Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін баяндап берді

Валюта нарығындағы жағдай Ұлттық банктің ресми сайтында жария болды.

Ұлттық банк теңгенің нығаю себебін баяндап берді Фото: shutterstock.com

Негізгі сыртқы фактор – мұнай котировкасы барреліне 60 долларға асуы, жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуі мен ФРЖ мөлшерлемесіне байланысты дамушы нарықтардағы валюталардың нығаюы, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ал ішкі факторға ақша-кредит және бюджет саясаты үйлесімінің күшеюі, Бейрезиденттердің қызығушылығы мен МБҚ нарығы және теңге активтерін сатып алуға байланысты шетел валютасының жоғары ұсынысы себеп болған. 

Жалпы, қазан айынан бастап теңгенің долларға шаққандағы айырбастау бағамы 499-500 теңге деңгейіне дейін (9%-ға) тұрақты нығайғаны байқалып отыр. Ұлттық валютаның нығаюы қолайлы сыртқы жағдайлардың және дәйекті макроэкономикалық саясат пен инвесторлар тарапынан жақсарған күтулердің үйлесім тапқанын көрсетеді. 

– Мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 60 АҚШ долларынан жоғары деңгейде тұрақты сақталып тұр. Сонымен қатар, АҚШ Федералды резерв жүйесінің мөлшерлемені төмендету циклі жаһандық доллар индексінің 8,3%-ға әлсіреуіне және жыл басынан бері дамушы нарықтардағы валюталар индексінің 8,3%-ға нығаюына ықпал етті. Осы жағдайлардың аясында дамушы елдердің активтеріне, соның ішінде Қазақстан нарығына деген халықаралық инвесторлардың қызығушылығы жоғары деңгейде сақталып отыр. 

Инфляциялық қысымды төмендетуге және макроэкономикалық ортаның болжамды болуын еселеуге бағытталған Үкімет пен Ұлттық Банктің үйлесімді саясаты теңгенің нығаюына айтарлықтай үлес қосты, – деп хабарлады Ұлттық банк. 

Мысалы, Үкімет, Ұлттық банк және Агенттік 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда. Аталған бағдарлама сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті жоюға, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға, микро және макропруденциалды реттеу шараларын іске асыруға, халықтың нақты табысын өсіруге және инфляцияны төмендету мен тұрақтандыру арқылы орнықты экономикалық өсімге жағдай жасауға бағытталған. 

– Ұлттық банктің дәйекті шешімдері нарыққа қатысушылардың сенімін күшейтті. Қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты инфляциялық күтулердің қайта қаралуына және теңгедегі құралдардың нақты кірістілігін арттыруға себеп болды. Бұл өз кезегінде олардың тартымдылығын, соның ішінде бейрезиденттер үшін едәуір күшейтті.
Қазан айының басынан қараша айының соңына дейінгі кезеңде бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) салған портфельдік инвестициялары 1,1 млрд АҚШ долларына ұлғайып, тарихи максимум саналатын 3,6 млрд АҚШ долларына жетті. Жыл басынан бері өсім 1,5 млрд АҚШ долларын құрады.

Бұл, өз кезегінде, қисықтың ұзын бөлігінде Қаржы министрлігінің қарыз алу құнын 1 пайыздық тармақтан аса төмендетуге ықпал етті: желтоқсан айында 9 жылдық МБҚ 16,1%-бен (қазанда – 17,2%) орналастырылды, – делінген Ұлттық банктің хабарламасында. 

Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының өспелі ұсынысы теңгенің нығаюына тікелей фактор болды. Сыртқы қолайлы ахуал да қосымша қолдау көрсетті.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамыту бойынша Ұлттық банктің жүйелі жұмысы – операциялардың ашықтығын арттыру, кірістілік қисығын қалыптастыру, бейрезиденттер үшін қолжетімділік пен есеп айырысу рәсімдерін жетілдіру – нарықтың сапалы негізін қалыптастырып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығын қолдап отыр. 

– Сонымен қатар, ұлттық валютаның нығаюы инфляцияны тұрақтандыруда маңызды фактор саналады. Тұтыну себетінде импорт үлесін ескере отырып, теңгенің нығаюы сыртқы баға қысымының ішкі бағаларға берілуін шектейді.

Осылайша, айырбастау бағамының қазіргі динамикасы экономикалық саясаттың сапасы жақсарғанын және мейілінше болжамды макроорта қалыптасқанын көрсетеді (ақша-кредит және салық-бюджет саясатының үйлестірілуі), соның нәтижесінде жаһандық инвесторлар Қазақстанды оң бағалап, елге портфельдік инвестициялардың келуіне жол ашты.

Ұлттық банктің бірізді әрі қалыпты қатаң ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге берілген маңызды сигнал саналады. Бұл өз кезегінде инвесторлардың теңгемен бағаланатын құралдарға сенімін күшейтеді, – деп жазды Ұлттық банк ресми сайтында. 

Жалпы алғанда, Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбас бағамы режимін сақтайды және теңге бағамының екіжақты қисынды құбылмалылығына жол береді. Валюта нарығындағы жағдай тұрақты бақылауда. Қазіргі уақытта Ұлттық банк алыпсатарлыққа қатысты белсенділікті және оған араласуға итермелейтін қандай да бір факторларды байқап отырмағанын жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу