға жуық қаражатты бір күнде жұмсай салатын балалар бар. Меніңше, бұған тыйым салу керек. Әйтпесе, оның бәрін қайда, неге жұмсап жүргені белгісіз. Ата-аналар "тыныш болса, болды" деп бақыламайтын сияқты. "Мен бақылайыншы" деп, оқушымның бірінен сұрап, оның е-банкингіндегі аударымдары мен төлемдерінің тарихына үңілдім. Әлдебір жеке адамдардың аттары, ЖШС-лар және басқасы. Олардың не сататынын түсіну қиын, ол үшін хабарласып, зеттеу жүргізу керек шығар. Өйткені жоғары сынып оқушылары кішілерге қоқан-лоққы жасап, ақша бопсалайтыны белгілі. Егер балалардың көбі бір бозбалаға ақша аударатын болса, оның түбі шикі деген сөз", – деді педагог Ғизат Шаймерден.

Айта кетер жайт, еліміздегі барлық банк бірдей шектеу қоймаған.

  • Halyk Bank-тың балалар картасы арқылы 20 мың теңгені шешіп алуға, карта арқылы операцияларға 50 мың теңге бағыттауға болады.
  • Kaspi банк балалар картасы арқылы күніне 10 мың, ал айына 100 мың теңге жұмсауға рұқсат етеді.
  • ЦентрКредит банкі, RBK Bank, Altyn Bank ата-аналарға өз баласы үшін лимитті өз бетінше орнатуды ұсынады.
  • Jusan банк балалар картасы арқылы сатып алуларға 100 мың теңге арнауға, банкоматтан 20 мың теңге шешіп алуға, 100 мың теңгеге аударма жасауға мүмкіндік береді.
  • Forte Bank балаларға тәулігіне 50 мың теңгеден шығындауға жол береді.

Мемлекет осының бәрін бірізге түсіріп, тәртіпке келтірмек. Осы мақсатта "ҚР Ұлттық банкі басқармасының кейбір қаулыларына көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру және қолма-қол ақшасыз төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҰБ басқармасы қаулысының жобасы әзірленді.

Бұл құжат 2016 жылғы 31 тамызда қабылданған Төлем карточкаларын шығару қағидаларын өзгертеді.

Ұлттық банк түсіндіруінше, осы арқылы "төлем карточкаларын пайдалану кезінде кәмелетке толмағандардың мүдделерін қорғау" көзделіп отыр.

Бұл үшін біріншіден, балалар картасымен тауарларды "бөліп төлеу-рассрочкаға алуды" рәсімдеуге тыйым салынбақ. Тіпті ересектер де балалар картасын осы мақсатта қолдана алмайды.

"Бөліп төлеу, төлемдерді бөліп жүзеге асыру шартымен сатылған  тауар, орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет үшін кәмелетке толмаған адамның атына шығарылған төлем карточкасын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға рұқсат етілмейді", – деп жазылған қаулы жобасында.

Екіншіден, кәмелетке толмаған адамға шығарылған төлем карточкасы бойынша шетелде сауда-саттық, түрлі операциялар жасау сомасы да бәріне бірдей сомада қатаң шектеледі: ең жоғары шегі 500 000 теңгеден немесе оның шетел валютасындағы баламасынан аспайды.

Үшіншіден, балалар картасы арқылы Қазақстан аумағында айына 100 000 теңгеден немесе оның шетел валютасындағы баламасынан артық шығындауға тыйым салынбақ.

Төртіншіден, "Қазақстанда кәмелетке толмаған адамға шығарылған төлем карточкасын пайдалана отырып, 1 күнтізбелік күнде 100 000 теңгеден немесе оның шетел валютасындағы баламасынан асатын сомада операцияларды жүзеге асыруға рұқсат етілмейді".

Бесіншіден, "кәмелетке толмаған адамға 1 күнтізбелік күн ішінде 10 000 теңгеден аспайтын сомада банкомат арқылы оның төлем карточкасын пайдалана отырып, қолма-қол ақшаны алуға рұқсат етіледі".

Бұған қоса, 18 жасқа жетпеген балалардың карточкасын оның ата-анасы мен заңды өкілдерінен басқа адамдардың толықтыруына тыйым салынбақ. Бұл бір жағынан, "мектеп рйэкетіне" тосқауыл қою үшін де жасалып отыр.

Сонымен қатар ата-аналарға да өз бетінше басқа да шектерді белгілеуіне жол ашылады. Себебі, Ұлттық банк басқармасының қаулысы қабылданған соң банктер баланың заңды өкілдеріне "оның төлем карточкасы арқылы төлемдерді жүзеге асыру үшін қолжетімді операциялар түрлерінің тізбесін айқындауына" мүмкіндік беруге тиіс болады.

Осылайша, мемлекет пен ата-аналар бірлесіп, оқушылардың төл бюджетін қатаң реттеуге кіріседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу