Ұлттық қорға қол салмау үшін алынатын қаржының жоғарғы шегі белгіленеді

2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге сомасында айқындалды. 

Ұлттық қорға қол салмау үшін алынатын қаржының жоғарғы шегі белгіленеді  Фото: inbusiness.kz

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ доллары,  2025-2026 жылдары барреліне 40,2 – 41,8 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қалпына келтіру үшін 2024-2026 жылдары республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге соммасында айқындалды. Біздің болжамдарымыз бойынша, орта мерзімді кезеңде Ұлттық қордан алып қоюдың жоғарғы шегін белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді", – деп нақтылады министр. 

Мәселен, Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2024 жылы 7,5 трлн теңге, 2025 жылы 8,3 трлн теңге, 2026 жылы 8,3 трлн теңге көлемінде болжануда.

Ұлттық қордың таза қаражаты 2024 жылы 3,9 трлн теңге, 2026 жылы 6,3 трлн теңге көлемінде жоспарлануда.

Трансферттерді жоспарлы пайдалануды, сондай-ақ қорды басқаруға байланысты шығыстарды ескере отырып, Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68,0 млрд АҚШ доллары, 2026 жылы 93,3 млрд АҚШ доллары көлемінде болжанады.

Сонымен қатар 2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заңының жобасын іске асыру мақсатында "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы" Президенттің Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" қаулысының жобасы әзірленген. 

Жобада нысаналы трансфертті 2024 жылы 400 млрд теңгеден 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

"Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының, "Ұлттық қордан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" Заңының және "Ұлттық қордан 2022–2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттер бөлу туралы" Жарлығына өзгеріс енгізу жобаларын қолдауларыңызды сұраймын", – деді министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу