"Ұлттық қор – балаларға" жобасы кімдерге тиімсіз?

Сарапшы Президент Жолдауында айтылған ауқымды өзгерістерден сырт қалатындарды атады.  

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы кімдерге тиімсіз?

Ұлттық қор инвестициялық табысының тең жартысы балалардың есепшотына түсіп отырады. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылмақ.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Президенттің айтуынша еліміздегі әрбір отбасы ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. 

"Сондықтан мен жариялаған балалар жылының аясында "Ұлттық қор – балаларға" атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор шын мәнінде ұлттық мәртебеге ие болады және халықымыздың игілігіне қызмет етеді. Жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын", – деді Президент. 

Кәмелетке толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға бағытталады. 

Қаржы министрлігі мәліметеріне сәйкес, Ұлттық қор жұмыс істеген жылдардағы жалпы инвестициялық кіріс 25,5 трлн теңгені құрады. Оның 77%-ы, яғни 19,8 трлн теңгесі бағамдық айырмашылыққа тиесілі. Яғни бұл теңгенің құнсыздануынан түскен пайда.

Жалпы сандардан жеке деректерге тоқталсақ, қордың 2021 жылғы кірістілік динамикасына назар аударайық. Өткен жылдың соңында инвестициялық кіріс 916 млн доллар болды.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2021 жылы бағамдық айырмашылықты есепке алғанда қор кірісі 1,7 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде, жыл сайын балаларға арналған арнайы шоттарға 800-850 млрд теңге аударылатын болады.

Бұл ретте әр балаға қанша қаржы аударылатынын есептеп көрейік. Жоғарыда айтылғандай, бағдарлама 2024 жылы басталуы керек.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың басында елде 15 жасқа дейінгі 5,955 млн-нан астам бала бар. Туу көрсеткішінің тұрақты динамикасын ескере отырып, 2024 жылға қарай кәмелетке толмағандар саны 7 млн-ға жетеді деп есептеуге болады. 

Демек, бір балаға төленетін орташа жылдық төлем жылына шамамен 120 мың теңгені құрайды. 18 жыл ішінде шотқа 2,16 млн теңге жинақталады.

Айта кететіні, бұл есептеулер шартты болып табылады. Өйткені қор ресурстарының сарқылып, инвестициялық кіріс көлемінің қысқаруы мүмкін, сондай-ақ бала туу мен көші-қон процестері өзгеруі ықтимал.

Бұл ретте жаңа жобаға қатысты "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаевтың пікірін білдік. Оның сөзінше аталған өзгеріс азаматтардың ұлттық қорға қызығушылығын арттырады. Нәтижесінде, халық қорды басқару тиімділігіне, инвестициялық стратегиясына ерекше көңіл бөліп, ел қаражатын ысырап етуге жол бермейді. 

"Жобаның жақсы жағы – Ұлттық қор тек аты ғана емес, толықтай ұлттық болады, балалар туғаннан бастап, кәмелетке жеткенге дейін түсіп жатқан ақша жиналып жатса, ол ақшаның үстіне қосымша инвестициялық табыс қосылып жатса, 18-ге келген еліміздің ұлдары мен қыздары өздерінің тұрғын үй, білім алу, кәсіп ашу мәселелерін бірден шешуге мүмкіндік алады. Жинақталған ақша бұл мәселелерді толық шешуге жеткілікті болмаса да, халқымызға қайтсе де бір көмегін тигізеді. Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы балаларымызға тиесілі екенін білетін азаматтар ұлттық қордың басқарылу тиімділігіне ерекше көңіл бөледі. Қазіргідей Ұлттық қордан бюджетке трансферт жасауға ел қарсы болады, Үкіметтен сол трансферттерді азайтуды талап етеді", – деді сарапшы. 

Сонымен қатар Мұрат Қастаев жобаның кімдер үшін тиімсіз екеніне де тоқталып өтті.

"Жарияланған шешімнің бір жағымсыз жағы – кәмелеттік жастан асқан баласы бар, не мүлде баласы жоқ азаматтар ұлттық қордың өз үлесіне қол жеткізе алмайды. Сондықтан қоғамның бір бөлігі жобадан тыс қалып, бұл шешімнің олар үшін әділетсіз екенін сезуі мүмкін", – деді спикер. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу