Ұлттық банк мөлшерлемені қысқартты

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
1672

Қазақстанның ұлттық банкі ақша-несие саясатын жеңілдетуін жалғастырып жатыр.

Ұлттық банк мөлшерлемені қысқартты Фото: liter.kz

20 ақпан күні реттеуші негізгі мөлшерлемені 12%-дан 11%-ға төмендету туралы шешім қабылдады, ауытқу шегі +/-1% құрайды. Мөлшерлеме соңғы рет 2016 жылдың қараша айында төмендетілген болатын. Коммерциялық банктерге өтімділікті ұсынуға қатысты операциялар мөлшерлемесі 12%, ал олардан өтімділікті алу бойынша мөлшерлеме 10% болып отыр.

Ұлттық банк мөлшерлемені төмендету туралы шешімді қабылдау кезінде  ең бірінші, сыртқы факторларды, яғни әлемдік экономикалық даму келешегінің жақсаруы, мұнайдың әлемдік бағасының бір баррель үшін 50 доллардан жоғары болуы, сонымен бірге Қазақстанның сауда серіктесі елдеріндегі  әлсіз инфляциялық жағдайды ескерді.

Одан бөлек  ұлттық экономиканың ішінде орын алған жағымды жайттар: халықтың девальвациялық болжамдарының төмендеуі, доллардан бас тартып банк салымдарын ұлттық валютамен сақтау үрдісінің белең алуы және қаңтар айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейінің  7,9%-ға дейін төмендеуі де Ұлттық банкке осындай шешім қабылдауға негіз берді.

Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев  қазіргі кезде инфляция деңгейі 2017 жылға белгіленген 6-8% мақсатты шектің ішінде екенін атап өтті. Қаңтар айындағы инфляция 0,8%-ды құрады, бұл 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен.

"Егер сырттан келген ешқандай соққы әсер етпесе, 2017 жылдың ішінде инфляция мақсатты шектен шықпайды деп болжап отырмыз. Оның үстіне Ұлттық банктің болжалды макроэкономикалық көрсеткіштер жөніндегі экономикалық үлгісі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында да мақсатты шектен аспауы әбден мүмкін екенін көрсетеді. Бұл инфляциялық үдерістерді тұрақтандыруда ұзақ мерзімді трендке айналуы мүмкін деп ойлаймыз", - деп атап өтті Данияр Ақышев.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, халықтың инфляциялық болжамдары әлдеқайда төмендеген. Ұлттық банк қаңтар айында сауалнама өткізіп, соның нәтижесінде бағаның күрт өсуін күтетін халықтың үлесі біршама кемігенін көрсетті. Көрсеткіш 22%-дан 8%-ға дейін төмендеді, бұдан кейінгі айларда да бұл үрдіс төмендей бермек.

Халықтың девальвациялық болжамдары 2016 жылдың желтоқсанында 46% болса, биылғы қаңтарда 36%-ға дейін төмендеді. Ал теңге бағамының тұрақталуын күтетін адамдардың үлесі 22%-дан 26%-ға көтерілді.

Ішкі нарықтағы жағдай тұрақтылығын сақтап тұр. Жыл басынан бастап бүгінгі күнге дейін теңгенің биржалық бағамы 3,4%-ға дейін нығайып, 1 долларға 319 теңге және 19 тиынды құрады. Данияр мырзаның айтуынша, Ұлттық банк баға белгілеуге араласпау саясатын жалғастырып келеді және бес ай қатарынан валюта нарығында интервенция жасамай отыр.

"Біздің айырбас бағамына тигізіп отырған ықпалымыз нөлге тең", - деп сөзін түйіндеді Данияр Ақышев.

Теңгенің долларға қарағандағы бағамының нығаюына орай  халықтың валюталық талғамы да өзгере бастады. Халық бірте-бірте шетел валютасын сатып алуын тоқтатып жатыр. Қаңтар айының қорытындысы бойынша шетел валютасын сатып алу мөлшері 202 млн долларды құрады, бұл 2016 жылдың желтоқсанындағы қорытындыдан 44%-ға төмен. 2016 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 5%-ға кем. Осылайша халықтың шетел валютасына деген ықыласы төмендеп келеді.

Депозит нарығында теңгемен салынатын депозиттердің үлесі, керісінше, өсіп келеді. 2017 жылдың қаңтар айы бойынша жасалған алдын-ала мәліметке  сүйенсек, шетел валютасындағы салымдар үлесі орташа есеппен 53%-ға дейін төмендеді. Бір жыл бұрын бұл сан халық салымдарын қоса есептегенде 70%-ды құраған болатын.

Қаражат  нарығында теңге өтімдігі шектен шығып барады. Ұлттық банк шектен шыққан қаражат қысымын жеңілдету үшін қысқа мерзімді ноталар шығаруда. Бағалы қағаздар институционалды инвесторлардың сұранысына ие.

2017 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның қаржы министрлігі алғаш рет қаржы нарығының қатысушылары арасында мемлекеттік бағалы қағаздарды сата бастады, бұл үрдіс 2015 жылдың қазан айынан кейін тоқтап қалған болатын. Қағаздардың табысы қаржылық нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай анықталады. Жыл басынан бастап қаржы министрлігі инвесторларға 144 млрд теңге сомасында бағалы қағаз сатты, бұл отандық мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын қайта жандандыруға едәуір ықпал етті.

"Өткен жылдың соңына белгіленген экономиканың алға жылжу белгілері айқын біліне бастады, - деп баса айтты Данияр Ақышев. – Негізгі салалардың дамуын көрсететін қысқамерзімді экономикалық көреткіш  қаңтар айында 3,8%-ға жетті".

Дегенмен, банкирдің айтуынша, жағымды макроэкономикалық көрсеткіштерге қарамастан, сырттан келетін соққы қаупі әлі де сақталады, бұл экономиканың мұнай бағасы мен сауда серіктестерінің ахуалына тәуелді болуына байланысты. Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемеге қатысты бұдан кейін қабылданатын барлық шешімі осы көрсеткіштерге, сондай-ақ ішкі қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді болмақ. Алайда негізгі мөлшерлеменің қазіргі 11%-дық деңгейі инфляция мен қаржылық нарықтың тұрақталуы бойынша тепе-теңдіктің орнағанын көрсетеді. 

Татьяна Батищева