Ұлттық банк бөліп төлеуге шектеу қоюы мүмкін

Өйткені, елімізде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан тыс ұсынылатын бөліп төлеу қызметтерін реттеу мәселесі талқыланып жатыр.

Ұлттық банк бөліп төлеуге шектеу қоюы мүмкін Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, Ұлттық банк бөліп төлеу және кейін төлеу қызметтерінің нарығын реттеу жөніндегі дискуссиялық құжатқа қатысты ұсыныстар қабылдауды аяқтаған. Қазіргі уақытта түскен пікірлер мен ұсыныстар қаралып жатыр.

Реттеуші банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімделетін бөліп төлеу қызметтері қолданыстағы заңнама аясында жүзеге асады. Ал қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар ұсынатын осындай қызметтерге қатысты бірқатар мәселе бар.

Мысалы, сатып алушыға келісім талаптарын толық түсіндіру, өсімпұл мен айыппұл есептеу тәртібі және азаматтардың жалпы қарыз жүктемесін бағалау мәселелері қарастырылып отыр. 

– Мәселен бөліп төлеу туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберу қажеттігі талқыланып жатыр. Сонда мұндай міндеттемелер қолжетімді болып, несиеге барынша ұқсас құралдар бойынша азаматтардың қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескерілуі мүмкін, – деді Ақылжан Баймағамбетов.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше, ұсыныстардың бір бөлігін нормативтік-құқықтық актілер арқылы іске асыруға мүмкіндік бар. Ал кейбір бастамаларды жүзеге асыру үшін заңнамаға түзетулер енгізіп, Үкіметтің араласуы қажет болуы ықтимал.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк ұсынылған шаралардың нарыққа тигізетін әсерін саралап жатыр. Алдағы уақытта бұл мәселелерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп талқылау көзделген.

Сонымен қатар Ұлттық банк өкілі әзірге нақты шешім қабылданбағанын ескертті. Демек, ұсынылып отырған талаптардың күшіне енетіні туралы әзірге кесіп айтуға негіз жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу