Ұлттық банк халық үшін тосын ереже енгізбек

8071

Үйіңізді не затыңызды долларға сатсаңыз, құзырлы органдардың қырына ілігесіз.

Ұлттық банк халық үшін тосын ереже енгізбек Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстанда 50 мың доллардан асатын мәмілелердің барлығы "нысанаға" алынады.

Қаржы министрлігі "Мемлекеттік кірістер органдары мен ҚР Ұлттық банкінің валюталық операциялары бойынша ақпарат пен мәліметтер беру жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын белгілеу туралы" Қаржы министрі Мәди Такиевтің қол қоятын бұйрығының жобасын әзірледі.

Ведомство оны 28 қазанға дейін қоғамдық талқылаудан өткізуге тиіс. Алайда қоғам өкілдерінің сынағанына және қиыла сұрағанына қарамастан, "Ашық НҚА" мемлекеттік порталында министрлік елді алаңдатып отырған бұл бұйрық жобасының мәтінін және салыстырмалы кестесін жариялаудан бас тартты.

Бір белгілісі, құжат жаңа Салық кодексінің 53-бабының 4-тармағын орындау мақсатында әзірленіпті. "Салық органының Ұлттық Банкпен өзара іс-қимыл жасауы" деп аталатын осы баптың 4-тармағына сәйкес, Ұлттық банк банктерден алынған келесі ақпараттар легін тұрақты түрде уәкілетті органға – салықшыларға тұрақты береді:

жеке тұлғалардың Қазақстаннан шетелдегі жеке және заңды тұлғаларға аударған ақшалары мен төлемдері туралы,

жеке тұлғалардың Қазақстанға – жеке және заңды тұлғаларға аударған ақшалары мен төлемдері жайында,

заңды тұлғалардың Қазақстаннан және Қазақстанға, жеке және заңды тұлғаларға ақша аударымдары мен төлемдері туралы,

компанияның құрылымдық бөлімшесінің Қазақстандағы немесе шетелдегі құрылымдық бөлімшесіне, өзге заңды тұлғаларға ақша аударымдары мен төлемдері жөнінде мәліметтерді Ұлттық банк Мемлекеттік кірістер комитетіне ұдайы беріп тұратын болады.

Бұл ретте мәмілелер мен келісімшарттар бойынша, соның ішінде тауарсыз операциялар бойынша банктер арқылы жүргізілген (басқаша жүргізу қиын, өйткені қолма-қол ақшамен есептесуге шектеу қойылған) және сомасы 50 000 АҚШ доллары баламасын құрайтын кез келген валюталық операциялар құзырлы органның бақылауына алынады.

"Жаңа Салық кодексін іске асыру мақсатында жаңа бұйрық жобасы арқылы Мемлекеттік кірістер органдары мен Ұлттық банктің 50 000 АҚШ долларынан асатын валюталық операцияларды, тауарсыз мәмілелерді, бейрезиденттердің кірістері мен "Астана" халықаралық қаржы орталығына қатысушылардың операцияларын қоса алғанда, ақпарат ұсыну бойынша өзара іс-қимыл қағидалары бекітіледі", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Сол ақпараттар тасқыны негізінде және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, салықшылар енді әрбір қазақстандыққа және әрбір мәміле-келісімшартқа тиісті салығын есептейді. Салықтан жалтаруына жол бермейді.

Жаңа құжатты қабылдаудағы мақсат – Ұлттық банк пен мемлекеттік кірістер органдары арасында тұрақты негізде ақпарат алмасуды жолға қою және соның бірыңғай қағидаларын белгілеу.

Ведомствоның мәліметінше, жоба:

мемлекеттік кірістер органдарының ірі валюталық операциялар туралы ақпаратқа дер кезінде қол жеткізуін,

капиталды заңсыз шығару жағдайларын анықтаудың тиімділігін арттыруды,

жалған операцияларды жүзеге асыру тәуекелдерін азайтуды қамтамасыз етеді.

"Бұл капиталды Қазақстаннан заңсыз шығару жағдайларын әшкерелеуге, жалған операцияларды жүзеге асыру тәуекелдерін азайтуға септеседі деп күтілуде. Осыған байланысты теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдарлар жоқ", – деген сенімде министрлік өкілдері.

Қоғам өкілдері бұл бұйрықтың ізінен қандай шектеулер, тыйымдар ере келетінін білмей, дал.

"Біз шетелдік компанияның еліміздегі еншілес ұйымымыз. Балансымызда тұрған құрылғыны сатудамыз. Сатып алушымен арамыздағы келісімшартта жабдықтың құны шетелдік валютада көрсетіледі. Бірақ сатып алушы төлемді теңгемен төлейді және банктік шотымызға аударады. Контрактінің бұл шарттары Қазақстанның валюталық заңнамасына сәйкес келе ме?", – деп сұрау жолдады Ұлттық банкке компаниялардың бірі.

Бұған жауап ретінде монетарлық реттеуші ондай келісімшарт бекітуге тыйым салып тастапты. Себебі, бұл қазіргі заңнамаға қайшы көрінеді.

"Сіздің электронды хатыңыз қаралды. Ұсынылған ақпаратқа сай, құрылғыны жеткізу туралы бейрезидент бас компания, оның филиалы мен сатып алушы резидент арасында үшжақты келісімшарт бекіту жоспарланып отыр. Сома филиалдың есептік шотына теңгемен түскенімен, келісімшартта ол шетелдік валютада көрсетіледі. Бірақ "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" заңының 6-бабының талабына сәйкес, Қазақстанның аумағында резиденттер арасындағы валюталық операцияларға тыйым салынғанын ескертеміз!", – деп жауап берді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, Ұлттық банк жеке кәсіпкерлер (ИП) де өзіне есепті болатынын жариялады. Өйткені Тимур Сүлейменовтың командасы елде шетелдік валюталарда жасалатын барлық операцияға мониторинг жүргізеді.

Осы мақсатта ол валюталық операцияларға қатысушы-резиденттерден және валюталық операциялар бойынша төлемдерді және ақша аударымдарын жүргізетін банктерден валюталық операциялар, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттар туралы ақпарат алғызады. Ұлттық банк валюталық операцияларды мониторингтеу үшін:

капитал қозғалысы операциялары солардың негізінде және оларды орындау үшін жүргізілетін валюталық келісімшарттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады және олар бойынша жүргізілетін валюталық операциялар мен оларға байланысты бейрезиденттерге қойылатын талаптар және бейрезиденттер алдындағы міндеттемелер туралы ақпарат алады;

валюталық операциялар бойынша жүргізілген төлемдер мен ақша аударымдары туралы ақпаратты қоса алғанда, жүргізілген валюталық операциялар туралы хабарламалар алады;

банктерді және шетелдік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін қоспағанда, басқа резиденттер ашқан шетелдік банктердегі шоттар туралы хабарламалар алады және осындай шоттарды есептік тіркеуді жүзеге асырады;

шетелдік қаржылық емес ұйымдардың Қазақстанда қызметін жүзеге асыратын филиалдарынан тұрақты ақпарат алады.

"Осылайша, аталған мониторинг мақсатында Ұлттық банк валюталық келісімшарттарды есептік тіркеумен айналысады. Капиталдың қозғалысы бойынша валюталық шарттарды есептік тіркеу аясында алдымен сол шартқа есептік нөмір тағайындалады. Содан кейін келісімшартқа қатысушы резидент сол есептік нөмірді пайдалана отырып, шарт туралы Ұлттық банкке мәліметтер мен есептер ұсынуға міндетті. Егер олар валюталық келісімшарттың қатысушысы болса, онда бұл талаптар заңды тұлғаларға да, жеке тұлғаларға да, соның ішінде жеке кәсіпкерлерге де таралады", – деп мәлім етті ҚРҰБ.

Ұлттық банктің түсіндіруінше:

есептік нөмірді алудың тәртібі мен мерзімі,

есептік тіркеуге қоюдың шарттары мен критерийлері,

тіркеуге алу үшін қажетті валюталық шарттың сомасының шекті мәні (пороговое значение),

есептік тіркеу рәсімдері бойынша жеңілдіктер,

валюталық шарт қатысушыларының ҚРҰБ-қа есептерді тапсыруының нысан-формасы мен мерзімдері Ұлттық банк басқармасының 2019 жылғы 10 сәуірдегі №64 қаулысымен бекітілген "ҚР валюталық операцияларды мониторингтеу қағидаларында" анықталған.

Айта кету керек, қолданыстағы осы қағидаларда әзірге мүліктің, ақшаның Қазақстан Республикасына түсуі немесе Қазақстан Республикасынан берілуі кезінде оның баламасы 500 000 АҚШ долларынан асса ғана валюталық келісімшартты есептік тіркеу міндеттемесі туындайтыны көрсетілген.

Ал, сөз болып отырған жаңа бұйрық жобасы бұдан он есе аз – 50 мың долларлық барлық мәмілелер мен шарттарға бақылауды күшейтуді қарастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу