Ұлттық банк бөліп төлеуге жаңа талап ұсынды

Ол – бөліп төлеу және BNPL (Buy Now, Pay Later – "қазір сатып ал, кейін төле") өнімдері нарығын талдауға арналған пікірталас құжаты.  

Ұлттық банк бөліп төлеуге жаңа талап ұсынды Фото: nationalbank.kz

Қазақстан Ұлттық банкі осы саланы реттеудің ықтимал тетіктерін талқылауды бастағалы тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық банк нарық қатысушыларын қазіргі тәжірибелерді, ықтимал тәуекелдерді және оларды азайтуға бағытталған реттеу шараларын талқылауға шақырды.

Қазір Қазақстанда бөліп төлеу тәсілі күнделікті тұтыну тауарларынан бастап автомобиль мен жылжымайтын мүлік секілді қымбат тауарларды сатып алуға дейін кеңінен қолданылып жүр.

Ұлттық банк бөліп төлеу формалды түрде төлем тәсілі болғанымен, сатып алушы үшін белгілі бір қаржылық міндеттемелер туғызатынына назар аударды.

Соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу өнімдерімен қатар қаржылық емес ұйымдардың да осыған ұқсас қызметтері кеңінен тарала бастаған. Олардың қатарына BNPL-провайдерлер арқылы жасалатын мәмілелер, сатушылардың тікелей бөліп төлеуі және кейіннен сатып алу құқығымен жалға беру тетіктері кіреді.

– Мұндай тетіктер төлемді бірнеше бөлікке бөліп, тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Десе де, қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу өнімдеріне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты талаптар қолданылмайды. Бұл халықтың қосымша борыштық жүктемесінің қалыптасуына ықпал етуі мүмкін. Негізгі міндет – қызметтердің қолжетімділігін сақтай отырып, осы тәуекелдерді барынша азайтатын тетіктерді әзірлеу, – делінген Ұлттық банк құжатында.

Осыған себепті, реттеуші нарықтың мүдделі қатысушыларынан пікірталас құжатында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар мен пікірлер қабылдайды.

Құжатты қоғамдық талқылау сегіз аптаға созылады. Пікірлер мен ұсыныстар 2026 жылдың 3 қарашасына дейін қабылданбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу