Ұлттық банк офшорлар "қара тізімін" күрт ұлғайтты

13992

Ерболат Досаевтың ұжымы офшорлық аймақтардың жаңа тізбесін ұсынды. 

Ұлттық банк офшорлар "қара тізімін" күрт ұлғайтты  Фото: Серікжан Қобыланбаев

ҰБ басқармасының тиісті қаулысының жобасы кезінде өзіне бәсекелес болған Қаржылық реттеу агенттігінің басшысы Елена Бахмутова қабылдап кеткен офшорлар тізіміне қатысты қаулының күшін жоймақ.

"Бұл қаулы банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар нарығында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметін нормативтік, құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленіп отыр", – деп түсіндіреді ведомство.

Аты айтып тұрғандай, құжат осы барлық бизнес түрлері пайдаланатын шетелдік офшорлар тізімін жаңартады.

Бұл не үшін керек?

Қаржыгер Ільяс Арсенов бұл тізім қаржы ұйымдарын, бірінші кезекте, банктердің қызметін реттеу мақсатында қолданылатынын білдірді.

"Мысалы, енді осы офшорлық аймақтарда тіркелген заңды тұлғалар, компаниялар қазақстандық банктердің бақылаушы, дауыс беретiн акцияларын тiкелей немесе жанама түрде сатып ала алмайды және әр жолмен оларға билiк ете алмай қалады. Биліктің бұларға "өшігуінің" себебі, бұл офшорлық аймақтар жеңілдікті салық режимін ұсынып, отандық бизнесті өзіне тартып алады. Оның үстіне Ұлттық банкке және Қазақстан Үкіметіне әлгі қаржылық ұйымдар жүргізген қаржылық операциялар туралы ақпаратты ашпайды, сұрауына жауап бермейді", – дейді сарапшы.

Маманның түсіндіруінше, офшорлардың үш түрі бар және олар парасаттылық-респектабелділік бойынша бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Алғашқысы санаттағысы – парасатты, ал соңғысы – адал емес, қарау ниеттілерге де құшағы ашық деген сияқты.

Бірінші санатқа Норман аралдары, Мэн аралы, Ирландия, Мальта, Гонконг, Швейцария, Сингапур, Черногория сияқтылары жатады.

Екінші санатқа "классикалық офшорлардың" көбі кіреді. Ол Белиз, британдық Виргин аралдарын, БАӘ, Сейшел, Сент-Винсент, АҚШ-тың Делавер және Вайоминг штаттарын және басқаларын қамтиды.

Үшінші санатқа ең ұнамсыз, өзге мемлекеттердің орталық банктерінің теріс көзқарасына ие офшорлар енген, бұлар Андорра, Анжуан, Аруба, Вануату, Либерия, Лихтенштейн, Маршал аралдары, Науру.

Сарапшылар Ұлттық банк тізімінде салықтан жалтарған қазақстандық дәулеттілер, шенеуніктер және бизнес арасында аса танымал Кипр, Люксембург, Индонезия, Маврикий және Монако кірмей қалғанына назар аудартады. Бұлардың көбі Бахмутованың бұрынғы ескі тізімінде болған.

Дегенмен, 2003 және кейінгі 2008 жылғы тізімдерге қарағанда, назарға ұсынылған жаңа тізбе әлдеқайда кең. Мәселен, бүгінде Швейцарияның тұрғыны, ал 1999 жылдың қазаны мен 2004 жылдың қаңтары аралығында Қазақстанның Ұлттық банкі тізгінін алғаш ұстаған Григорий Марченко бұл тізімді тым шектеген-тін.

Атап айтқанда, оның 2003 жылғы офшорлық тізімінде бар-жоғы 17 мемлекет: Андорра, Лихтенштейн, Либерия, Монако, Маршалл, Науру, Вануату, Кук, Мысыр, Гренада, Гватемала, Индонезия, Бирма, Нигерия, Филиппины, Сент-Винсент пен Гренадины және Украина болды.

2008 жылы Қаржы нарығын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттіктің төрайымы Елена Бахмутова бұл тізімдегі елдер санын 43-ке дейін арттырды. Бірақ ТМД елдерінің қысымымен салық заңнамасын қатайтқандықтан, Украинаны офшорлар қатарынан алып тастады. Ерболат Досаевтың да тізімінде Украина жоқ.

Қазақстандық банктер, сақтандыру ұйымдары, бағалы қағаздар нарығының ойыншылары, инвестициялық қорлар, микроқаржылық ұйымдар пайдаланатын офшорлық аймақтардың тізбесі

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу