Ұлттық банкке монетарлық саясатты қайта қарау қажет

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4579

Әлем елдері базалық мөлшерлемені азайтып жатыр. 

Ұлттық банкке монетарлық саясатты қайта қарау қажет Фото: Серікжан Қобыланбаев

Әлемдік мұнай бағасының күрт төмендеуі мен коронавирус пандемиясы және теңгенің құнсыздануы қазақстандықтарға экономикалық дағдарыстың салқынын сездірді. Президенттің пәрменімен дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеу үшін жедел штаб құрылып, үкімет нақты әрекетке көшсе де, көпшіліктің көкейінен жағдай қалай болар екен деген сұрақ кетпей қойды.

Қазір ел экономикасына инфляция деңгейінің ары қарай өсуі, бизнес-сектордың зардап шегуі, бюджетке түсетін салықтық азаюы, халықтың міндетті төлем жасау және несие өтеу қабілетін жоғалтуы сынды қауіп төніп тұр. Осының алдын алу үшін үкімет "Қарапайым заттар экономикасы",  "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламалары бойынша бизнес субъектілеріне 1 трлн теңге несие беретін болды. Ірі сауда орталықтары,  кинотеатрлар мен театрлар, көрмелер мен спорт нысандары бір жыл мүлік салығынан босатылды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге бір тоқсан өсім салынбайтын болды және 3-тоқсанда салық төлеу уақыты ұзартылды. Бұған қоса үкімет "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында құны 300 млрд долларды құрайтын жобаға ел азаматтарын тарту сонымен қатар екінші деңгейлі банктерге төтенше жағдай кезінде және одан кейін несие бойынша төлеу мерзімі 90 күннен асқан борышкерлерге айыппұл мен өсімпұл есептеуге тыйым салды.

Ұлттық банк 10 наурызда ақша құнын басқару механизміне өзгеріс енгізіп, базалық мөлшерлемені 9,25%-дан 12%-ға көтерді. Сәйкесінше екінші деңгейлі банктер несиенің пайызын ұлғайтты. Бұл несиеге қолжетімділікті қысқартты. Болашақта қолданыстағы ақша массасы азаяды. Ұлттық банк дәл осы шешім дұрыс деп санайды. Ал экономист Қасымхан Қаппаров қаржы реттеушісі бұл қадамға амалсыздан барды деп отыр.

"Бүгінге дейін қате жүргізілген монетарлық саясаттың салдарынан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете алмады. Әлем елдері базалық мөлшерлемені азайтып, іскерлік белсенділікті арттыру үшін жанталасып жатқанда, Қазақстанның қаржы реттеушісі инфляция деңгейін ұстап тұру үшін базалық мөлшерлемені төмендетуге мәжбүр болды. Тұтыну себетінде импорттың үлесі басым екенін ескерсек, базалық мөлшерлемені төмендету арқылы инфляция деңгейін тежеу мүмкін емес", – деді ол.

Сарапшының сөзінше, инфляциялық таргет ақша массасын азайтады. Салдарынан ақша қымбаттап, экономикаға қысым жасалады. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру арқылы ақша массасын басқарғысы келеді. Несиенің пайызы көп болғандықтан, оған сұраныс азаяды деп үміттенеді. Бұл ретте олар шағын және орта бизнес өкілдері қымбат пайызбен алған несиенің үстеме ақысын тауар құнына қосып, қарапайым халықтан өндіріп алуға тырысатынын ескермейді.

"Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруіне экономикамыздың шикізатқа тәуелділігі себеп болды. Қазіргі жағдай монетарлық саясатты түбегейлі қайта қарауды талап етеді. Шикізатқа тәуелділіктен құтылмасақ, кез келген экономикалық ауытқушылықты ауыр қабылдайтын және оны қиын өткеретін боламыз", – деді Қасымхан Қаппаров.

Экономистің айтуынша, үкіметтің бағаны бақылауда ұстауы тиімді тәсіл емес.

"Әлеуметтік маңызы бар заттар мен тауарлардың бағасын әкімшілік шаралар арқылы күштеп ұстап тұру сатушыларды тығырыққа тірейді. Себебі олар тауарды өзіндік құнынан төмен бағаға сата алмайды", – деді Қасымхан Қаппаров.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу