Ұлттық қор қаражатын сақтауға, үнемдеуге тиіс шенеуніктер уәдесінде тұрмады

1299

Мұны Үкіметтің жаңа есебінен көруге болады. 

Ұлттық қор қаражатын сақтауға, үнемдеуге тиіс шенеуніктер уәдесінде тұрмады Фото: inbusiness.kz

Сарапшылар "биліктің балаларды алдап отырғанын" айтып, дабыл қағуда.

Қаржы министрлігі Ұлттық қорға қатысты биылғы жылдың алдын ала қорытындысын шығарды. Сонымен, 2023 жылғы 10 айда Ұлттық қорға (ҰҚ) 3,6 триллион теңге мұнайлық түсімдер түсті.

Бұл қордан Үкімет дәл осы 10 айда 3,7 триллион теңге алып қойды.

Яғни, Президенттің қордағы активтің көлемін 100 миллиард долларға жеткізу тапсырмасына сәйкес, Ұлттық қор қаражатын сақтауға, үнемдеуге және одан мейлінше аз жұмсауға уәде еткенімен, шенеуніктер бұл сөзінде тұрмады. Қордан оған түскен түсімнен көп шығындап отыр.

Дегенмен, инвестициялық кіріс көмекке келді. Ағымдағы жылдың екі тоқсанының, немесе бірінші жартыжылдықтың қорытындысында инвесткірісі 838 миллиард теңгені құрады.

Нәтижесінде, Қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2023 жылғы 2 қарашадағы жағдай бойынша Ұлттық қордың жиынтықты активі 26 триллион 774,8 миллиард теңге болды.

Ұлттық банк 6 қарашаға 1 АҚШ долларының бағамын 465,14 теңге деп бекіткенін ескерсек, Ұлттық қорда бүгінде 100 млрд емес, тек 57 млрд 563 млн доллар ғана бар.

Салыстырсақ, Қаржы министрлігінің алдыңғы, 2020 жылғы тамыздағы есебі бойынша Ұлттық қорда үш жыл бұрын 27 трлн 469,9 млрд теңге болыпты. Бұл – 65,7 миллиард долларға тең еді. Себебі, 2020 жылғы тамызда доллар 418 теңге тұрған. Осылайша, Ұлттық қор толығу орнына құлдырап барады.

Сарапшылар көңілсіз бір салыстыру келтірді. Қазақстанның ЖІӨ-сі шамамен 220 миллиард долларға бағаланады. Яғни, Ұлттық қордың активтері елдің жалпы ішкі өнімінің тіпті 27%-ынан көп аспайды.

Ал "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына" сәйкес, Үкімет "Ұлттық қордың жинақтау функциясын орындау үшін оның азайтылмайтын қалдығын ЖІӨ-нің 30%-ы мөлшерінде сақтауға" міндеттелген еді. Бірақ билік бұл міндетті орындай алмасын түсінді ме, ел Президентінің былтырғы 2022 жылғы 10 қыркүйектегі №1005 жарлығымен, Ұлттық қор активтерінің жалпы көлемін ЖІӨ-нің 30%-ынан төмен түсірмеу міндетін бекіткен аталған тұжырымдаманың күші жойылды. "Әділет" НҚА-лардың ресми ақпараттық-құқықтық жүйесінде жаңа тұжырымдама табылмады.

Біртүрлі бетбұрыстар мұнымен шектелмейді. Сенат "Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңының жобасын қолға алды. Оған сәйкес, Үкімет алдағы үш жыл бойы, жыл сайын Ұлттық қордан кем дегенде 2 триллион теңгеден алып отыратын болады.

Еске сала кетсек, Үкімет Ұлттық қордан алынатын трансферттер көлемін 2018 жылы 1,2 триллион теңгеге дейін азайтуды жоспарлаған еді. Бұл уәдесі де орындалмады.

Оның үстіне Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың түсіндіруінше, келесі 2024 жылы Ұлттық қордан алынатын қаражат 2 миллионмен шектелмейді. Жалпы көлемі 3,6 триллион теңге алынады. Өйткені Сенат қарауындағы заң жобасында көрсетілген 2 трлн "кепілдендірілген трансферт" сыртында, алдағы жылы Ұлттық қордан тағы 1,6 трлн теңге "нысаналы трансферт" алынбақ.

Өткен аптада Мәжіліс депутаттары осыны бекітетін заң жобасын қабылдады. Мәжілісмендер бас шұлғи мақұлдаған бұл нысаналы трансферттерде бір гәп бар. Қордың осы миллиардтары квазимемлекеттік компаниялар мен қорлар арқылы шығындалады, яғни аста-төк қаражаттарды қайда жұмсау мәселесінде олар Үкіметтің келісімін алуға міндетті болмайды.   

Өкінішке қарай, сарапшылардың айтуынша, осының бәрі "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында жас ұрпақтың есепшотына аударылатын азын-аулақ ақшаны одан сайын кеміте түседі.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, әзірге Ұлттық қорға 838 млрд 665 млн теңге инвестициялық кірістер түскен.

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында оның елу пайызы (419,3 миллиарды) балалар арасында бөліске салынуы қажет. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 18 жасқа дейінгі қазақстандықтар саны 7 миллион адамға жетті.

Ендеше аталған соманы оларға үлестіргенде, әрқайсысына небәрі 60 мыңдай теңгеден немесе 129 доллардан ғана келмек. Қазақстанның жас ұрпағына жыл аяқталғанша, Ұлттық қордың инвесткірісі әлі де көбейеді деп үміттену ғана қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу