Ұлттық компания қызметкерлері айына 1,7 млн теңге алып отырған

4498

Операторлар несиені  бизнеске 9 есе қымбаттатып береді.

Ұлттық компания қызметкерлері айына 1,7 млн теңге алып отырған

Былтыр COVID –19 індетімен күреске барлық көздерден 6,9 трлн теңге бөлінген болатын. Есеп комитетінің мамандары осы қаражатты игеру кезінде 354,5 млрд теңгенің заңсыздықтарына жол берілгенін айтып отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

2020 жылға республикалық бюджетті атқару туралы Үкімет есебіне жасаған талдауында құзырлы орган мамандары  коронадағдарыспен күреске бөлінген 6,9 трлн теңге қаражаттың  тек 1,2 трлн теңгесі ғана елдегі экономикалық тұрақтылық пен төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге тікелей республикалық бюджеттен алынғанын айтады.  

"Қалған қаражат жалғаспалы іс –шараларға, бағамдық айырманы қамтамасыз етуге және елдегі макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты кіріс бөліктің шығындарын өтеуге қосымша қаражат ретінде бөлінді",– деп жазылған қорытындыда.

Дағдарыспен жоспарсыз күрестің салдары

Үкімет берген есепте былтыр бөлінген 6,9 трлн теңге 99,5% игерілгені айтылған. Оның 60% –дан астамы жергілікті әкімдіктерге трансферт ретінде берілген.

Есеп комитетіндегілер ол қаражатты игерудің нақты жоспары болмағанын аңғарған. Осыны пайдаланған мемлекеттік органдар  дағдарысқа қарсы шараларды екіұшты түсіндіріп, бөлінген қаржыны ағымдық іс –шаралармен араластырып жіберген. Осылайша бөлінген қаражаттың жұмсалуын орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де бақылау қиындаған.

"Дағдарыс кезінде экономикалық тұрақтылық негізінен елді жұмыспен қамту және халықтың табыс деңгейін арттыру арқылы сақталды. Шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын құруға жұмсалды. Бірақ жұмысқа орналастырудың орташа уақыты 1 –3 айды құрады",–деп жазады комитет мамандары.

Өңірлерде дағдарысқа қарсы іс –шаралардың орындалуын мониторингілеу нашар ұйымдастырылғандықтан,  көптеген бассыздыққа жол беріліпті. Бұрыннан жұмыс істеп жұрған адамдарды уақытша шығарып, қайта алу арқылы "жаңа жұмыс орнын" құру, жұмысқа алынған адамдардың шотына міндетті зейнетақы аударымдарының жолданбауы, бір адамның бірнеше жерде жұмысқа орналасушы ретінде тіркелуі сияқты түрлі айла –шарғымен қаражат жөнсіз игерілген.

Дағдарысқа қарсы жобаларды іріктеу кезінде нақты елді мекеннің инфрақұрылымдық проблемасы ескерілмеген. Яғни, сметалық құжаты жылдам дайындалған немесе дайын тұрған жобалар қаржыландырылып отырған. Мұндай "іріктеу" тәсілі  өңірлердегі өмір сапасын жақсарта алған жоқ. 2020 жылы іске асырылған жобалардың 14% –ы ғана құрылыс пен реконструкциялауға арналған.

Есеп комитетінің сарапшылары COVID –19 –бен күреске тартылған адамдарды ынталандыру және азаматтардың осал санаттарын әлеуметтік қолдау шаралары дәйексіз ұйымдастырылғанын айтып отыр. Мұның басты себебі ақшаның нақты адамдарға жетуін реттейтін нормативтік актілердің қаражат талан –таражға түскеннен кейін ғана қабылдануында жатыр.  

"Есеп комитеті тексеру комиссияларымен бірлесіп дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бағытталған қаражаттың пайдаланылуын мониторингілеу және аудит жүргізу қорытындысы бойынша 354,5 млрд теңге көлемінде бұзушылықтарды анықтады. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 37,6 млрд теңге, қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану – 316,9 млрд теңге. 30 млрд теңге қалпына келтірілді. 243,2 млрд теңгені Үкімет қысқартты немесе басым бағыттарға қайта бөлді", – делінген қорытындыда.

Есеп комитетінің өкілдері мемлекеттік органдар арасында күнделікті істеуге тиіс қызметтік міндеттерді мемлекеттік бағдарламаларға киліктіру әбден белең алғанын сынға алып отыр. Бұл бір жағынан бағдарламаның тиімділігін төмендетсе, екінші жағынан ақша игеру туралы ақпараттарды бұрмалауға қолайлы тәсіл.    

"Ұлттық жобаларды дайындау, бағдарламалық құжаттардың неғұрлым икемді архитектурасын құру, бюджеттік және мемлекеттік жоспарлаудың өзара байланысын арттыру, реформаларды жобалық басқару бойынша жаңа тәсілдер әлі пысықталмаған", –деп жазылған құжатта.

Мемлекеттік бағдарлама үйлестірушілерінің мақсаттық индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалу деңгейіне көз жұма қарауы да әдетке айналған. Мұндай ұстаным мемлекеттік органдар бағдарлама аясында бөлінген қаржының "игерілуіне" ғана мүдделі екенін көрсетеді.

"Экономиканың жекелеген салаларын дамытуда айқын пайымның жоқ екендігін қолданыстағы бағдарламалық құжаттардың қайта-қайта түзетілетіннен байқауға болады. Кейбір бағдарламаларға бір жылда 3 рет түзету енгізілген", – дейді Есеп комитетінің мамандары.

Есеп комитеті  аудит жүргізген 5 мемлекеттік бағдарламаның жиынтығында 224,2 млрд теңгенің заңсыздығы анықталған. Оның ішінде қаржылық заңсыздықтар – 9,9 млрд теңге, бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану – 214,3 млрд теңге.

Жобалық шешімдерді түзету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің созылуы, жұмыстарды жүргізу кестесінен қалып қою, сот талқылаулары себептерінен инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін бұзу практикасы бұрынғысынша сақталған.

"Өңірлерге республикалық бюджеттен берілетін трансферттер көлемінің тұрақты өсуі байқалады. 5 жыл ішінде 1,8 еседен асады. Бір мезгілде олардың игерілмеу сомасы үш есе ұлғайған. Көбінесе басталған жобалар белгісіз мерзімге тоқтатылып, кейіннен қымбаттата отырып, жобалық шешімдерге түзету жүргізіледі", – деп жазылған есеп комитетінің қорытындысында. Бұл жобаға жауапты органдар мен мердігерлердің сылбырлығына байланысты ма, әлде "тәбеттерінің" күн санап артуына байланысты ма? Ол жағы айтылмаған. Сарапшылар Үкіметке осыған қатты назар аударуды ұсынып отыр.

Квазимемлекеттік сектордың масылдығы

Комитет өкілдері квазимемлекеттік сектордың экономикадағы үлесін азайту шарасы формалды түрде атқарылып жатқанына наразы. Былтыр "Самұрық-Қазына" мен "Бәйтерек" холдингтерінің экономикадағы үлесі 12,2% болған. Бұл 2016 –2017 жылдардағы деңгеймен бірдей.

2016-2020 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары туралы да осыны айтуға болады. Іс жүзінде 490 нысан немесе жоспарланған тізімнің 62% -ы  ғана сатылған. Яғни, жоспардың 38 пайызы орындалмаған.

Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне активтерді бәсекелес ортаға беруден түскен қаражатты сыртқы және ішкі борышты өтеуге пайдалану құқығы берілгеніне қарамастан, олардың борыштық міндеттемелері 2020 жылы азаймаған. Керісінше 2019 жылғы деңгейге қарағанда 14,9% өскен.

Квазимемлекеттік сектор өз табысынан ел қазынасына аударатын дивидентттері 7 пайыз ғана болған. Оператор компаниялар бюджеттен бөлінген несиелерді соңғы алушыға жеткізгенге дейін пайыздар мен комиссиялар түрінде табыс алудан тыйылмай отыр. Олардың негізгі табысы осы арқылы қалыптасып жатыр деуге болады. Есеп комитетіндегілер бюджеттен жылдық мөлшерлемесі 1%-дан кем болып шыққан несиелердің жеке бизнеске 9% мөлшерлеме бойынша беріліп жатқанын анықтаған. Сонда квазимемлекеттік сектордағы операторлар мемлеттің бюджетінен бөлінген несиені  кәсіпкерлерге 9 есе қымбаттатып ұсынып отыр деген сөз.

Ұлттық компаниялар әкімшілік шығындарын қысқартқаны туралы мәлімдемелерді жалықпай беріп жатса да, іс жүзінде оның ешбір тиімділігі байқалмай отыр. Есеп комитетінің дерегіне сүйенсек, әкімшілік шығындардың 58%-ын еңбекақы қоры алып отыр. Яғни топ-менеджерлер мен басшылық лауазымдағы тұлғалар әлі де болса үлкен айлық пен сыйақылардан бас тартпаған деген сөз.

"Негізгі компаниялардың қызметкерлеріне орташа айлық төлемдер (сыйлықақылар, бонустар, сыйақылар) жыл сайын өсіп қана отырған. Жекелеген жағдайларда 1 адамға айына 1,7 млн. теңгеге дейін айналған", – деп жазады комитет сарапшылары.

Квазимемлекеттік сектордың басшылық құрамы айлықтар мен сыйақылар, бонустар туралы сын қоғам арасында қызу талқыланып, сынға алынып жатқанына қарамастан директорлар кеңестерін ұстауға арналған шығыстар жүйелі түрде артып отырған.

"Жекелеген холдингтерде  диреткорлар кеңесін ұстауға кететін шығын 6 жыл ішінде 55 есе өскен. Олардың едәуір үлесі шетелдік азаматтарға тиесілі. Бұл ретте директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мен бонустар төлеу компаниялар қызметінің негізгі көрсеткіштеріне (KPI) байланыстырылмаған. Басшылардың, директорлар кеңесі мүшелерінің экономикалық шығындарға, рентабельді емес шығыстар мен залалдарға әкеп соққан сапасыз және қате қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік енгізу қажет", –деген баға беріліп отыр.

Штатта тиісті мамандар бола тұра, консультациялық қызметтер көрсету үшін бөгде ұйымдарды тарту арқылы ақша игеру де квазимемлекеттік секторда жиі кездеседі.

"Бұл ретте мұндай қызметтерді сатып алу кезінде бірыңғай әдістеме мен консультанттардың құнын, мөлшерлемелерін және жұмыс тапсырмаларын орындау үшін жұмсалатын сағат санын нақты есептеулер жоқ. Жалпы, есепті жылы 25 квазимемлекеттік сектор субъектісінде 16 трлн теңгені қамти отырып, 6 аудиторлық іс –шара жүргізілді. Аудит қорытындысы бойынша 379,8 млрд теңге көлемінде бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 40,7 млрд теңге, активтерді тиімсіз басқару – 339,1 млрд теңге", – дейді мамандар.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу