Ұлттық Банк ел экономикасына қатысты жаңартылған болжамдарын жариялады

Инфляция 2025 жылдың соңында 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды.  

Ұлттық Банк ел экономикасына қатысты  жаңартылған болжамдарын жариялады Фото: inbusiness.kz

Үкімет отырысында Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляция, төлем балансы, тауар импортына қатысты жаңартылған бағалауларды  таныстырды, деп жазады inbusiness.kz

"Инфляция осы жылдың соңына қарай 10-12% деңгейінде бағаланады және 2025 жылдың соңында 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп болжанады. Кейін инфляция 5%-дық мақсатты деңгей төңірегінде сақталады. Бұған сыртқы орта тарапынан инфляциялық қысымның одан әрі әлсіреуі және тежеуші ақша-кредит шарттары ықпал ететін болады. Бұл бағалау Үкіметтің болжамдарына жақын", – деп бастаған бас қаржы институтының жетекшісі төлем балансының ағымдағы шотына тоқталды. 
 
"Базалық сценарийде төлем балансының ағымдағы шоты 2022 жылғы профициттен – дефицит аймағына ауысады. 2023 жылы дефицит жалпы ішкі өнімге қатысты (-)3,4%-ды құрайды. Одан кейінгі жылдары төлем балансының ағымдағы шоты дефицит аймағында сақтала отырып жақсарады деп күтілуде", – деді Ғалымжан Пірматов. 

ҰБ басшысының сөзінше, төлем балансының ағымдағы шоты әлемдік шикізат тауарлары бағасының өзгеруіне байланысты болады. 

Ортамерзімді перспективада төлем балансының әдіснамасы бойынша тауар экспорты мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен айқындалады. Газды ішкі тұтынуға бағыттау, сондай-ақ металдың, көмір мен астықтың және дайын мұнай өнімінің төмен бағалы сценарийлік болжамы экспорттың өсуін тежейтін фактор.

Тауар импорты болжамды кезеңде халық пен бизнес тарапынан сұраныстың арту есебінен өсе түседі.

"Ұлттық Банк инфляцияны одан әрі төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыра береді. Фискалдық саясат тарапынан контрциклдік бюджеттік ережелерді бұлжытпай сақтау маңызды. Бұл өз кезегінде макроэкономикалық саясаттың үйлесімін арттыра түседі", – деп нақтылады Пірматов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу