"Ұлттық қордан балаларға аударылатын алғашқы ақша дайын"

5208

Бір жылда төленетін сома әзірге бір велосипедтің құнындай ғана.

"Ұлттық қордан балаларға аударылатын алғашқы ақша дайын" Фото: inbusiness.kz

Балаларға қанша ақша беріледі?

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастау алады. Алдын ала есептемелер бойынша келесі жылы 18-ге толатын балаларға да сол жыл үшін 160–170 доллар сомасында ақша төленуі керек. Бұл қазіргі бағамда шамамен 80 мың теңге. Бірақ төлем теңгеде емес, доллармен аударылады.

Ал биылғы жылы дүние есігін ашқан сәби басы аман болса, алдағы 18 жылда толық көлемде, яғни бүкіл 18 төлемге қол жеткізеді. Бұл шамамен жалпы сомасы 3,5 мың доллар (1,6 млн теңгедей). Депутаттардың айтуынша, кейінгі жылдары бұл көлемнің мөлшері артуға тиіс.

Аталған сомаға он сегіз жылдан соң не сатып алуға болатыны белгісіз.  

Билік халыққа сенбейтін сияқты. Парламенттегі талқылаулар барысында Үкімет мүшелері өз ұстанымдарында табандады: баланың ақшасы банкте он сегіз жыл жатады. Егер осы уақытта бала ата-анасымен шетелге көшіп кетіп, азаматтықтан шықса, оның ақшасын мемлекет кері алып қояды.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалар арасында үлестіріледі (кей жылдары қордың инвесттабысы болмаған). Ол сома әр жылдағы балалардың нақты санына қарай тең бөлінеді. Ақша әр баланың әлеуметтік жинақтаушы шотына түседі. Ата-аналар ол шоттағы ақшаны баласы 18 жасқа толғанша, мерзімінен бұрын шешіп ала алмайды.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ шотта жинақталатын қаражатқа банк сыйақы есептейтінін айтты. Алайда әр баланың жыл сайын қанша доллардан ақша алып тұратынын биліктегілердің дәл басып айта алмайтынын жеткізді.

"Себебі Ұлттық қордың инвестициялық кірісі бірде оң, бірде теріс жаққа қарай құбылып тұрады. Қаражат көлемі инвестициялық табыс көлеміне байланысты болады. Ол соманы дәл қазір нақты болжап айту мүмкін емес. Осы орайда Президент алдағы жеті жылда Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайтуды жүктеді. Ол да табыстың артуына ықпал етуге тиіс. Ал биылғы инвестициялық табыстың 50%-ы аударуға дайын тұр. Осы заң жобасына Президент қол қойған соң, құжат толық күшіне енеді. Сонда келесі жылдың басында балалардың есепшотына төлем түседі", – деді депутат.

Есепшотты қайда ашуға болады?

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтқанындай, Ұлттық қордан өз балаларына ақша алу үшін ата-аналарға ешқандай банкке жүгірудің қажеті жоқ. Қазақстан азаматы болып табылатын барлық балаға шот автоматты түрде ашылатын көрінеді.

Осы орайда "Ұлттық қор – балаларға" жобасының операторы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бекітілді.

Ал зейнетақы қоры аударатын нысаналы жинақтау төлемдерін есептеу үшін банктік шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті операторлар болып, банктер мен "Қазпошта" акционерлік қоғамы таңдалды.

Азаматтар өз балаларының шотында жинақталған сома туралы БЖЗҚ және eGov "электрондық Үкімет" веб-порталдарындағы жеке кабинеті арқылы біле алатыны айтылды. Осы арқылы қазақстандықтар өз балаларына аударылатын қаражаттың қаншалықты өскенін бақылауға мүмкіндік алады.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтың айтуынша, заңның бастапқы жобасында "Ұлттық қор – балаларға" жобасының қаржылық операцияларына тек екінші деңгейлі банктерді ғана жіберу көзделген. Бірақ 21 банк бүгінде өңірлердегі филиалдарын жаппай жауып, ықшамдалып жатыр. Салдарынан баласы 18-ге толған ата-аналар аудан, тіпті облыс орталығына шабылуға мәжбүр болуы мүмкін.

Сондықтан заң жобасын екінші оқылымда қарау барысында бұл құқықты "Қазпошта" АҚ-ына да беру туралы шешім қабылданды. Нәтижесінде, бұл іске ауылдарға дейін баратын пошташылар жұмылдырылады.

"Бастапқы редакцияда жоба операторы ретінде тек коммерциялық банктер таңдалды. Енді 18 жасқа толған бала егер осы қаржысын баспана жағдайын жақсартуға, ипотека алуға, үй салуға бағыттағысы келсе, онда банктер немесе жергілікті "Қазпошта" бөлімшесі арқылы қаражатын мысалы, "Отбасы банкке" аудара алады", – деді Мәжіліс депутаты.

Қор төлемі мұраға қала ма?

Б.Бейсенғалиевтың түсіндіруінше, егер он сегіз жасқа жетпей, өмірден өтсе, оның қаржысын ата-анасы немесе қамқоршысы алады. Бала жетім болса, жақын туысқандары оның ақшасын мұраға ала алатын болады.

Бұл ретте мұрагерлер көз жұмған баланың кәмелет жасқа толмағанына қарамастан, есепшоттың ашылғанына 18 жыл толуын күтпей, қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға құқылы. Қайтыс болу фактісі оларға осындай құқық береді.

"Құзырлы органдар кез келген жағдайда жақын-жуықтарын, мұрагер бола алатын адамдарды іздейтін болады. Бірінші болып жетсе және жақын туысы болғанын дәлелдесе, онда мұрагер де сол болады. Егер жетім баланың ағайыны болмаса, онда менің ойымша, қаражат барлық бала арасында теңдей таратылатын болса керек. Мұрагер ресми анықталып, танылуы керек. Әдетте ата-анасы, отбасы жиналуы қажет. Егер әкесі мен шешесі ғана болса, жинақ солардың арасында тең бөлінеді. Немесе, олар өздері кімді таңдаса, сол мұрагер болады", – деді Берік Бейсенғалиев.

Қаржыны емдеуге шығындауға бола ма?

Қазақстандықтарды да осы мәселе толғандырып отыр. Өйткені Президенттің алдыңғы жобасы – БЖЗҚ-дағы артылған зейнетақы жинағын емдеуге жұмсау тетігі ел арасында кең танымал құралға айналмады. Кедергілері көп: мемлекет жеткіліктілік шегін екі-үш есе көтеріп жіберді, әрі дәрігерлік комиссиясының рұқсатын алу түрінде бюрократиялық тосқауыл қойылған.

Әсіресе, мүгедектігі бар балалар тұрақты, үздіксіз емдеуге зәру.

"Ерекше қажеттіліктері бар балалар да қордан төлем алады. Бірақ оны олар емдеуге жұмсай алмайды. Біз бұл мәселені ұзақ талқыладық. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі барлар бұл қаражатты емдеу үшін алып тұрғаны жөн деген ұсыныс болды. Алайда бұл санаттағы азаматтарға арналған бөлек бағдарлама бар, олар ай сайын жәрдемақы алады. Жәрдемақы мөлшері биылғы 1 шілдеде 14,5% көтерілді. Сондықтан мына заңда жинақты емдеуге жұмсау қарастырылмайды", – деді депутат Б.Бейсенғалиев.  

Осылайша, заң жобасына сәйкес, президенттік жоба аясында Ұлттық қордан берілетін ақшаны әр бала 18 жасқа толғанда тек екі мақсатқа жұмсай алады: не үй алуға, немесе ақылы білім алуға пайдалануға ғана құқылы.

Ұмыт қалған шоттардың тағдыры не болады?

Ата-анасы не баланың өзі ұмытып кетіп, 18 жасқа толғаннан кейін жинағын алуға жүгінбесе не болады? Депутаттардың түсіндіруінше, шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Осы мерзім түгесілсе және азамат өз ақшасын алуға жүгінбесе, онда шоттағы қаражат автоматты түрде сол адамның зейнетақы шотына аударылмақ.

Егер ата-анасы қарызға батып қалса, онда жеке сот орындаушылары, коллекторлар берешекті баланың осы шотынан өндіре алмайды. Балалардың бұл шоттарын бұғаттауға, олардан қарызды өндіріп алуға және шектеулердің басқа түрлерін қолдануға болмайды. Жинаққа салық салынбайды, түрлі комиссия алынбайды.

Бала қаражатты қолдануға қабілетсіз, мүмкіндігі шектеулі болса, онда жинақты пайдалану құқығы оның ата-анасына немесе қамқоршыларына ұсынылады.

Бала азаматтығынан айырылса немесе ауыстырса, төлемдерден де айрылады. Себебі төлем тек ҚР азаматтарына арналған.

Көгілдір паспортымызға жаңадан ие болған қандастар, шетелдіктер, соның ішінде ресейлік релоканттар да Қазақстанның Ұлттық қорынан ақша ала алады. Мұндай жағдайда төлем отбасыдағы әр балаға 18 жыл емес, тек азаматтық алған жасынан бастап төленеді. Айталық, 10 жасында Қазақстан азаматы атанса, онда ол балаға қалған 8 жылға қордан ақша аударылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу