Ұлттық банк Delta Bank-ті лицензиядан айырды

2950

Банктің банкротқа ұшырауы банк міндеттемелерінің 95 пайызға жуығына ие болып отырған мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларға соққы болмақ.

Ұлттық банк Delta Bank-ті лицензиядан айырды

ҚР Ұлттық банкінің басқармасы бейсенбі, 2 қарашада Delta Bank АҚ-ны 3 қарашадан бастап банктік және басқа да операциялардан сонымен қатар  құнды қағаздар нарығында жұмыс жүргізуге рұқсат ететін лицензиядан айыру туралы шешім шығарды. Бұл туралы abctv.kz/kz-ке қаржы реттеушісінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мұндай қадамға банк тарапынан төлем және аударым операциялары бойынша келісімшарттық міндеттемелердің (соңғы12 күнтізбелік ай ішінде үш және одан да көп) тиісінше орындалмауы; пруденциялық ережелердің және сақталуы міндетті өзге де ережелер мен лимиттердің жиі бұзылуы негіз болып отыр.

"Ұлттық банк төрағасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №402 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банкті басқарудың барлық органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік сот тарату комиссиясын тағайындағанға дейін жұмыс істейді", – делінеді таратылған баспасөз баянында.

2017 жылғы 3 қарашадан бастап уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде көзделген шығыстарға, банкке келіп түсетін ақшаны есептеуге байланысты жағдайларды қоспағанда клиенттердің және банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Реттеуші өз тарапынан банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы  сотқа өтініш берген. Сот  мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғалған күннен бастап кредиторлар тек  тарату өндірісінде ғана талап қоя алады.

1 қазандағы жағдай бойынша банктің міндеттемесі 205,4 млрд теңгені құрады. Оның  92,6 млрд теңгесі корпоративтік салым болса, 140,3 млн теңгесі – жеке тұлғалардың депозиттері.

Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 2 қарашадағы №194 қаулысына сәйкес Delta Bank-ті "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының в) және г) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамағаны үшін және үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін банкке Қазақстан Республикасының қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі банктік және өзге де операцияларды сондай-ақ бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге берген 2008 жылғы 24 қазандағы №213 лицензиядан 2017 жылғы 3 қарашадан бастап айыру туралы шешім қабылданды.

Сонымен квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттеме шамамен 100 млрд теңгеге жуықтап тұр. Егер бұған Ұлттық банк және мемлекеттік құрылымдар алдындағы қарызды қосатын болсақ, онда бұл сома шамамен 195 млрд теңгеге дейін немесе банктің барлық міндеттемесінің  95%-ын құрайды.

2017 жылдың 1 қазанында банк активтері 255,8 млрд теңгеге тең болған. Қарыз қоржыны 315,7 млрд теңге болып, оның 99,97%-ы мерзімінен кешіккен, ал өтелмей тұрған қарыз үлесі – 99,73% немесе 314,8 млрд теңге болған. Жыл басынан бері банк 6,01 млрд теңге шығынға батқан. Қазақстандық қор биржасының мәліметі бойынша, қазан айының басында банктің ірі акционері  Нұрлан Тілеубаев болған. Оған Delta Bank-тен басқа еліміздегі "Әліби" Холдинг" ЖШС (шамамен 87%), "Астық сақтандыру компаниясы" АҚ (50%) және "АӨК корпорация-Инвест" ЖШС тиесілі.

Еске салатын болсақ, Delta Bank-тің ірі проблемалары бір жыл бұрын 7 қараша күні Ұлттық банк банктің шот ашу және жеке тұлғалардың депозитін ашу лицензиясын тоқтатқан кезде туған болатын. Содан кейін банктің акционерлері ауысып, банкке 45,6 млрд теңге мөлшерінде қаржы құйған  Нұрлан Тілеубаев акционер болды. Алайда ол келген бетте өзінің 9,9 млрд теңге облигациялық міндеттемесін жабу мәселесін шешкенмен, банкті құтқарып қала алмады. Financial Freedom ҚҰ директоры Расул Рысмамбетов Delta Bank-тің проблемаларын банктің несие қоржынының үлкен бөлігін алып тұрған астық нарығымен байланыстырған болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу