Ұлттық банк валюта саясатын өзгертпейді

4462

Теңге бағамы тұрақты болғанымен, қысқамерзімді сыртқы қысымдар бар.

Ұлттық банк валюта саясатын өзгертпейді

Биыл  9-16 шілде аралығындағы кезеңде ХВҚ Келісімнің IV бабы шеңберінде экономикалық өсу және инфляция, ақша-кредит саясаты, қаржы секторы, салық-бюджет саясатының негіздері және құрылымдық реформалар бойынша болжамдарды талқылау мақсатында ХВҚ Миссиясының Қазақстандағы кезекті сапары болды, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Сапардың қорытындысы бойынша ХВҚ қорытынды мәлімдеме ұсынады және жариялайды, онда елдегі экономикалық аухал, даму перспективалары және тәуекелдер бағаланады, сондай-ақ ұсынымдар беріледі.

Миссия ақша-кредит саясатының трансмиссиялық механизмінің тиімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыру, оның ішінде мемлекеттік қаржыландыру және субсидиялау бағдарламаларын біртіндеп ықшамдау арқылы жалғастыру қажеттілігін атап өтті, деп хабарлайды бас банк.

Сонымен қатар, қорытындыда теңге бағамының жалпы алғанда тұрақты екені және нарықта кезең-кезеңімен туындап отырған қысқа мерзімді қысымға қарамастан қолайлы сыртқы жағдайларға негізделгені көрсетілген. ХВҚ-ның пікірі бойынша, инфляциялық таргеттеу режимін ұстанудың және икемді айырбастау бағамын қолдаудың маңызды мәні бар.

Бұл ретте, ХВҚ-ның қызметкерлері Ұлттық банкке Ұлттық қордың (ҚРҰҚ) немесе зейнетақы қорының (БЖЗҚ) атынан жүргізілетін саясат шараларын және операцияларды іске асыру шеңберінде валюта нарығындағы икемді айырбастау бағамы саясатының ұстанымын растауды және өктемдіктерді нақты шектеуді ұсынды. Айырбастау бағамын басқару тәсілі ретінде оларды қабылдаудың ықтимал тәуекелін төмендету мақсатында айқын қағидаларға сәйкес операциялар жүргізу ұсынылады.

Сонымен қатар халықаралық қаржы ұйымы ең үздік халықаралық практикаға сәйкес Қазақстанда жоспарланған орташа және ірі банктердің сапасына сыртқы бағалау жүргізуді қолдайды. Миссия банктердің баланстарының орнықтылығын, сондай-ақ олардың операцияларының рентабелділігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралармен қатар осы жұмысты нақты ақпараттық түсіндіруді қажет екендігін атап өтті.

Өз тарапынан, Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу және икемді айырбастау бағамы саясатын ұсынатындығын растайды және болашақта ақша-кредит саясаты режимін ауыстыруды қарастырмайтынын мәлімдеді. Айырбастау бағамы сұраныс пен ұсыныс тарапынан факторлардың жиынтығы негізінде айқындалады. Ұлттық Банк экономиканың күйзелістерге жоғары сезімталдығын ескере отырып, тұрақсыздандыратын ауытқуларды бәсеңдету мақсатында өктемдікті жүзеге асыру құқығын өзінде сақтап қалады.

Ұлттық банк Ұлттық қордың және БЖЗҚ-тың активтерін басқару шеңберінде валюта операцияларын жүзеге асыруын жалғастырады. Ұлттық қордың активтерін реконвертациялау бойынша операциялар Қаржы министрлігінің трансферттер бөлуге деген өтінімдеріне және Ұлттық қордың теңге шотына келіп түсетін түсімдерге байланысты жүзеге асырылады. БЖЗҚ-ның валюта операциялары бір жылға бөлінген және ұлттық валютаның бағамына әсері барынша төмен.

Ұлттық банктің валюта нарығындағы операциялары мен іс-әрекеттері ашық. Неттоөктемдіктер көлемдерінің жарияланымы ай сайынғы негізде жүзеге асырылып, валюта нарығындағы ахуал жөніндегі ақпараттық хабарлар үнемі шығып тұрады.

Банк секторына сенімді қалпына келтіру және кредиттік белсенділікті жандандыру үшін тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу жалғасатын болады және банктік қорландырудың тұрақтылығын арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады. Тәуелсіз бағалау 2019 жылғы тамыздан басталып, жыл соңына дейін аяқталатын болады. Тәуелсіз бағалау жүргізу қорытындылары бойынша тексеруге қамтылған әрбір банк бойынша түзету іс-қимылдарының жеке жоспарлары әзірленеді және бекітіледі. Банк активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау бойынша іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

Транспаренттілік бағытындағы жұмыс ең алдымен жүйелі қарым-қатынас саясаты арқылы жалғасуда. Ұлттық банк жүргізіліп отырған саясатқа деген сенімділікті арттыру мақсатында БАҚ, нарық, сарапшылар және халық үшін қаржы нарығындағы ахуалды, нарықтық операциялар мен Ұлттық Банктің шараларын түсіндіру бойынша жүйелі ісшаралар өткізуін жалғастырады.

Барлық осы шаралар экономика субъектілерінің шынайы ахуалды түсінуіне және оларда дұрыс болжамдарды қалыптастыруға бағытталған. Біз үшін артықшылық - халық пен нарықтың жүргізіліп отырған ақша-кредит және валюта саясатына сенімдерін арттыру, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу