7 қыркүйектен 8 қыркүйекке қараған түні Брюссельде Бельгия құрамасы футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан құрамасымен кездеседі.
Бельгия – Қазақстан матчының тікелей трансляциясы Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады.
Осыған орай Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев алдағы ойынға қатысты пікірін білдірді.
– Бельгияға кеше келдік. Уэльспен өткен матчтан кейін ауыр жарақат пен шығындардың болмағанына қуаныштымын. 7 сағат ұштық. Қазір ең маңыздысы – ойыншылардың функционалдық және психологиялық жағдайын қалпына келтіру. Уақыт аз, сондықтан бапкерлік штаб пен медициналық персонал бірге жұмыс істеп, бәрін қысқа мерзімде орындауға тырысамыз. Ротация арқылы алаңға футболшыларды өз міндетіне сай шығарамыз. Жалпы, команданың да, ойыншылардың да жағдайына көңіліміз толады, – деді бапкер.
ӘЧ-2026 іріктеуіндегі 3 ойыннан кейін Бельгия 7 ұпай жинады. Қазақстан құрамасы 4 матч өткізіп, әзірге үш-ақ ұпай еншілеп отыр.
Әли Әлиевтің командасы соңғы ойында өз алаңында Уэльс құрамасына 0:1 есебімен есе жіберді.